Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ИСЛАМ ДІНІ - ТЕРРОРИЗМГЕ ҚАРСЫ!


23 сентября 2016, 10:41 | 454 просмотра



Терроризм – бұл қылышынан қаны тамып тұрған зұлмат. Терроризм барлық түр­лері және көрініс­тері­мен, ауқымы және қарқын­дылы­ғымен, зұлымдығы және қані­шер­лігімен бүгінгі заманда ең өткір мәселеге айналды.

Бүгінгі таңда лаңкестік әрекеттер ауқатты дамыған елдерде де, жағдайы төмен кедей елдерде де орын алып отыр. Терроризмнің өріс алуы кез келген елдің әлеуметтік жағдайына қатысты емес, дінмен де үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Ол – өне бойы жауыздыққа толы індет.

Соңғы кездері экстремистер бей­бітсүйгіштікке, ұстамдылыққа баулитын және өзге діни көзқарастарға тү­сіністікпен қарауға тәрбиелейтін ислам дінін ушықтыруға, басқа өр­ке­ниеттермен қақтығыстыруға талпынуда, осы арқылы тек дінаралық тату­лықты емес, сонымен қатар мұсыл­мандар арасында да іріткі салуда.

Біздің пікірімізше, ислам фунда­ментализмі, яғни, салафизм идеологиясы діни радикализмінің пайда болуы­на қатты ықпал етуде. Бұл жат идеологияны жақтаушылардың көз­қарастары мен ұстанымдары зайырлы қоғамда емін-еркін өмір сү­ретін дәстүрлі исламмен сәйкес келмейді.

Сондықтан фундаменталис­тер ха­нафи мазхабындағы дәстүрлі ді­ні­мізді ұстанушыларға ғасырлар бойы қалыптасқан күнделікті салт-дәс­түрі­мізден безіп, олардың айдауында өмір сүруімізді талап етуде.          Террористердің қауіптілігі сонда, қой терісін жамылған қасқыр іс­петтес, қасиетті Құран аяттарының үзінділерін тілге тиек етіп, өздерінің көздеген арам пиғылдарын іске асыру үшін діни құндылықтарды бұрмалауда.

Алайда терроризм және ислам – бір-біріне түпкі тамырынан бас­тап қарама-қайшы және бірін-бірі жоққа шығаратын көрініс. Дегенмен, бүгінгі таңда халықаралық терроризм исламмен байланыстырылады, осы арқылы ұлтаралық алауыздық және діни төзімсіздік туындайды.

Террористерде не аяушылық, не адамгершілік қасиеттер жоқ. «Терроризм» сөзі – араб тілінде «ирхаб», яғни, «қорқыту, үркіту» деген мағынаны білдіреді. Терроризм өз нысанасына бейкүнә адамдарды таңдап, балаларды аяусыз өлтіреді, оларды ата-аналарынан айырып, жетім қылдырады.

Бүгінгі таңда халықаралық терро­ризм және діни экстремизм асыл ді­ні­міз – исламға да залалын тигі­зуде. Террористер – Құранның негізгі қағи­даларын да білмейтін діни сауатсыз адамдар. Зорлық-зомбылықтың барлық түрі Ислам нанымына қайшы келеді. Алла тағала адамдарға өзі бел­гі­леген шектен шықпауды бұйырды және жерде зұлымдық жасауға, әділет­сіздікке, зорлыққа, өлтіруге және қан төгуге тыйым салды.

Діни терминдерді және идео­ло­гиялық алғышарттарды ұтымды пай­далана отырып, экстремистік ұйымдардың мүшелері өздерінің насихаттау қызметінде географиялық және әлеуметтік ортаны кеңейте білді.

 Елбасымыз «Сындарлы он жыл» атты кітабында былай деп атап өтеді: «Фундаменталистер тарапынан болатын шетін агрессиядан немесе тұрақсыздықтан қауіптеніп, діннің өзіне, Ислам дініне қатысты қатал саясат ұстану, менің пайымдауымда мәнсіз де мағынасыз тірлік». Бұл орайда Қазақстанның Тұңғыш Президенті былай ескертеді: «Бұл жағдайда да қауіп-қатердің зоры, Сенімді жору мен Сенімнің өзінің ара­сындағы айтар­лықтай айырма­шылықтың ескеріл­меуінде болса керек». Яғни, әр дінде адамдық қажет­тіліктермен және мақ­­­сат­тармен нақты адамдар тұр деп тү­­сінген жөн, олар негізгі діни жорамалдармен санаспайды.

Бұл мәселеде Мемлекет Басшысы діни экстремизм құ­былысына алдын алу саясаты мен алдын алу әрекеттерінің түрлі нұсқалы әдістемесі тұрғысынан мұқият қарауға шақырады.

Аталған жағымсыз құбылыстың айқын қауіп тудырып отырған жағ­да­йында барлық дін қыз­мет­керлерінің, әсіресе, Қазақ­стан мұсылмандары діни басқар­масы­ның, осы бағыттағы біліктілігін жоғарылата отырып, ор­тақ іске жұмылдыру қажет. Уақыт өз талабын қояды.

Біз Ислам дінін үйренгенде бір­беткейлік пен асырасіл­теу­ші­ліктен бойын аулақ ұстайтын парасатты мұсылман тұлғасын тәрбиелеуге мүдделіміз. Біздің дәстүрлі дініміз ата-бабамыздың көп ғасырлық да­налығына не­гізделген. Ұлы Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп ұс­танған қазақ­тардың дәстүрлі мұсыл­ман­дығында басты негіз ретінде соқыр сенім емес, ақыл-парасат алынған.

Ең бастысы – біз қоғамда діни экстремизм және терроризм идеяларын қабылдамайтын жағдай жасауымыз керек. Бұл – біздің ортақ міндетіміз.

Автор:
Р.Байжан – аудан әкімі аппаратының терроризмге қарсы мәселелері жөніндегі инспекторы.


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто