Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Мектеп пен отбасы ынтымақтастығы


28 октября 2016, 09:49 | 593 просмотра



Отбасы - адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаулысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, коршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы баланың, азамат болып өсуінің негізі болып табылады. Отбасының басты қызметі - бала тәрбиелеу. Отбасы тәрбиесі - бұл жалпы тәрбиенің ең басты бір бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттілігі толық қанағаттандыру, оны дене және ой-еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге, салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйренуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Жастар тәрбиесі - басты мақсат.Ұстаз бір елдің болашағы үшін жасайтын киелі мамандық иесі. Оның парасатты жүріс –тұрысы, сөйлеу мәдениеті, ішкі жан дүниесі, киім киісі - бәрі баланың назарынан тыс қалмайды» деген. Ендеше сол бір жеке тұлғаны тәрбиелеу үшін де соны тәрбие жинақталып, белгілі бір жұмыс жүйесі қалыптасу керек. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – ол адамзаттың қас жауы, ол келешекте адам өміріне апат әкеледі» деген болатын ұлы бабамыз Әбунасыр әл Фараби. Сапалы білім алмайтын, тәрбие қонбайтын адам жоқ. Бірақ сол адамды адам етіп тәрбиелеу кімнің қолында деген сұрақтарға жауап берудің өзі ойландырады. Бала тәрбиесінде отбасының рөлі көп жағдайда жаңа әлеуметтік-экономикалық қатынастармен анықталады. Ол ата-аналар мен мектептің және қоғамның арасындағы нарықтық еңбек қатынасы жағдайында қалыптасады. Нарықтық қарым-қатынас ата-аналардың отбасындағы бала тәрбиесіне деген жауапкершілік сезімін біртабан бәсеңдеткені байқалады. Соңғы кездері мектеп пен ата- аналардың байланысы да күрт төмендеп кетті. Олай дейтінім, отбасында берілген тәрбие мен мектептегі берілген тәрбиенің арасында байланыс жоқ сияқты. Яғни бала, мектеп, ата-ана арасында байланыс жоқ деген сөз. Бала –біздің болашағымыз, өзімізді жалғастырар ұрпағымыз. Ендеше бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, ата-ана, мектеп, қоғам ынтымақтастығын ойласқанымыз жөн.

 «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, балаға отбасы тәрбиесінің әсері мол. Қазіргі жас балғын бала - ертеңгі күні еліміздің саналы азаматы.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Сіздер мен біздер, тек болашақ буынды ғана емес жалпы адамзаттық қадір-қасиеттердің мән-маңызын түсінетін жаны да, тәні де таза білімді патриот азаматтар буынын тәрбиелеуге міндеттіміз» деген, ендеше бала тәрбиесіне отбасы, мектеп, оның араласатын ортасы әсерін тигізбек. Жалпы бала тәрбиесі назардан тыс қалмайтын ең маңызды да өзекті мәселе. Баланың бойындағы жағымсыз жат әрекеттер байқалғаннан-ақ ата-ана, мектеп тыйым салып, дұрыс жолға бағыттау олардың бойына адамгершілік, кішілік, әдептілік, ізгілік қасиеттерін дарыту керек. Мектеп қабырғасында оқушы 6 сағат сабақ оқып, 2 сағат үйірмеге қатысатын болса, қалған 16 сағаты үйінде, болмаса ата-ананың тәрбиесінде деген сөз. Сол он алты сағатта өз баласына ақыл айтып, мағыналы әңгіме, сабағына қарап, оң тәрбие беретін ата-аналарымыз азайып бара жатыр.

Ой санасы дамыған, адамгершілік және дене тұрғысынан салауатты, мәдениетті тұлғаны жан-жақты қалыптастыруды көздеген тәрбиенің мәселелері мектепті де, ата- ананы да әрқашан толғандырып келеді. Тәрбие жұмысының табысты болуының басты кепілі мектеп пен ата-аналар арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынаста. Өйткені адамзат бесігін  тербеткен баланың бас ұстазы ата-ана.

«Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туыстарына деген сүйіспеншіліктен басталады» деп Елбасы айтқандай, бала әкеден – ақыл, анадан – мейір алып өседі. Қай ата-ана болмасын баласының тәрбиелі, білімді, мәдениетті болуын қалайды. Ал адам өмірінің мәні мен сұлулығы, адамның келешегіне сенімділігі баланың ата-анасына ардақ тұтып, өзінің перзеттік парызын бір сәтке де есінен шығармауында.

Автор:
Индира КАСЕНОВА, психолог, М.Мәметова атындағы орта мектеп мектепке дейінгі шағын орталығы КММ.


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто