Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Елбасы Ерлан Сағадиевті қабылдады


10 февраля 2017, 04:18 | 1 447 просмотров



Кездесу барысында Мемлекет басшысына Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы жұмысының қорытындылары жөнінде есеп берілді.

Нұрсұлтан Назарбаев білім және ғылым жүйесінің алдағы реформаларды, Қазақстан Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауын іске асырудағы маңызды рөлін атап өтті.

– Біз ел ішінде де, шетелдік оқу орындары қабырғасында да кадрлар даярлау ісі бойынша ауқымды жұмыстар жүргіздік. Үш тілде білім беруге, цифрлық оқыту әдісіне көшіп жатырмыз. Білім және ғылым министрлігі алдында бұл саланы одан әрі дамытуға байланысты зор міндеттер тұр. Қажетті адам ресурстарынсыз жолдауда алға қойылған міндеттерді орындау, соның ішінде технологиялық жаңғыруды жүзеге асыру, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мүмкін емес, – деді Қазақстан Президенті.

Е.Сағадиев Мемлекет басшысына білім берудің жаңартылған мазмұндағы форматын енгізуге, бес күндік оқу аптасына көшуге, базалық оқулықтар әзірлеуге қатысты министрлік жүргізіп жатқан реформалар туралы баяндады.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев білім беру жүйесінде іске асырылып жатқан өзгерістердің нәтижелерін атап өтіп, оларды ақпараттық тұрғыдан қолдау мәселелеріне, сондай-ақ қойылған міндеттердің іске асырылу қажеттігіне назар аударды.

Кездесу қорытындысы бойынша Елбасы бірқатар тапсырма берді.

Автор:
Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтынан.