Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

КӨШБАСШЫ -2016: ҮЗДІКТЕРГЕ МАРАПАТ


2 декабря 2016, 11:08 | 2 515 просмотров



Жыл сайын еліміздің түкпір-түкіпірінен әр түрлі саланың ең үздік мамандары марапатталып, сыйлыққа ие болады. 2013 жылдан бері жалғасып келе жатқан атаулы шара осы жылы да қалыс қалмады. Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы, жастар саясаты орталығы және «Жас Отан» ЖҚ Алматы облыстық филиалының ұйымдастыруымен кезекті «Көшбасшы-2016» конкурсы өтті. Алматы облысы әкімінің марапатына ие болған жастар легі аз емес. Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында болған кеш Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен тұңғыш президент күніне орай қараша айының 29 күні болды. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру және талантты жастарға қолдау көрсету мақсатында болатын жарысқа қатысушылар ішінен ең үздік 17 маман таңдалып, сый-сияпатқа бөленді. Кеш барысында Қазақстан эстрадасының танымал әншісі Айқын Төлепберген келіп, көрермендерді өнерімен сүйсіндірді.

Осымен төртінші рет ұйымдастырылған жастар сыйлығы бұл жолы да үздік деп танылған үміткерлерді анықтап берді. Салтанатты жиынға қатысушыларды Алматы облысының әкімі Амандық Баталов құттықтады. Ол өз сөзінде мемлекет қолдауының арқасында жастарға барлық мүмкіндіктер жасалып отырғанын, сондықтан жастардың ең басты міндеті жақсы оқып, еңбектенуден шаршамай, алға қарай ұмтылу екеніне тоқталып өтті.

- Сіздердің әрқайсыларыңыз да әлемдегі ең ақылды, ең таланатты адамсыздар. Кейде өзгелер әлдеқайда талантты сияқты көрінгенімен, бәрі өз қолдарыңызда екенін ұмытпаңыздар. Жастардың жалынды энергиясы, батыл шешімдері, жарқын идеялары, мақсатқа жетудегі табандылықтары қоғам үшін әрқашан құнды. Бүгін біз өз таланттарын дұрыс бағыттап, түрлі салада биік жетістіктерге жетіп жүрген, өз ісінде көшбасшы бола білген жастарды марапаттағалы отырмыз. Бұл – үлкен жетістік. Сіздерді бүгінгі марапаттарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Бұдан кейін де биік шыңдарды бағындырып, Ұлт Көшбасшысымен бірге жаңа жеңістерге жете беріңіздер! – деді А. Баталов.

Жалпы саны 17 қатысушы әр номинацияда бақ сынап, бір ай уақыт ішінде өздерін танытуға мүмкіндік алды. «Жас журналист», «Үздік студент», «Жас ғалым», «Жас әскери қызметкер», «Жас маман», «Жас дәрігер», «Жас өнерпаз», «Жас мемлекеттік қызметкер», «Жас ұстаз», «Жас кәсіпкер», «Үздік ауылшаруашылық маманы», «Үздік ерікті», «Жас спортшы», «Жас саясаткер», «Үздік Жасыл ел сарбазы», «Жас ұлан», «Жас батыр» номинациялары бойынша үздік танылған жастарға облыс әкімі марапат қағазы, кубок және 200 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық  табыстады.

Нақтырақ айтар болсақ, Балқаш ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және мемлекеттік-құқықтық жұмысы жөніндегі бөлімінің басшысы Нұржан Сейтжанұлы «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» ретінде танылса, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті ғылыми зерттеу нәтижелерін коммерциализациялау офисінің директоры Дамир Дигай «Үздік жас саясаткер» болды. Ал «Талдықорған әуендері» фольклорлық ән-би ансамблінің жеке дауыстағы әншісі Мади Мусафировке «Үздік жас өнерпаз» сыйлығы берілді.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Асар» фитнес клубының директоры болып табылатын Елдос Баялышбаевты халық бірауыздан «Үздік жас кәсіпкер» деп мойындады. Текелі қаласының кәсіптік колледжінің студенті Айбек Досанов осы уақытқа дейінгі спорт өнеріндегі жетістіктері үшін «Жас спортшы» атанып, Еңбекшіқазақ ауданы 6654 әскери білімі оқу батальонының штаб бастығы Рауан Омаровқа «Жас әскери қызметкер» титулы ұсынылды. «Ауылшаруашылығының маманына» Ардақ Айтбаева лайық деп танылса, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті заң факультетінің аға оқытушысы Тимур Жумагуловқа «Үздік жас ғалым» атағы берілді. «Үздік жас маман» РТРК «Қазақстан» телеарнасының Алматы облыстық меншікті телеоператоры Берік Кульчанбаев, «Үздік жас дәрігер» Панфилов ауданы Қырықұдық дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Ұлдана Бегімбекова атанды. «Үздік студентке» І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенті Нұржан Жетпісбаев пен «Үздік еріктіге» сол оқу ордасының кезекті студенті Темірлан Бөгенбаев лайық деп танылды. ЖМУ-дың тағы бір студенті, жаратылыстану-техникалық факультетінің білімгері Әукен Ақбота «Жасыл ел сарбазы» атанды. Ерлігімен ерен түскен Алакөл ауданы №26 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Ерсұлтан Сейдахметұлына «Жас батыр» , Республикалық 31 арнаның Алматы облысы бойынша меншікті тілшісі Самал Қабышеваға «Жас журналист» атағы бұйырды. Сонымен бірге жас актриса ретінде танылып жүрген Жанэля Аликоваға «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының үздік көшбасышысы марапаты табыс етілді.

Марапаттау сәтінен кейін «Үздік студент» атанған Нұржан Жетпісбаев ортаға шығып, барлық қатысушылар мен келген қонақтарға лебізін білдірді. Өңірдің барлық жастарының атынан елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына жеті алғыс айтылып, Елордаға жолданған-ды. Ол мынадай мазмұнда:

«Аса мәртебелі, Нұрсұлтан Әбішұлы!

  1. Тәуелсіз мемлекетті құру және қалыптастырудағы ерен еңбегіңіз үшін!
  2. Еліміздің ұлттық мүдделеріне нұқсан келтірместен Қазақстанды ядролық қарусыз мемлекетке айналдырғаныңыз үшін!
  3. Қазақстанның аумақтық тұтастығын, оның шекарасының мызғымастығын қамтамасыз еткеніңіз үшін!
  4. Жаңа Қазақстанның бүкіл әлемге әлеуетін танытқан ірі іскерлік орталық – жаңа елордамыз Астананы құрғаныңыз үшін!
  5. Қазақстан үшін жан-жақты экономикалық, әлеуметтік және саяси жаңару, мемлекетіміздің нығаюы, халықтың әл-ауқатының артуы жолындағы әр қадамыңыз үшін!
  6. Көпұлтты Қазақстанның татулығы мен бірлігі үшін!
  7. Ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы – Ұлы даладан Мәңгілік елге айналдырғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!»

Егемендікке қолымыз жетіп, болашаққа бағдар жасап отырған шақта жастардың әлеуетін арттырып, оларға қолдау білдіргеніміз жөн-ақ. Сондықтан мұндай конкурстар мен өзге де байқаулардың арта түсуі тіптен қуантады. Ал оған қатысуға талпынып, ниет білдіріп жатқан белсенді жастар қауымы барда еліміз міндетті түрде үздіктер қатарынан табылмақ!

Автор:
Назерке ТЛЕУБАЕВА