Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Білім берудегі баянды бағдарламалар


9 сентября 2016, 16:32 | 469 просмотров



25 ЖЫЛДЫҢ 25 СӘТІ

Президенттің баспасөз қызметі мен «Егемен Қазақстанның» бірлескен жобасы

«Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың қасында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ. Осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да тәуекелге барамын», деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтты ұйытып, жұртты жұмылдыруының арқасында бүгінгі кемел күнге табан тіредік. Осы кемел шаққа жету жолында Президент қаржы қыспағы бүйірге инедей қадалып, қадамды аштырмай жатқанда, көрегендікпен белді бекем буып, бүгін қиналған жанның ертең сыйланатынына сеніп, 1993 жылдың 5 қарашасында «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындады. Бұл ел тарихына алтын әріппен жазылатын оқиға екені шындық. Себебі, оның нәтижесін қазір көріп те, біліп те, сезіп те отырмыз. Бұдан кейін Мемлекет басшысы «Назарбаев Зияткерлік мектептерін», одан соң «Назарбаев Университетті» ашуға мүмкіндік жасады.

«Болашақ» болашақтың бастауы болды

Құрығы ұзын деген Кеңес дәуірінің шаңырағы опырылып ортасына түсіп, құрсаудағы құлдық сананы тәуелсіздік ұғымы қағып-сілкіп, сірескен қатаң қағи­далар келмеске кетіп, елдің келешегі үшін делінген үлкен жұмыс осыдан 23 жыл бұрын қолға алынып, көптеген талап­ты жас «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдің жоғары оқу орындарында білім алуға талпынды. Елбасының сол бағ­дар­ламасы аясында 1994 жылы бір топ қа­зақ­стандық студент, алғаш рет шетелдік жоғары оқу орындарына жіберілді. 1997 жылы ел дамуының негізгі кезеңі ай­қын­далғаны белгілі. Мемлекет басшысының 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясы ұсынылды. Бұл құнды құжаттың мақсаттары мен міндеттерін тиімді іске асыру үшін «Болашақ» бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Өйткені бел алып келе жатқан нарық талабы ескі сүрлеуді ысырып, жаңа жол сораптарын алға тартты. Осыған байланысты сол жылдың наурыз айында Елбасы Жарлығымен «Болашақ» бағдарламасының Ережесі әзірленді. Онда құжаттарды қабылдау, үміткерлердің біліміне, білігіне қарай іріктеу, үйлесімсіздіктерден арылу, стипендиаттар оқуын толық аяқтаған соң оларды еліміздің мемлекеттік органдарына, ұйымдарына жұмысқа орналас­тыру нақтыланды. 1994-1997 жылдары стипендия негізінен экономикалық және гуманитарлық сала мамандарына берілді. Үміткерлер төрт елде, нақтылай түссек, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Францияда оқыды. Техникалық салаға ден қойған жастар көп болмады. Соған орай, 2000 жылы «Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу ережелерін бекіту туралы» Президенттің Жарлығына сәйкес инженерлік және техникалық білімі барлар шет тілдерінің бірін еркін меңгермесе де конкурсқа қатысу құқығына ие болды. Қоғам дамуының қарқынына, ел өміріндегі өзгерістердің үрдісіне қарай Мемлекет басшысы 2005 жылғы өзінің халыққа Жолдауында «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқитын жастардың санын әр жыл сайын 3 мың адамға арттыруды тапсырып, жастар әлемнің өзге де жетекші жоғары оқу орындарында білім алу қажеттігін міндеттеді. Нарықтық экономиканы орнықтыруда бәсекенің бәсі еселене түсетіні ескеріліп, басым бағыттарға ие индустриялық-инновациялық дамуды жүйелі үйлестіретін, білім мен ғылым, менеджмент, маркетинг, логис­тика, жаңа ақпараттық технологиялар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, өзге де салалардың қыр-сырын ұғатын білікті кадр даярлауды уақыт алға шығарды. Оның үстіне сұраныс та артып келе жатты. Бағдарламаның тиянақты атқарылуын ойластыра келіп, ел Үкіметі 2005 жылдың сәуірінде арнайы қаулы қабылдап, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамын құрып, құжат қабылдау мемлекеттік қызметтер тізіміне енгізілді. Сол секілді, бұрын талапкерлер әлемнің 13 елінде білім алса, енді Шығысқа да бет бұру ойластырылды. Сол арқылы үміткерлер дүниежүзінің 33 мем­лекетінде оқуға қол жеткізді. Олардың қата­рында Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур, т.б. болды. Эко­но­микаға екпін беретін мұнай-газ, энергетика, биотехнология, мемлекеттік басқару тәрізді мамандықтарды оқыту бір жүйеге түсті.

Сонымен «Болашақ» бағдарламасының өткен жылдардағы кезеңін қысқаша бес толқынға бөліп тұжырым айтар болсақ, 1994-2004 жылдары мемлекеттік басқару, дипломатия, сауда саласы бойынша 785 студент оқыды. Екінші толқын – 2005-2007 жылдарды қамтиды. Бұл тұста 2574 стипендия бөлінгенін еске сала кетейік. Үшінші толқын, яғни 2008 жылдан бас­тап қаладағы ғана емес, елді мекендердің де бәсекеге қабілеттілігін арттыру бо­йынша Президенттің тікелей тапсырмасымен ауыл жастарына жол ашылды. Төртінші толқында – бакалавриатқа оқыту тоқтатылды. Есесіне, жұмыс берушінің сұранысына қарай маман дайындау жолға қойылды. 2012 жылдан тағылымдамадан өту бағдарламасы негізінде инженерлік-техникалық, медицина, педагог қызметкерлер санатын кең ауқымда қамту өз шешімін тапты. Сонымен бірге шетелдердің жоғары оқу орындарын бітірген жастар өз елімізде 5 жыл еңбек ету де дәйектелді. Бесінші толқында (2014-2016) үміткерлерді қабылдау кезінде сапаға баса назар аудару, іріктеуде мөлдірлікті сақтау, шетел және мемлекеттік тілді білу талап етіліп, магистратура бағдарламасына орай, мәдениет және БАҚ қызметкерлерін де оқыту бас­талды. 2015 жылдан бастап ағылшын тілін өз Отанымызда оқытуды көздейтін «6+6» тілдік даярлаудың жаңа моделі іске қосылды, магистратура және докторантура бағдарламасы қолжетімді болды. БАҚ дегенде журналистер қауымы ойға оралатыны анық. Өзгелер секілді журналистер де уақыт талабына сай, бәсекеге қабілетті болу керектігі ойлантып жүретін. Енді ол да «Болашақ» бағдарламасы аясында жүзеге асу үстінде. Әріптестеріміз осы мүмкіндік негізінде біріншіден, шет тілін меңгеруге, екіншіден, өзге жұрттардағы басылым тәжірибесін үйреніп қана қоймай, мол тағылым алуына жағдай туды.

«Болашақ» бағдарламасы жұмыс істей бастаған ширек ғасырға таяу мерзімде стипен­диаттардың ұзын саны 12040 құрады. Шетелде оқитын жастарға 2005-2016 жылдары 11255 орын бөлініпті. Мұның 3379-ы бакалавриатты, 5581-і магис­тра­тураны, 36-сы аспирантураны, 87-сі кли­никалық ординатураны, 248-і докторан­тураны бітіріп шықса, 1661 адам тағы­лымдамадан өткен. Бітіру­ші­лердің 97,3 пайызы қызметке орнала­сыпты. 2016 жылы «Болашақ» бағдарла­масымен оқи­тын талапкерлерге 700 стипен­дия қа­рас­тырылған екен. Биыл өткен Рес­пуб­ли­калық комиссияның екі отырысының ше­шімімен 313 жас стипендияға ие болыпты.

«Мен ештеңеге қарамастан жастарды әлемнің үздік университеттеріне жіберу туралы шешім қабылдадым. Және де мен қателеспеппін. ХХІ ғасырда болашақты болжау емес, оны жасау керектігі анық болды. Болашақ жаман немесе жақсы бола алмайды. Ол біз қалай жасасақ солай болады», деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ» түлектерімен дидарласып тұруды дәстүрге айналдырып келе жатқаны белгілі. «Болашақ» бағдарламасының 15 жыл­дығына орай елордада өткен алқалы жиын­да «Қазіргі шындық мынандай: бүгінгі мемлекет өзінің интеллектуалды ресурс­тарымен бәсекеге түседі. Дамыған ел­дердің ұлттық байлығының 75 пайызы осы интеллектуалдық капиталды құ­райды. Бәсекенің бастысы – білім бә­секесі»,-деді. Одан соң «Интеллек­туалдық ұлт-2020» ұлттық идея туралы ой өрбіте келіп, «Идеяның басты мақсаты – жаңа қазақстандықтарды тәрбиелеу. Елді адам капиталы арқылы бәсекеге қабі­летті ету. Ол үшін біріншіден, білім жүйе­сінің инновациялық дамуына жол ашу керек», деп байлам жасаған болатын. Ал халықаралық бағдарламаның 20 жыл­дығында өркен жайған еліміздің жақсы істеріне жастардың, әсіресе болашақ­тықтардың көп үлес қосып жатқанын тарата айтып, «Болашақ» стипендиат­тарының барлығы «Шанхай рейтингінің» ондығына кіретін әлемнің жетекші университеттерінде білім алуда. Мұның бәрі «Болашақ» бағдарламасының жоғары нәтижелілігін білдіреді. Әлемдік ғылым, білім орталықтарында оқу арқасында елімізде жас ғалымдардың, педагогтардың, менеджерлердің жаңашыл ортасы өсіп-жетілуде», деп бұл бағдарлама еліміз бо­йынша білім беру жүйесінің локомотивіне айналғанын алға тартқан еді. Сол алқалы жиындарда болашақтықтар Елбасы қам­қор­лығын ерекше атағаны есте. Мысалы, дәрігер Дмитрий Горбунов алғашқы сти­пендиаттардың бірі екенін тілге тиек етіп, 2003 жылы Елбасы ашып берген Ұлттық орталықта қызмет ететінін, кейінгі кезеңде ол мекемеде 2 мың адамның жүрегіне күрделі операция жасалғанын, өзі 160 азаматты қатарға қосқанын жеткізсе, жиырма жылдықта сөз алған ғалым Аманқос Мектептегі: «Президенттің «Болашақ» бағдарламасы тек жастарға ғана емес, біз секілді кеңес дәуірінде білім алғандардың да өзге елдерде оқуына мүмкіндік жасады», деді. Заңгер Диас Ибрашев: «Шетелде оқу арқылы өзге елдердің заңдарын терең білумен қатар, отандық заңдарымызбен салыстыра отырып зерделей аламыз. Мұның өзі Қазақ елінің бірте-бірте өркениет жолына түсе бастағанын, Елбасы айтқан тапсырмаларды орындауға негіз қаланғанын дәйектейді», деген еді. «Болашақтың» тағы бір талантты түлегі Саясат Нұрбек: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» бағдарламасы аясында атқарылған істерге болашақтықтар өз үлестерін қоса бастады. Бұл бағдарлама ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырып қана қоймай, әдемі дәстүрді орнықтырып отыр деген болатын.

Шынында, «Болашақ» түлектері қазір ел мен Елбасы сенімін батыл ақтауда. Мемлекеттік құрылымдарда, ұлттық компанияларда, өңірлерде ондап емес, жүздеп қызмет етеді. Белді министрлік тұтқасын ұстаған азаматтар да баршылық. Алматы (Б.Байбек) мен Астана (Ә.Исекешев) қала­сының әкімдері де «Болашақ» стипендиат­тары. Осы арада Мемлекет басшысы: «Біздің буын өзінің мойнына түскен ауыр жүкті тік көтеріп, тәуелсіздікті орнатты. Болашақта оны алып жүру сіздердің еншілеріңізге бұйырады», деген сөзі ойға оралады.

Зеректерге арналған зияткерлік мектептер

Ұлт жақсысы, Алаш рухты Ахмет Бай­тұрсынұлы 1913 жылы: «…әуелі біз елді тү­зеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауы­мыз керек», деген екен. Осы ғасырда Көш­­бас­шымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бола­шақ­та еңбек етіп, өмір сүретіндер бүгінгі мек­теп оқушылары», деді. Мұны ұлт, ұр­пақ мәселесіндегі үндестік деп білгеніміз абзал.

Мемлекет басшысы 2009 жылы «Ұлттық интеллектінің діңгегін құру қажет, Қазақстанның интеллектуалды элитасын тәрбиелеудің іргетасы болуға қабілетті мектептер құру» деп бәсекеге төтеп бере алатын, өмірге өзіндік белсенді көзқарасы бар жоғары білікті жеке тұлғаны тәрбиелеу, мектеп қабырғасынан бастап оқушыларды ғылыми зерттеу және тәжірибелік қызметке қатыстыру, қазақстандық және әлемдік білім жүйесінің озық үлгісіне сәйкес жалпы орта білімнің инновациялық моделін жасау керектігін айтқан болатын. Осының негізінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің интеллектуалды мектептерінің даму стратегиясы жасалды. Оны «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің 20 интеллектуалды мектептері» серпінді жобасы аясында іске асыру көзделді. Стратегияның бас­ты мақсаттары, бірінші – инновациялық білім беру моделін жүзеге асыратын интеллек­туалды мектептер жүйесін құру және дамыту; екінші – жоғары білім сапасын қамтамасыз ететін қазақстандық және халықаралық білім беру стандарттарымен сәйкестендірілген физика, математика және биология бағыттарын қамтитын инновациялық модель әзірлеу; үшінші – жаңа білім беру моделіне сай кадр потенциалын қалыптастыру; төртінші – халықаралық стандарттарға орайлас мектепті басқарудың жаңа моделін құру (ұйымдық әкімшілік, қаржы-шаруашылық); бесінші – қазақстандық және шетелдік білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты өрістету; алтыншы – жинақталған жағымды тәжірибені Отанымыздың басқа жалпы орта білім мекемелеріне тарату.

Назарбаев зияткерлік мектептері – ғылым, білім, экономика және саясат саласында дарынды балаларға арналған таңдаулы оқу желісі десек, бұл алда айтқан екі модель, яғни жаратылыстану – математика, физика, химия, биология пәндерін тереңдетіп үш тілде оқытады. Екінші модель де сол тәсілмен халықаралық бакалавриат бағдарламасы бойынша білім береді. Бұл әдіс 35 жылдан астам тарихы бар, дипломын әлемнің 102 елі қолдап, 1300-ден ас­там университеті мақұлдаған Оксфорд, Гар­вард, Кембридж, Иель, Сорбонна, Лондон­ның экономика мектебі сияқты аттары әлемге әйгілі білім ордаларында орнық­қан екен.

Елбасы белгілеп берген нақты бағыттар бойынша жан-жақты әзірлікпен басталған іс көп кешікпей Отанымыздың жас ұрпағына білім беруді жүзеге асырды. Бірінші интеллектуалды мектеп 2009 жылы Астанада бой көтерді. Оның тұсаукесер рәсіміне Елбасы өзі қатысып, «ХХІ ғасыр білім мен ғылым ғасыры болады. Сарқылмайтын, терең бойлаған сайын еселеп арта беретін бір байлық бар, ол – білім. Ал білім негізі – мектепте», деп үлбіреген ұл мен қызға ақ батасын берді. Содан бері де біраз жылдың жүзі болды. Алға қойған мақсат – Отанын шын сүйетін патриоттар, көп тіл білетін, креативті және сыни тұрғыдан ойлайтын, саламатты өмір салтын ұстайтын, сауатты әрі жауапкершілікті жақсы сезінетін ұрпақ қалыптастыру болса, бұл қазір өз шешімін тапты деу­ге негіз бар. Сөзіміз жалаң шықпас үшін нақты мысалдарды алға тарталық. Назарбаев зияткерлік мектептерін бітірген түлектер саны 5256-ны құрапты. Оның әрбір үшіншісі үздіктер қатарынан табылса, 65 пайызы өте жақсы, жақсы деген баға алыпты. 15 пайызы бір ғана пәннен 4 деген баға алып қалған. Әр жылы 12 сыныпты аяқтағандар IELTS тәсілімен сынақ тапсыру үрдісін қалыптастырған. Биылғы түлектердің 52 пайызы 6 балдық көрсеткішпен көзге түсіпті. Бұлардың 89 пайызы өз Отанымыздың жоғары оқу орындарына, 4 пайызы ТМД, өзге де мемлекеттердің университеттеріне қабылданған. Білімі үздік, тілдерді жетік меңгерген 108 талантты жас Оңтүстік Корея, Гонконг, Венгрия, АҚШ елдерінің оқу грантын жеңіп алса, 114 дарынды түлек бір емес өркениетті елдердің екі жоғары оқу орнының грантын иеленген, 14 өрен жүйрік әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттердің 3 грантының жеңімпазы атаныпты. Бұл көрсеткіштер зияткерлік мектептердің қол жеткен табысын көрсетері анық.

Елдің ықыласына бөленіп, алғыр жастың бабын келтіріп, бағын ашқан зияткерлік мектептерде өз жұртымыздың 2442 таңдаулы ұстаздары сабақ береді екен. Олармен бірге 244 шетелдік мұғалімнің қызмет етіп жүргенін айта кетелік. Мұғалім уақыт талабына қарай білімін жетілдіріп отыру керек десек, бұл тұрғыда тек биылдың өзінде 306 педагог өздерінің шеберлігін шыңдапты. 168 ұстаз модератор деңгейіне көтерілсе, 97 мұғалім білікті сарапшы, 6 оқытушы жоғары дәрежелі зерттеуші мұғалім деңгейіне жетіпті. Тағы бір атап айтарлық нәрсе, Назарбаев зияткерлік мектептері – үш тілді білім беру тәсілін әлемдік тәжірибеге сай жүргізіп келе жатқаны бірден бір білім мекемесі. Білім ұясында тіл білу мәселесі жүйелі шешімін тауып, әр сабақтың өту барысында, сөйлеу мен тыңдау, оқу мен жазу тиянақты жүргізу үрдісі қалыптасқан. Содан да болу керек, оқушылардың үш тілді терең біліп жатқаны. Заманауи мектепке оқушыларды қабылдау конкурстық негізде жүргізіледі. Сынақ дербес білім беру ұйымының Citо мен CTY орталықтарымен бірлесіп әзірлеген жаңа жүйе негізінде өткізілетінін назарға сала кетейік.

Айналасы он жылға толмаған уақыт ішінде Назарбаев зияткерлік мектеп­тері жүйесіне кіретін 20 білім ұясы Отаны­мыз­дың барлық өңірінде қазір жас ұрпаққа білім беріп, тәрбие үйретіп келеді. Бұл білімге ұмтылған ұл мен қызға жасалған керемет қамқорлық екені сөзсіз.

Елдегі ерекше университет

Тәуелсіз мемлекеттің алдағы даму бағдарын айқындап берген Президент өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Екі жетекші инновациялық кластерді – Назарбаев Университетті және Инновациялық технологиялар паркін дамытуды жалғастыру керек», деген болатын. Қазір сол Назарбаев Университет ұлттық брендке айналды деуге болады. Елбасының тікелей бастамасымен, жіті қамқорлығымен шаңырақ көтерген, әлемдік деңгейдегі білім мекемелерімен иық тірестіре бастаған айтулы оқу орны қазақ топырағында бұрын қалыптаса қоймаған элиталық жоғары оқу орны деңгейіне көтерілді. Өткен белестеріне, бүгінгі көтерілген биігіне назар аударсақ, іргетасы 2009 жылы қаланып, алыс-жақын шетелдерге бармай-ақ өз Отанымызда әлемдік стандарт деңгейіне сай білім беруге, ғылыми зерттеулерге негізделген университет 2010 жылдың күзінде алғашқы талапкерлерге есік ашты. Сол жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі «Назарбаев Университетінің» мәртебесі туралы заң қабылдады. 2011 жылы университет құқықтық мәртебесін өзгер­тіп, «Назарбаев Университет» дербес бі­лім беру ұйымы» деп аталды. Дәуір тала­бына сай күшті ғылыми құрылымы бар білім ордасына үздік ұлттық және халық­аралық оқытушылар мен зерттеушілер шақы­рылып, оларға оқыту базасы жақсы жарақ­талған мекемеде шығармашылық жұмыс­пен айналысуға барлық мүмкіндік жасалды. 2015 жылдың маусымында Назарбаев Универ­ситет өзінің алғашқы түлектерін қанаттан­дырды. 380 бакалавр мен 142 магистрант универ­ситеттің дипломдарын алды. Өткен жыл­дың күзінде оқу орнында Медицина мек­тебі жұмысқа кірісіп, желтоқсан айында «Қазақстан Республикасы Білім беруді дамы­тудың 2011-2020 жылдарға арналған мемле­кеттік бағдарламасын бекіту туралы» Президент Жарлығына орай, Үкімет Назар­­баев Университет дербес білім беру ұйы­мына зерттеу университеті мәртебесін берді.

Университеттің бүкіл тыныс-тіршілігін Мемлекет басшысы өз бақылауында ұстап келеді. Жолы түскен сайын білім беру, ғылым үйрену, тәрбие тағылымы жайлы кеңесіп, қол жеткен жетістікке дән ризалығын білдіріп, алда тұрған ауқымды міндеттерді шешуді ойластырып келе жатқаны мәлім. Сондай бір әдемі жүздесу биыл да маусым айында болды. Оқу орнын бітіріп шыққан түлектерге диплом тапсыру рәсіміне қатысып, үстіміздегі жылы 638 маман үлкен өмір жолына шыққанын жеткізіп, «Университет әлемдік деңгейдегі ғылым және білім беру орталығы болып қалыптасқанын бәріміз мақтан етеміз. Оның үстіне, студенттер үшін оқу тегін. Назарбаев Университетте білім алу құны бакалав­риат бағдарламасы бойынша – 4 жылда орта есеппен 87 мың доллар, магистратура үшін 36 мың доллар болды. Бұл шығыстардың барлығын мемлекет өтейді, өйткені бізге кадрлар өте керек», деген еді. Өз елімізде дайындалған мамандарға шетелде қанша қаржы шығын болатынын еске салып, «Мемлекет оқу ақысын, стипендия және көлік шығындарын төлейді. Бұл – орасан мол қаржы. Мәселен, «Болашақ» бір магистрді оқытып шығудың құны Ұлыбританияда – жылына 55 мың доллар, АҚШ-та екі жылда – 136 мың доллар. PhD бағдарламасы бір докторант үшін Ұлыбританияда төрт жылға – 200 мың доллар, АҚШ-та бес жылда 400 мың доллар тұрады», деп нақты дәйектер келтіріп, мемлекетіміз білім алуға талпынғандарға үлкен қамқорлық көрсетіп жатқанын айтқан болатын.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осындай озық идеясының арқасында қыруар қаржы үнемдеуге болатынын жоғарыдағы баға деректері айқындайды. Оған қоса күні ертең алдыңғы толқынның ізін басып, ісін ілгері апаратын ұл мен қыз, олардың ата-аналары, ендігі жерде өзге елдің білім беру мекемесіне емес, отандық Назарбаев Университетке түсуге талпынатыны, үмітін үкілеп, арманына қанат етіп байлары хақ. Жалпы, Назарбаев Университеттің стратегиялық мақсаттарына көңіл аударсақ, бірінші – Отанымыздағы білім беру жүйесін реформалаудағы көшбасшылық, бұл дегеніміз, жинақталған әлемдік тәжірибені қазақстандық жоғары оқу орындары мен зерттеу орталықтарына таратуды қамтамасыз ету; екінші – академиялық көшбасшылықты дамыту және оны қолдау арқылы уни­вер­ситеттің алға қойған мис­сиясына жету; үшінші – ғылыми көшбас­шылықта төрткүл дүниенің айтулы ғалым­дарымен және зерт­теу орталықтарымен әріптестікті, әлемдік деңгейдегі ғылыми зерттеу жүйесін орнық­тыру; төртінші – денсаулық сақтау саласында қызмет көрсету моделін жасау, оны Қазақстанның денсаулық сақтау ісін­дегі қызмет көрсету моделі ретінде қалып­тастыру; бесінші – инновациялар және ғылымды өндіріске енгізуде елдегі иннова­циялық негізгі қозғау­шы күші болу, мұны­мен бірге, Астана­ның өңірлік инновациялар орталы­ғына айналуына іргетас қалау. Міне, қандай келелі істер алға қойылып отыр.

Университеттегі студенттердің жалпы саны 3 916 екен. Биыл 1 200 талапкер қабылданыпты. Оларға 300-ге жуық профессор, нұсқаушылар, оқытушылар білім береді. Оқитын мыңдаған жастарға да, қызметкерлерге де барлық жағдай қарастырылған. Оқу базалары әлемдік деңгейде жарақталған. Маман дайындау ісі бакалавриат, магистратура, докторантура бағдарламалары бойынша жүргізіледі. Айталық, бакалавриат: инженерия, ғылым және технологиялар, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі жүйесінде жүргізілсе, магистратура: жоғары білім беру, жоғары мемлекеттік саясат, жоғары бизнес, инженерия, ғылым және технологиялар, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, медицина мектептерінде орындалып келеді. Ал докторантура: жоғары білім беру, инженерия, медицина мектептерінде жүзеге асу үстінде. Сол секілді, ғылыми-зерттеу орталықтарының өзі бір жатқан әлем деуге болады. Онда өмір туралы ғылымдар, энергия үнемдеу, денсаулық сақтау, өзге де алуан түрлі ізденістер «Nazarbayev University Research and Innovation System», «National Laboratory Astana», басқа да орталықтарда адамның ақыл-ойы мен заманауи техника, технологияның көмегімен атқарылып, оның нәтижелері өндірісте, өзге де тиісті орындарда өз нәтижесін көрсетіп келеді. Назарбаев Университеттің стратегиялық даму моделі әлемнің үздік 30 университетінің рейтингіндегі жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестікке негіз­делген. Білім ордасының алда айтқан әр мектебі мен зерттеу орталығы дүние жүзінің төмендегідей жетекші универси­теттерімен және ғылыми орталықтарымен серіктестікте жұмыс істеуде. Мәселен, University College London (Ұлыбритания) – Инженерия мектебінің әріптесі, ал University of Pittsburgh (АҚШ) – Медицина мектебінің, National University of Singapore, Lee Kuan Yew School of Public Policy (Сингапур) – Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің серіктесі болып саналады. Бұдан өзге де әріптестер баршылық.

Биыл аталмыш оқу орнында болғанда Елбасы: «Ширек ғасырда біздің Отанымыз барша қазақстандықтар еңбегінің арқа­сында бұрын-соңды болмаған жетістіктерге қол жеткізді. Бірқатар жаһандық рейтингтер көрсеткіштері бойынша, Қазақстан қазірдің өзінде дамыған 50 елдің қатарына қосылды. Бүгінде біздің алдымызда бұрынғыдан да ауқымды міндеттер тұр. Әлемнің дамыған 30 елі қатарына қосылу жөніндегі өршіл мақсатқа жету үшін «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары жүзеге асырылуда», деді. Шынында, ширек ғасыр ішінде көтерілген белес, шыққан биік азаттық қолға тиген жылдары «Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар», деп жар салған Көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың тынымсыз тірлігінің, қажырлы қайратының, ерен еңбегінің жемісі мен жеңісі екені анық.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылғы ұлтымыздың ұйытқысы саналатын Ұлытау төрінде берген сұхбатында, «Біз­дің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп, тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білу керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емес­піз» дей келіп, «Ұрпақтар бірінің жолын бірі жалғайды. Ол жол – сара жол, Мәң­гілік Елдің жолы!», деген еді. Сол Мәң­гілік Елдің – Мәңгілік жолында атқарылған ел дамуының мықты тұғырына айналған, алда тарата айтқан білім берудегі баянды бағдарлар азат елдің өміріндегі айтулы оқиға екені сөзсіз. Бұл жұмыс ел тарихында өз таңбасымен қалатыны ақиқат.

Автор:
Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто