Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«Ұстаз ұлттың ұлағаты, елімнің ұлы аты»


17 октября 2016, 09:37 | 353 просмотра



Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім  барлық  мамандық   иесін  тәрбиелейтін,  оқытып  үйрететін  мейірімді абзал  жандар.

«Мұғалім  мамандығы – барлық  мамандықтың  анасы»  демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз  берген  тәрбие  әрбір  жанның  өміріне  жол  сілтер  шамшырақ  секілді.

Ғылым  иесі  ғалым  да,  ел  қорғаған  батыр  да, тілінен  бал  тамған ақын  да,  тегеуріні   темір   балқытқан   жұмысшы  да, егін  салған диқан да, мал  бағып   терін   төккен  шопан  да, көк  күмбезінен  әрі  өткен ғарышкер  де  бәрі-бәрі  ұстаздан  білім,  тәлім  алған. Сондықтан ұлағатты  ұстаздарға  бүкіл  адам баласы  құрметпен  бас  иеді.

«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» - деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегі ерен. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару - екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. Орыс ойшылы Анатолий Луначарский айтпақшы, «ұстаз – бұл жас ұрпақтың бойына ғасырлар бойы жинақталған барлық асылдарды сіңіруші, ал оларды соқыр сезімдерден, жамандықтардан және жұқпалы мерездерден аулақтатушы адам». Ал қазақтан шыққан қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов «мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Осыдан-ақ, ұстаз деген – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен биік тұрады.

Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған.

Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Жылда жаңа оқу жылымен қатарлас келетін Ұстаздар күні де күздің үлесіне тиіпті. Осыған орай, қазан айының 6-шы жұлдызы, «Ұстаздар күніне» арналған Жайнақ батыр ауылдық округі әкімі А.О.Баяділов пен әкімшілік аппаратының бастамасымен, Жаңалық орта мектебінің қатысуымен «Ұстаз ұлттың ұлағаты, елімнің ұлы аты» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды. Кеш  ауылдық округ әкімі А.Баяділовтың  алғашқы сөзімен ашылды. “Сіздерді Ұстаздар күні ме­рекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ұстаздар күні – бұл дәстүрлі әрі бүкіл­ халықтық мереке десек артық айтқандық болмас. Ұлы ғұла­ма­лардың да ұстазы болған. Абыройлы міндетті ақаусыз атқарған мұғалімді халқымыз қашанда ерекше құрмет тұтқан. Ұстаз­дың әр адам жүрегінен алатын орны айрықша, қолына қалам ұстатып, алғаш әліппені үй­реткен мұғалімін жылылықпен еске алмайтындар кемде кем. Ұстаздарымызға арнап басымызды исек те артық кетпегеніміз болар ”, дей келіп, – құттық­тау­да Ұстаз сөзінің қа­сиетті ұғымдардың қатарынан орын алуының өзінде үлкен мән жатқандығын атап өтті. Сонымен қатар,  кеш қонақтарын зейнеткер ұстаз Д.Тоқпақова өз кезегінде ұстаздарды мерекелерімен құттықтап алғысын білдірді. Ұстазға арналған мерекенің адам­заттың даму тарихында қашан да болса алар орны бөлек. Осы ұстаздарымыздың құрметіне Жаңалық орта мектебінің оқушылары өздерінің жүрек жарды өлеңдерін оқып, ұстаздарды мерекелерімен құттықтаса, ауылдық округ әкімі А.Баяділов ардагер ұстаздар мен округімізде білім беру жолында табысты болған ұстаздарды мадақтама грамоталары мен бағалы сыйлықтармен марапаттады. Мерекелік кешті арнайы шақыртылған Кербұлақ аудандық Ә.Сарыбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпаздарынының концертімен жалғасын тапса, кеш соңында құрметті ұстаздар арнайы дайындалған мерекелік дастарханнан дәм татты.

Автор:
Н.Хамитова Жайнақ батыр ауылдық округі, әкімі аппаратының қызметкері


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто