Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Талдықорғанда «ЭКСПО 2017-ге» қатысушы волонтерлер іріктелді


17 октября 2016, 03:44 | 3 665 просмотров



Бүкіл Қазақстан халқы үлкен үмітпен әрі жарқын сеніммен күтіп отырған бірден-бір айқын шара – келер жылғы Экспо 2017 болып табылады. Осыдан 4 жыл бұрын Париж қаласында бекітілген шешім бойынша 2017 жылы Астанада Халықаралық көрме өтілмек. Оған әлемнің жүздеген мемлекеттері қатысып, өзіндік жаңа идеялар мен технологияларды алға шығарады. Ал көрме өтетін ел ретінде шетелдік қонақтарды күтіп алу – еліміздің тікелей міндеті. Бұл орайда шара барысында шетелдіктермен жұмыс жасай алатын белсенді жастар көмегі керек-ақ. Оларды ресми түрде еріктілер, яғни волонтерлер деп атайды. Қазақстанның әр облысында еріктілерге іріктеу жүргізіліп жатыр. Қазан айының 8 жұлдызында Талдықорған қаласы Жастарға қызмет көрсету орталығында кезекті іріктеу кезеңі өтті.

Еліміздің түкпір-түкпірінен азы-кемі 4,5 мыңға жуық волонтерлер жиналуы керек-ті. Үш ауысыммнен мың жарым адамнан әр ай сайын шараға қатысып, шетелдік қонақтарға бағыт-бағдар бермек. Негізгі талап бойынша қатысам деушілерге аса қатаң ереже жасалмаған. Өз көмек қолын созамын, үлес қосамын деуші 18 жастан асқан әрбір азамат ЭКСПО 2017 көрмесіне қатысаа алады. Тек шектеулі жас 60-тан аспауы тиіс. Алматы облысынан волонтерлер жинау барысында ЖҚҚО-да арнайы кастинг өткізілді. Түскі сағат 12-ден кешкі 7-ге дейін жалғасқан конкурсқа 160-тан аса жастар қатысып, бағын сынады. Басты талаптың бірі – ағылшын тілін білу және қатысушының белсенділігі. Көрмеге шетелдік қонақтардың қатысуына байланысты ағылшын тілінің неғұрлым жоғары біліктілігі аса маңызды. Көп қатысушыны сүріндірген де осы себеп болар. Жалпы саны 60 адам іріктеуден өтіп, жаз айында Астана қаласына жол тартады.

Алғаш 1851 жылы Лондон қаласында ұйымдастырылған өнеркәсіптік көрме жылдан-жылға танымалдылыққа ие болып келеді. Барлық қатысушы елдерге әлемнің ең үздік жаңа технологияларымен, экономикалық және мәдени жетістіктерін тамашалауға мүмкіндік беретін аталған шара инновациялық идеялар алмасудың ерекше алаңы болып табылады. Қазақстан Республикасы Халықаралық көрмелер бюросына 1997 жылдан бастап мүше болып кірді. Ал 2005 жылдан ЭКСПО көрмелеріне қатысып келеді. Испанияда өткен ЭКСПО-да Қазақстан «С» дәрежелі 104 елдің ішінде сыртқы және ішкі рәсімдеу павильоны бойынша қола медаль жүлдегері болып табылды. Бұл ел үшін үлкен жетістік ретінде саналады. Сонымен бірге мұндай ауқымды шара республикамыздағы техникалық өнеркәсіптің дамуына, шағын және орта бизнестің өркендеуіне ықпалын тигізеді.

Келер 2017 жылы елімізде өткізілетін ЭКСПО 2017 Халықаралық көрмесінің маңыздылығы жазғы олимпиада не болмаса әлемдік деңгейдегі үлкен шаралардан артық болмаса, кем емес.  Бүгінгі таңда барша жұртты тағатсыздана күттірген көрменің нәтижесі қазақ елі үшін оң болғай. Ал сол шарада мемлекетімізді таныстырып, абыройымызды асқақтатын бірден-бір кейіпкер – жас еріктілерге сәттілік тілейміз! 

Автор:
Назерке ТЛЕУБАЕВА Алматы облысы «Ішкі саясат басқармасы» ММ тапсырысы бойынша дайындалды.