Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Үш тұғырлы тіл - ұрпақ келешегінің алтын кілті.


28 октября 2016, 09:59 | 349 просмотров



«Қазіргі заманғы қазақстандық үшін үш тілді білу – әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты. 2020 жылға қарай ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20 пайызды құрауы тиіс деп есептеймін». 

 Н.Ә.Назарбаев.

Тіл байлығы - әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Тілсіз қоғамның қандай түрі болса да өмір сүре алмақшы емес, ол тілдің өзі қоғам бар жерде ғана пайда болып, өмір сүреді. Демек, қоғамнан тыс, бөлек тіл жоқ. Тіл – қоғамның жемісі. Ұлттың мәдениеттің гүлденуі мен адамдардың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастығы ретінде ұлттың өзінің болашағы ана тілдің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюімен тығыз байланысты. Болашақта Қазақстан көп тілді білім жүйесін дамытпақ. Елбасымыз биылғы халыққа арнаған «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Жолдауында Үкіметтің алдына  «Тілдердің үш тұғырлығы» мәдени жобасын іске асыруды жеделдету міндетін қоя отырып, бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударды. «Тілдердің үш тұғырлығы» бағдарламасының негізгі мақсаты мемлекеттік тіл – қазақ тілін, орыс және ағылшын тілдерінің деңгейіне көтеріп, бәсекелестігін арттыру болып табылады. Өскелең ұрпақтың үш тілді оқып үйренуге ұмтылыс жасауы – заман талабы, болашақ ұрпаққа қажеттіліктен туындап отыр. Сондықтан да, елімізде «Үш тұғырлы тіл» мәдени бағдарламасы жасалып, жүзеге асырылатын болады. «Мен қазіргі заманғы қазақстандық үшін үш тілді білу – әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты екендігін әрдайым айтып келемін. Сондықтан 2020 жылға қарай ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20 пайызды құрауы тиіс деп есептеймін», - деді Н.Ә.Назарбаев. Қай кезеңде болмасын, көп тілді меңгерген халықтар мен ұлттар алдыңғы қатарлы елдің қатарына кіріп, өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырғаны тарихтан белгілі. Қазіргі таңда әлемнің алпауыт мемлекеттері көп тілді, әсіресе халықаралық тілдерді меңгеруді маңызды міндет деп санайды. Сондықтан біз де өз халқымыздың қарыштап дамып, өркениеттен кенде қалмау үшін көп тілді меңгеруіміз қажет. Бұл заман талабынан туындап отырған қажеттілік. Себебі, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін оқушы бәсекеге қабілетті тұлғаға айналатыны сөзсіз. Осы ретте, Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз. Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек», – деген болатын 2012 жылы 14 желтоқсанда жарияланған Жолдауында. Мемлекет басшысы: “Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Және оған қамқорлық та сондай дәрежеде болады” деп сендірді. Орыс және ағылшын тілдерін оқып үйрену білімнің, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін шыңдай түсетін, экономикалық мүмкіншіліктерімізді арттыратын бірден-бір тетігі дей келе, жаһандануға бейімделуді, заман көшінен қалмай, осы үш тілдің үйлесіміне қол жеткізу арқылы тілімізді, дінімізді, дәстүрімізді, салт-ғұрпымызды сақтап қала аламыз.  Жалпы алғанда “Тілдердің үш тұғырлылығы” тіл саясаты бағдарламасы күні кеше ғана айтылған дүние емес, Президентіміз аталмыш тілдік стратегияны 2004 жылы жария еткен болатын. Ал, өткен жылы Еуродақ өздерінде үш тілді білім тәжірибесін заңды түрде енгізді. Бұл біздің жастарымыз үшін аса қажет. Еліміздің басқа мемлекеттермен қарым-қатынасы артып отырған шақта ағылшын тілін еркін меңгерген, келешекте білімін түрлі саладағы қарым-қатынас жағдайында пайдалана алатын адамды мектеп қабырғасынан оқытып шығару – біздің казіргі кездегі міндетіміз. Қазіргі кездегі жаңа білім саласына қойылатын талап, жас маманның кәсіби білімділігін, біліктілігі мен дағдысын қойып отыр. Мектептегі білім беру міндеттерінің негізгілерінің бірі – оқушыны шынайы әлем жағдайындағы өмірге дайындау. Оқушы өзін жан-жақты дамыған, шығармашылығы мол, өз бетінше іздене алатын тұлға ретінде көрсетуі тиіс. Сол себепті оқушы бірнеше тілді меңгеруге тиіс.Сондай-ақ, қазақстандық оқушылардың ағылшын тілін білмеуі IT-технологиялар, робот жасау, биомедицина, кибернетика және тағы басқа салалардың соңғы жаңалықтарын оқып-білуге қолбайлау болып отыр. Үш тілді оқыту жүйесі мемлекеттік тілді еш шектеп жатқан жоқ. Қайта қазақ тілді оқушылар орыс тілін оқыса, орыстілділер қазақ тілін меңгере бастайды. Сөйтіп, ақпараттық алмасу, одан кейін әлеуметтік араласу процессі басталады. Бүгінде ата-аналардың көбісі өз балаларын қосымша курстарға беріп жатады. Соның ішінде ағылшын тіліне беретіндер баршылық. Дегенмен, қаржы мәселесіне байланысты ондай курстарға бара алмай жүргендер де бар. Ал үштілді оқыту жүйесін енгізу арқылы балалар ағылшын тілін тегін оқиды. Меніңше, өз балаңның Қазақстанда ғана емес, шет елде де бәсекеге қабілетті бола алатындығын білсең, еш алаңдамайсың. Олардың жұмысы жақсы, табысы мол болатынына сенімді боласың. Жалпы, қазақ халқы тілге бейім келеді ғой. Міне, сол қасиетті тиімді пайдалана білу керек. Жаңа жүйенің тағы бір жағымды жағы – ұлт біріктіруші фактор дейміз. Шынымен де, еліміздегі ұлттар бір-бірінің тілін жүйелі түрде үйренсе, олардың мәдени-рухани жағынан жақындай түсетінін жоққа шығара алмаймыз. Бастысы, қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт екенін естен шығармасақ болғаны.  Бүгінде үш тілді оқыту жүйесіне қатысты қоғамның ойы екіге бөлінгені рас. Біреулер аталған бастама мемлекеттік тілдің қолдану аясын қысқартып, онсыз да ақсап тұрған қазақ тілі мәселесін өршіте түседі деп дабыл қағуда. Үш тілді оқыту жүйесін қолдайтындардың да сөзін жоққа шығара алмаймыз. Себебі ондай жүйе болашақ ұрпақ үшін ғылым-білім саласы былай тұрсын, жалпы өмірде көптеген мүмкіндіктерге жол ашады.                                   Қорыта келгенде, көптілді білім беру бағдарламасы аясында үштілді меңгеру  тәжірибесін жинақтап, әлемдік деңгейде көтерілуіміз керек. Бұл оқушылардың халықаралық жобаларға қатысуын кеңейту, шетелдік әріптестермен ғылыми байланыстарын нығайтуға, шетел тілдеріндегі ақпарат көздеріне қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Үш тұғырлы тіл саясатын дұрыс түсінбей, тек қана қазақ тілін қолданайық деп даурыға берудің қажеті жоқ. Одан да біз мемлекеттік тілді дамытып, орыс тілі мен ағылшын тілін қажетіне қарай үйренуіміз керек. Бүгінде ағылшын тілі бастауыш сыныптардан бастап оқытыла бастады. Бұл, өте дұрыс нәрсе. Себебі, бала жастайынан тілді базалық деңгейде білсе, болашақта кәсіби деңгейде үйреніп алуына мүмкіндік туады. Қазақ мектебінде оқыған жас, қалада тұрғаннан кейін орыс тілін де білетіні айдан анық. Сонымен қатар, ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылғаны құптарлық дүние. Қазіргі кезде мектеп бағдарламасынан ағылшын тілін еркін меңгерген көптеген бітірушілер шет елдерде білімін дамытып, тәжірибесін молайтуда.Сондықтан Н.Назарбаевтың Қазақстандықтардың өскелең ұрпағына үш тілді меңгеру: қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде, орыс тілін ұлтаралық қатынас тіл ретінде және ағылшын тілін халықаралық қатынас тілі ретінде білу мүмкіндігін жасауға деген ұмтылысы өте дұрыс деп ойлаймын. «Өзге тілдің бәрін біл. Өз тіліңді құрметте», – деп талантты ақын Қадыр Мырза Әли ағамыз айтқандай, басқа тілді білу - әрине, мақтаныш. Мейлінше, көп тілді меңгеру қажет, дегенмен өз ана тілімізді ешқашан ұмытпағанымыз жөн. Көптілдік, үш тұғырлы тіл ұлт келешегінің де, ұрпақ келешегінің де кілті екендігі әрқашан әрқайсымыздың қаперімізде болсын демекпін.

Автор:
Қадыржанова Алтынай Бауыржанқызы, Алматы облысы Текелі қаласы №8 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто