Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Қазақ мектебі ашылды


14 ноября 2016, 10:08 | 473 просмотра



Елімізде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай көптеген жаңа нысандар бой көтеруде. Құт дарыған Кербұлақ ауданының тарих қойнауында тағы бір жаңа парақтың беті ашылды. Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ауданымыздың орталығы, Сарыөзек ауылында тоғыз жүз орындық жаңа мектеп бой көтеріп, оқушыларға есігін айқара ашты. Бұл мектеп «Күреңбел қазақ орта мектебі» болып аталды.

Жаңа мектеп алаңы мерекелік ленталармен, түрлі-түсті жалаушалармен, шарлармен безендірілді. Мектепке ауданның зиялы қауымы, ақсақалды қариялар мен ақ жаулықты аналары, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық және ауылдық ақсақалдар мен әйелдер кеңестерінің төрағалары мен төрайымдары, аудандық бөлімнің басшылары, ауылдық округтердің әкімдері мен мамандары, ауданның мектеп директорлары, республикалық, облыстық және аудандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Әскери гарнизонның  бишілері «Шашу» биін билеп, жиылған қауымның мерейін үстем етті. Күреңбел қазақ мектебінің ашылуына арналған салтанатты жиын ашық деп жарияланып, мемлекеттік Гимн орындалды.

Мектептің салтанатты ашылуына арнайы келген Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталов:

- Құрметті ұстаздар, ата-аналар, жиылған қауым! Елімізде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, көптеген іс-шаралар атқарылуда. Көптеген ғимараттар салынып, пайдалануға берілуде. Биылғы жылы Елбасының тапсырмасы мен бағдарламасының арқасында ауылдарыңызда қараса, көз тоярлық мектеп салынды. Облыс бойынша елу бір нысан салынып жатыр. Оның қырық бірі - мектеп. Алматы облысында республика бойынша үш ауысымды мектептердің саны көп болса, келесі жылы бәрі орнына келеді деп сенім білдіреміз. Биыл сексен бес балабақша, оның жетпіс жетісі мемлекеттік жеке серіктестіктің арқасында салынды. Өткен жылы тоқсан тоғыз балабақша салынған болатын.

Өткен аптада Голландиядан, Малайзиядан келген шетелдік инвесторлармен сөйлескенімде, «Кербұлақ, Райымбек аудандарына келіп, жұмыс жасаймыз» деді. Осы өңірлерде картоп өсірілетін болады. Алматы облысынан үлкен зауыт ашылады. Көптеген тұрғындар жұмыспен қамтылады. Бұл зауыт 2018 жылы іске қосылады. Елбасының сара саясатының арқасында 25 жылда көптеген жетістіктерге жеттік. Қазақстанның болашағы – жас ұрпақ, сіздерсіздер. Жаңа ғимаратта білімдеріңізді шыңдап, биіктен көрініңіздер. Әрқашан аспанымыз ашық, ел-жұртымыз тыныш, Елбасымыз аман болсын,-деп облыс әкімі ақжарма тілегін айтты.

Алматы облысының және Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төленді Оспанбайұлы Сарыбаев бүгінгі күні біздің өңірде үлкен қуанышты мереке тойланып жатқанын, Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында, облыс әкімінің қолдауымен жаңа мектептің ашылғанын, Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында елімізде үлкен өзгерістердің енгенін, бұл мектептің алдында үш жүз орындық «Ай-сана» бөбекжай-балабақшасының, спорт кешенінің, тұрғын үйлердің, моншаның, «Ұлы даланың ұлы даралары» атты мемориалдық кешеннің ашылғанын, көшелердің жарықтандырылғанын, елді мекендерде су құбырларының жүргізіліп, таза сумен қамтамасыз етілгенін, жолдардың жасалғанын тілге тиек етіп, ел тізгінін ұстаған басшыларға алғысын айтты.

«Батаменен ел көгерер, жауынменен жер көгерер» дегендей, талапты оқушыларға Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы Жақыпбек Өмірбеков қария: «Ел-жұртымыздың көкейіне жөн қосып, бүтін мемлекет болу үшін сара саясатты ұстап, іске асырып келе жатқан Елбасы аман болсын. Жаратқан ием Алла тағала, ел-жұртымыздың жан-жағын жарық қыла гөр, бастаған істерінің бас-аяғын анық қыла гөр, жан-жағымызды сұқ көздерден, жаман пиғылдылардан сақтай гөр. Болашағымыз – жастар, өмірлерің азбасын, өнерлерің тозбасын. Қол жайып сұраған ниеттерімізді қабыл ет, Алла» деп бата берді.

Жаңа мектептің табалдырығын аттап, қуаныштары қойнына сыймай тұрған шәкірттер:

- Жайнай берсін, туған жердің әр тасы,

Шабыттансын өрендердің баршасы.

Жаңа мектеп ғимаратын сыйлаған -

Нұрсұлтандай атамыздың арқасы!-деп лебіздерін білдіріп, көкке шар ұшырды. Аудандық Ә.Сарыбаев атындағы Мәдениет үйінің өнерпаздары – Сәуле Қожаханова, Азамат Үмбетов, Құралай Ержігітова, Оралбек Тұрысбеков «Күреңбелім менің» атты әнді нақышына келтіре орындады.

Зәулім ғимаратты тұрғызып, пайдалануға берген «Артемида ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Салман Джамалұлы Асланов жаңа мектептің директоры Кәмшат Болатханқызы Қыстаубаеваға кілтті табыс етті.

Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Кеңес Сағынайұлы Аталықов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төленді Оспанбайұлы Сарыбаев және Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы Жақыпбек Өмірбекұлы Өмірбеков сынды аузы дуалы қарияларымыз мектептің лента қию рәсімін жасады. Ақ жаулықты аналарымыз шашу шашты.

Облыстық білім бөлімінің басшысы Ләззат Тілеубайқызы Базарқұлова, аудандық білім бөлімінің басшысы Назгүл Мұрапқызы Балқашева, аталмыш мектептің директоры Кәмшат Болатханқызы Қыстаубаевалар облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталов пен аудан әкімі Бағдат Байшалұлы Алиев бастаған қонақтарға мектептің іші-сыртын таныстырды. Мұнда жүз елу орындық асхана, үш жүз орындық мәжіліс залы, гимнастикалық және спортзал, кітапхана және он сегіз орындық оқырман залы, он бес компьютері бар медиатека, жаңа модификация кабинеттері – екі химия, екі физика, бір биология кабинеттері, алты лингафонды-мультимедиялық кабинеттері, төрт информатика, ұлдар мен қыздарға арналған шеберхана мен технология кабинеттері, сондай-ақ, ғимараттың сыртында футбол стадионы, жасанды газонмен жабдықталған баскетбол, волейбол алаңдары бар. Бүгінгі күні барлығы алпыс мұғалім жеті жүз елу балаға сабақ жүргізуде. Облыс әкімі кабинеттерді аралап көріп, оқушылармен жүздесті.

Жаңа мектептің ашылуына орай, бірқатар азаматтармен тілдескен едік.

Ләззат Тілеубайқызы Базарқұлова, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Жаңа мектептің, Күреңбел қазақ мектебінің ашылғанына қуаныштымын. Сарыөзекте үш ауысымдық мектептердің жойылғанына көпшілікпен бірге мен де қуанамын. Облыста қазіргі кезде үш ауысымды мектептер азайып келеді. Білім саласына көп көңіл бөлініп келе жатқандықтан бұрынғы қиындықтар артта қалатынына сенімдіміз. Өздеріңіз көргендей, бұл мектеп заман талабына сай жабдықталған, балаларға барлық жағдай жасалған. Елімізде осындай мектептер көбейе берсін деймін. Ұстаздар мен оқушыларға тек сәттілік тілеймін.

Қозыбек Бақбергенұлы, Шанханай ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы:

- Ауданымызда қазақ мектебі шаңырақ көтеріп отыр. Өте қуаныштымыз. Мен мектепте елу жыл ұстаздық еттім. «Заманына қарай адамы» дегендей, балаларға барлық жағдай жасалған екен. Мынадай мектеп ғимаратын оқушыларға ұсынған Елбасына және облыс, аудан басшыларына рахметімді айтамын. Осы мектептен небір дүлдүлдер түлеп ұшсын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын.

Күлән Айманбайқызы Мәшкенова, ауданның Құрметті азаматшасы:

- Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында көптеп жаңа ғимараттар ашылып, іске қосылып жатқанына қуаныштымыз. Бүгінде пайдалануға берілген жаңа мектепке сүйсіне қараудамыз. Бұрынғы мектептер мен қазіргі мектептердің айырмашылығы жер мен көктей десек болады. Осындай керемет мектептің ашылуы – Елбасының балаларға деген қамқорлығы. Мектеп ұжымына ауызбірлік тілейміз. Істері алға бассын. Оқушыларымыз биіктерден көрінсін. Күреңбел мектебін тәмамдаған балалар абыройлы болсын дейміз. Тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылдығы құтты болсын.

Ауданның әр елді мекенінен жиылған қонақтар жаңа мектепті аралап көріп, ұстаздарға жақсы тілектерін айтып жатты.

Автор:
Айнаш ҚАСЕНОВА.


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто