Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Тема: Кербұлақ тынысы

Алтын орақ – 2016 Еңбек етсең ерінбей...


7 ноября 2016, 04:08 | 1 681 просмотр



Атақты Ыбырай Жақаев атамыз: «Егін екпесең жерге өкпелеме, еңбек етпесең елге өкпелеме» деген нақты сөзі шаруа баққан, жер қадіріне жете білетін диқан қауымына айтылған дана сөз. Түптің-түбінде жер өзінің нақты иесі диқан қауымының иелігінде болатыны анық. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында, еліміз бойынша атқарылып жатқан әрбір игі істер, халықтың игілігі үшін екені анық. Қазақстан әлемдік аренада жыл сайын қарыштап қарқын алып келе жатқанына іштей тәубе дейміз. Өйткені, әлемдегі нарықтық қатынастар құлдырап, тұрақсыздық пен алуан дағдарыстар, қырғи-қабақ соғыстар белең алып тұрған шақта шүкіршілік етуге тура келеді. Ол - әрине, Елбасымыздың көреген саясатының нәтижесі. Әлем көз тіккен ЭКСПО – 2017 көрмесі жаһандану саясатында Қазақстанды жаңа жоба, игі бастамалар мен әлем жұртшылығын таңдандыратын күннің көрінетіні алыс емес екені жұртшылыққа мәлім.

Осы орайда, Қарашоқы ауыл округі әкімшілігіне қарасты сексенге жуық жеке шаруа қожалығы 2016 жылы 2 мың 661 гектар жерге егілген жаздық арпаның әр гектарынан 16,7 центнерден дән алынса, 143 гектар жерге егілген мақсарының әр гектарынан 4 центнерден өнім жиналды. Ол әрине «Қарашоқы» өндірістік кооперативінің төрағасы М.Нұрелов, мемлекеттік сұрыптау учаскесінің меңгерушісі Е.Ордаханов, жеке шаруа қожалықтары Д.Жантемиров, Б.Раимов, О.Есжанов, С.Сулейменов, А.Беспаев, М.Букабаев, С.Бектемиров, Ж.Макашев және тағы басқаларының жігерлі қажыр-қайраттарының жемісі. Оның үстіне биылғы жауын-шашын мен ауа-райының қолайлылығы диқан қауымына көп септігін тигізді.

Тәуелсіздіктің 25-жылдығына орай, жеке шаруа қожалықтары мен мекеме басшылары бас қосқан «Алтын орақ - 2016» сабан той мерекесін ауылдық округ әкімі Д.Ақбасова  және әкімшілік мамандары ұйымдастырды. Бұл жиын бұрынғы жиындарға қарағанда ерекше болды. Өйткені, бұрын колхоз басқармасының жиындары науқандық жұмыстары басталар кезде кешкісін басталып, қаралатын мәселелер  түн жарым ауғанша  қызу талқыға түсіп жатушы еді. Сол уақыттағы секілді ауылдық округ қарамағына қарасты барлық шаруа қожалықтары  «Іңкәр» дәмханасына жиналды. Шеңгелдіден шаруашылық басшысы Амангелді Беспаев арнайы келді. Жиналысты ауыл әкімі Д.Ақбасова ашып, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өткізіліп отырған іс-шараның мән-мағанасына тоқтала келіп, жиынға қатысушыларды алдағы мерекелерімен құттықтады. Аудан әкімі Б.Алиевтің шаруа қожалықтарына көңіл бөліп, жерді тиімді пайдаланудағы жолдарын атап өтті. Сондай-ақ оның «ауылды жерде тұрған соң төрт түлік малдың басын  ұлғайтуға баса назар аудару керек» деген сәлемін жеткізді. Қай салада болмасын заңды істелген жұмыстарға жеңілдіктер қарастырылып, бөлінген субсидия алу жолдары түсіндірілді. Жерді тиімді пайдалану бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірегейі екенін ескертті. Аудан әкімінің жыл сайынғы ауыл тұрғындары алдындағы есеп беру кезіндегі ұзақ жылдардан ескерусіз қордаланып қалған мәселелердің жыл сайын оң шешімін тауып  келе жатқанына ерекше тоқталды.

Соның бір айғағы, биылғы жылы орта мектебіміздің аса күрделі жөндеуі тез әрі сапалы жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, бірнеше көшеге асфальттың төселгені ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық қарсаңындағы атқарылып жатқан игі шаралардың бірі екенін айтып өтті. Күн тәртібінде көктемгі күзгі санитарлық жұмыс пен қолдағы жеке меншік малдың бағылуы да назардан тыс қалмады. «Мектепке дейінгі жол» бағдарламасы мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға демеуші болған шаруа қожалықтарына алғысын білдірді. Жиын соңы сабан тойға жалғасты. Бұл кеште ауылдық Мәдениет үйінің директоры Т.Иматаева, жастар ісі жөніндегі нұсқаушы Д.Қамбарбаев кешті тартымды өткізді. Кеште шаруа қожалықтарына сөз бере отырып, ауыл өнерпаздардары әннен шашу шашты. Әншілер: Кенжебай Иматаев, Дубасова Дәрия, Қамбарбаев Дидар, Умарова Бағдат, Меңдияров Әсет, Самат Туғанбаевтың, сондай-ақ, көптің сұрауы бойынша Гүлшат Букабаеваның нақышына келтіре орындаған «Әдемі-ау» әні кеш қонақтарының көңілінен шықты. Бұл күні ауыл округ әкімі мен әкімшілік мамандарына риза болған шаруа қожалығының басшылары баталарын беріп, риза көңілмен тарқасты.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, диқан қауымы еңбегінің өтеуі жоғары бағаланды десек, артық айтпағанымыз болар.

Автор:
Еділхан ЕСКЕЛДИНОВ, Қарашоқы ауылдық округі әкімдік аппаратының бас маманы.