Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ТҰТҚЫН


26 июня 2010, 14:21 | 2 573 просмотра



(Басы өткен санда...)

Тек топ бөрінің ішіндегі кеуделі келген,

сүйірлеу бітімі бар зор денелі көк шулан мұны жиі қырына алып, қақпайлай беретін-ді. Кейде сыздана гүрілдеп келіп міне түскісі келетін ыңғай танытқанда, бұл да болат тістерін сақылдата, азуын ақсита, көзі жасылдана, қаракөк жалы үдірейе тұрып ілгері басатын. Бір-біріне тап беріп, ұмтыла түскенімен ашық майдан ашуға барыспайтын. Түптің түбінде бұл жағдайдың ұзаққа бармайтынын, екеуінің бірі топ бастауға тиістігін екеуі де іштей сезетін.

Қаңтардың бір аязды ашық кешінде бұлар ауылға қарай өре жайылып келе жатқан бір отар қойға тасадан аңдып тұрып, тұс-тұстан андыздай шауып бет қойған. Қой соңында торы атпен ілбіп, ілесе аяңдап келе жатқан қойшы айқайға басып, иығындағы ұзын қара таяғын ілгері созып, гүрс еткізгенде, ағындай жеке дара шауып жеткен бойда бірінші кездескен қара тұсақты көтере алып соққан көк шуланды мұрттай ұшырған. Кешкі аспанды қақ жарып шыққан зілді дауыстан шошынған бұлар бет-бетіне безе қашқан. Гүрсілдеген дауыс бірнеше қыр асқанша соңдарынан қалмаған. Әлде бір түйсіктің жетелеуімен оңға қарай жалтара қашқан мұның тұсынан әлдене ысқырып өтіп, қарсы алдының ұлпа қарын бұрқ еткізгенде жүрегі су ете түскен. Сол бетімен тоқтамай ұзақ қашқан. Содан бері жортуылға шыққанда екі аяқтыларды ұзақ аңдып, қапысын таппай шаппауды әдетке айналдырды. Аш өзегіне түсіп, көзі қарауытып тұрса да бұл дағдысынан айнымайтын. Екі аяқтының қолындағы ұзын қара таяқтың қауіпті екенін бөрілік түйсігімен ұғынған бұл одан басқа қатердің барлығын ойламайтын да еді. Сол жолы бұлар бөліне қашқанда топ бөрінің ішінде өзіне көптен жылы ұшырап жүрген сүліктей сұлу сұр қаншық мұнымен бірге кеткен. Содан бері екеуінің жұбы жазылмай бірге жүрді. Талай ауылды дүрліктіріп, бірінің шуын біріне қосты. Тек сұр қаншық күшіктейтін кезде ғана тау шатқалының терең қуысындағы апанға келетін. Бөлтіріктері ересек тартып ауызданғанша, маңайдағы елге уақытша тыныштық беретін. Ол кезде Сарытаудың беткейлерін қиялап асып түсіп, Ақтастының, Тұйықтың күнгейіндегі, кейде алыстағы Көміршідегі ауылдың малына шауып, сұр қаншыққа жем таситын. Кей күндері тау етегіндегі қалың тобылғы, қарағай арасынан суыр, қоян секілді әлсіз жемін ұстап, бажылдата тістеп тірілей әкелген күндері де болды. Тісі шығып қалған бөлтіріктерінің талауына тастап, сұр қаншық екеуі апан жанында езулерін жаласып, мүлгіп ұзақ жататын. Күз түсіп, қазаңның қара дауылы басталар кезде бөлтіріктерін ертіп, Сарытаудың етегіндегі ауылға тағы да тиісіп шулыған салады. Бұлардың қайта айналып соғатынын білген ауыл адамдары, малшылары қанша сақ болып, жайылымға шыққан малды көзден таса қылмай бақса да, қапысын таппай қоймайтын. Талай қуғынға түскенде ұзақ шабыстан әлсіреген кейіп танытып, бар қуғыншының назарын аудара соңына ілестіретін. Сұр қаншық қара үзіп құтылды-ау дегенде бұл да шын шабысқа салып, қуғыншыларды адастырып құтылатын. Әлденеше белден аса шауып өтіп, ізді басқа бағытқа салып, сұр қаншықпен табысатын қалың қарағай арасындағы апанына апармауға тырысатын. Бір жолы ізіне түсіп, соңынан қалмаған тықыр жүнді, арбиған ұзын сирақты, жалбыр құлақ сары тазыны иесінен ұзатып алып, жақпар тастың түбінде тосып алып қан-жоса қылған. Қарыштай шауып тұсынан ағындап өте бергенде, өкпе тұсынан оқша атылған бұл сары тазыны допша домалатты. Қанды ауызды кеңірдекке басқанда шапқан аттың дүрсілімен қабаттаса шыққан айғайдан сескеніп, құрбандығын еріксіз қалдырып сытылып шыға берген. Сары тазы сол жерде бұдан көрген қорлығын иесіне шаққандай аянышты дауыспен қыңсылай қаңқылдап қанға бөгіп қала берді.

¤зі қорған болып, талай қауіп пен қатерлі қуғыншыдан қорғап қалып жүрген сұр қаншықтың ажалы да бұған таң әрі жұмбақ болып қалды. Іңір қараңғысымен тау етегіне түскенде, жақын маңнан пысқырынған жылқының дыбысы естіліп, бірден солай тартқан екеуі жайылып жүрген топ жылқының үстінен түскен. Екеулеп қуып жүріп, тығыршықтай семіз байталды қақпайлай қуып, жақпар тастың қуысына қамалап тұрып жығып алғанда, қалғандары құйрығын тігіп, дүркірей шауып жосып кеткен. Тойғандарынша жеп, біраз қар қауып, тоқ баса аунап алған соң, керенаулана сөлектей жортып мекендеріне бет алған. Ертеңіне қалған жемтігін жеуге келе жатқанда алдарынан безе қашқан қоянға ұмтылған бұған қарамай, сұр қаншық ілгері кеткен. Қоянды бір бел асырмай қалың тобылғының ішінде алып соғып, парша-паршасын шығарып жеп алып, салып ұрып келе жатқан мұның алдынан сенделектеп, аяғы-аяғына шалынысып, лоқсып қан құсып келе жатқан сұр қаншық шықты. Мұның жанына жете бере тұмсығын соза құлады. Құлай бере бір-екі рет ышқына лоқсығанда, кесек-кесек жұтқан етімен бірге бір уыс қан түсті. Жанталаса құлап, дөңгеленіп қар қаба берді. Серігінің жанталасқан қиналысынан шошынған көкшолақ оны айнала үйіріліп иіскелей берді. Сұр қаншықтың ышқына шығып қорылға ұласқан үнімен бірге дірілдей созылған аяқтары серейіп барып сылқ ете түсті. Әрі – бері иіскелеп, тұмсығымен түрткілеп көргенмен орнынан тұрмады. Айналасынан қар боратып, ырылдап тістелегенінен де еш қайран болмады. Шарасыздығына күйінгендей тұмсығын көкке созып ішегін тартқанда, көмейінен бір зор дауыс шықты. Айнала жаңғырығып қоя берді. Сүттей жарық ай сәулесімен маңайдағы таулардың сұлбасы қарауыта зорайып жақындай түскендей. Жым-жырт айналаны шулатып, сұр қаншықтың басында көкшолақ солқылдата ішін тартып ұзақ-ұзақ ұлыды.

Тұңғиық аспан төріндегі жұлдыздар суық жымыңдайды. Табанынан өткен суық қардың ызғарымен бірге тау аңғарын қуалай соққан желге шыңылтыр аяздың лебі қосылып, қимылсыз отыру мұздатып бара жатқан соң, орнынан амалсыз қозғалған. Кешегі қалдырған жемтікке барудың енді қауіпті екенін сезгенімен, сұр қаншықтың өлімінің себебін біле алмай, Қарабөлдектің сыртымен өтетін жалғыз аяқ соқпақ жолмен бүлкектей жортып мекеніне қайтты. Кетіп бара жатып та артында қарауытып қалып бара жатқан сұр қаншықтың өлігіне мойын бұрып ұзақ қарап та алды. Мекеніне келген соң да жалғыз өзі апанға сыймай, маңында жүрді де қойды. Тау арасын жаңғыртып ұзақ-ұзақ ұлумен болды. Ін аузында сұр қаншық келер жолды көзімен ұзақ бағып жатты. Күнде жылы көрінетін апаны да көк шолаққа бүгін суық көрінді. ¤зінің жалғыз қалғанын бар тағылық болмысымен шын сезінді.

Асқазанын жалаған аштық мұны ертеңінде іңір қараңғысымен еріксіз жортуылға салды. Терең сайдың аузынан басталып, екі жақ беткейге қарай өрлей біткен қалың қарағай арасындағы өзіне мәлім сүрлеумен жүріп келіп, қарсы беткейге жортып шыға бере, тұмсығын желге тосып иіс тартты. Қашанғы дағдысы бойынша иіс тартқанымен қайда барып, нені торитыны көкейінде сайрап тұр. Қарабөлдектің етегіндегі жалғыз үйлі қойшының үйін бетке алып жорта жөнелді. Тартып отырып үйдің желкесіндегі иек артпадағы жалғыз жартастың қалқасынан баспалап мойынын созып қарағанда, үйден аулақта беймарал оттап жүрген екі-үш жылқыны көрді. Барақ жүнді қажыған кәрі төбет пен шіңкілдеген жіңішке үнді кәнденнің ара - тұра еріне үргені болмаса, басқа еш дыбыс естілмейді. Онда да олар сақтығынан емес, иесінің оқтын-оқтын шыққан айғайынан өздерінің қалғып кеткеніне ұялғандай жарыса үріседі. Айғай басыла бере олардың да дауысы бәсеңдеп, көздеріне ұйқы тығылғандай самарқауланады. Көкшолақ енді сақтығын ұмытып, көзі тұнып кетті. Жеміне шабар сәттегі шыдамсыздығы бойын билеп, ашқарақтығы оянып дегбірсізденді. Бұғып жатқан орнынан тұрып, есік пен төрдей жердегі бір түп қарағанның түбінен шауып өте бергенде, сол жақ жамбасынан әлдене сақ еткізіп қауып түсті. Миына шегедей қадалған қатты аурудан ышқынып, секіре қашқанда зілдей ауыр салмағымен әлдене топырақ арасынан салдырлай бірге көтерілді. Мықты ауыз сол жақ аяғының жамбаспен ұштасқан тұсын сықырлата сығып, қан-қақсатып барады. Сол жақ аяғының ұшы жансызданып, бірден ұйып сала берді. Жаны көзінің ұшына көрінген көкшолақ аяғына жармасқан темір пәлені аузымен қаршылдата шайнағанымен жіберер емес, тістей жабысып сындырып барады. Жілік сүйектерін сытырлата сындырған өткір ұшты тістер мұның аяусыз қинауға салды. Жан ұшырып дөңгелене ұмтылды. Көкірегін ащы өкінішті өксік толы шарасыздық па, әлде қорқыныш па, өзіне осы уақытқа дейін беймәлім бір күй билеп алды. Жаны ауырғанға шыдамай ұлып та жіберді. Кенет шыққан зор дауыстан шошып оянған итттер де абалай үріп, айналаны азан-қазан қылды. Құтылуға тырысып қанша жұлқына ұмтылғанымен темір қыспақ жіберер болмады. Қайта жерге жапсыра түседі. Үйден даурыға шығысып шулап жүгіре басқан екі аяқтылар қаптап келеді. Көкшолақ лезде қоршауда қалды. Әрқайсысының қолындағы жарқырай жанған оттар көзін қарықтырып, айналаны бейне бір от қанатты көбелектер қаптап кеткендей жарықтандырып жіберді. Арсылдап әрқайсысына ұмтылғанымен темір құрсау жібермеді. Кенет құлақ түбінен тиген ауыр соққыдан көз алды жарқ етіп, жерге ұшып түсті. Жан дәрменімен қайта ұмтылғанда, мойнына сусып келіп сарт етіп орала түскен әлдене тынысын тарылтып, тұншықтырып жіберді. Демі бітіп, өкпесі алқынды. Көз алдында жұлдыздар ойнап, қызыл-жасылды сәулелермен мұнарланып тұмандана бастады. Жұлқи тартып керіп әкеткен зор күштен жамбас тұсының қақсап ауырғаны да білінбей кеткендей. Қаңқылдай шуласып шыққан көп дауыстардан, тез қылғындырған тосын әрекеттен жаны шошыған оның арсылдап айбат шегерлік те халі қалмады. Кергіге түсіп екі ортада қалған көкшолақ құлақтарына жабысқан темірдей қолдар зілдей ауыр салмағымен үстінен жаныштап жерге жапсыра түскенін бір-ақ білді. Ашулана гүрілдей қайрат көрсетуге шамасын келтірмеді. Ақсиып тұрған азуларын бір-біріне айқастыра таңған мықты баулар дымын шығармай, жағын қарыстырды. Көкірегін кернеген ащы өксік енді жанарынан жасыл шоқ болып шашырады. Көкшолақты байлап-матап алып, шуласқан екі аяқтылар жеңді білектей жуан ағашқа салақтатып асқан күйі оты жарқыраған үйге алып келісті. Көкшолақ өз жауларымен тұңғыш рет бетпе-бет жақын келді. Жан-жағынан қаумалаған екі аяқтылар екі қолдарын ербеңдете көкшолаққа қарасып қойып, бұған бейтаныс үнмен ұзақ шуласты. ¤здерінің бойлары, түрлері де қызық. ¤ңдері де, дауыстары да әр түрлі шығады. Іштерінде ересектерінің етегіне жабысып үрпиіп тұрған жартылай жалаңаш ұсақтары да көрінеді. Мына біреуінің қолында ұзын таяғы да бар. Көкшолақ көрген ұзын қара таяқтай емес, жіңішке, ақшылдау.

Жалт-жұлт еткен көздерімен әрқайсысын бағып жатқан бұны сәлден кейін сүйрелеп отырып, тас қараңғы қораға апарып байлап тастады. Аяқтарын босатқанымен аузын байлаған жіптерді шешпей кетісті. Ауырған аяғын жалауға талпынғанымен таңулы аузын ашуға мұршасы келмей, тұмсығымен түрткілеуге мәжбүр болды. Тұрғысы келгенмен сол жақ аяғы жан шыдатпай ауырып барады. Құлап түсіп оң аяғына салмақ салып қайта тұрды. Ары- бері ұмтылып жұлқынып көргенімен, мойнынан байланған мықты арқан жібермеді. Тас қораның есігі сартылдап жабылып, даурыға шыққан үндер бірте-бірте алыстай берді.

Камалаған караңғылыққа көзі үйренгенімен, айналасын қоршаған заттардан өзіне беймәлім жат иістер сезіледі. Тұла бойын белгісіз сезімдер билеп, жүрегі атқақтай соғып аузына тығылып, секеңдей сенделіп арлы-берлі тынымсыз жүре берді. Жат иістерге бойы да үйрене бастағанымен әлденеге мазасызданып, іштей қыңсылаумен болды. Тас қораның бұрыш-бұрышындағы саңылаулардан себелей түскен әлсіз бозамық сәулелер түкпір-түкпірге жүгіріп, айналасы бірте-бірте жарықтана берді. Таң әбден ағарып, айнала жарық болғанда, күн де ұясынан шықты. Қораның қараңғы бұрышына барып екі көзімен ашылар есікті бағып ұзынынан түсіп жатып алды. Жерді дүбірлете басып, саңғырлаған үндер шығара келіп қалған екі аяқтылардың дыбысынан денесіне ұсақ діріл жүгіріп, жотасындағы қара көк жалы тікірейіп тұра бастады. Үш-төрт ересек екі аяқты мұны сүйрелеп далаға шығарып, үйден алыстау тұрған ағаш діңгекке ұзын арқанмен қысқарта байлады. Қоршай тұрған екі аяқтылар түндегіден де көбейіп кетіпті. Әрбірінің қасында бір-бір ит арсылдап үріп ұмтылып тұрғанымен, көбінің байлаулы тұрған бұған жақындауға батылдары бармайтындай. Айқай-шумен ілесе шығып жатқан ащы ысқырық құлақ тұндырады. Шетте тұрған аласа бойлы, мықыр қараның қолындағы жұлқынып тұрған зор денелі қара төбет ағындап келіп мұны кеудесімен соғып өтпекші болғанда, дала бөрілерімен айқасқандағы әдісімен кілт жалтарды. Екпіндеп келіп соқтыққан төбет қайта оралып ұмтылғанда, одан бұрын қимылдап кеудесімен соғып жіберіп, тоңқалаң асырды. ‡стіне міне түскенімен шайнап салар қанды аузы таңулы болған көкшолақ дәрменсіз қалды. Тек көздері жасылданып жота жүні үдірейе қарап тұрды. Көкшолақтың аузының таңулы екенін көрген қара төбет енді аузын құлақ шекеден сала жұлқып жібермекші болғанда, бұл бұға қалып еді, қапсыра тістей алмағандықтан тағы да қапы қалды. Мұны көрген басқа да итттер жабыла талап, тұс-тұстан кергілеп әкетті. Көмейінен булыға шыққан үнмен айбат шаша тап бергенде, кейбірі тура шабуға батылдары бармай тайсақтай берді. Қара төбеттен басқасы үзіп-жұлып тістеп өткені болмаса, батыл қимылдай алмады. Осындағы бар иттерден көкшолақтың бойы биік, тұрқының ұзындығы да ерекше көрінеді. Тек қара төбеттің денесінің жуандығы болмаса, оның да бойы мұныкінен әлдеқайда аласа екендігі байқалады. Қаумалаған екі аяқтылар мұны осылай қорлап өлтіргісі келгендей, бар итін бірден жібермей, жеке талауға салды. ¤зінің бірнеше рет қапы қалғанына ызаланған қара төбеттің өзін де мықыр қара сүйрелеп тартып, ұстап жібермей тұрды.

Көкшолақты иттерге әбден талатып есеңгіреген қалпында сүйрелеп апарып тас қорадағы ағаш қоршауға қамап тастады. Мықты қолдармен денесінің әр жерінен қамти ұстап, ағаш керегеге басып тұрып, аузын байлаған жіпті пышақтарымен кесіп босатты. Бүкіл денесіне итттердің тісі тиіп жараланған, сынған аяғынан шұбырып аққан қан көкшолақтың әл-дәрменін мүлде азайтып жібергенімен, қорланған кекке тұнған көздерінен әлі де қалың қайрат ұшқындайды. Қарысып қалған аузы, қайшылана жабысып кірігіп кеткен азулары зорға ажырады. Аяғының ауырғанын енді ғана сезінгендей. Шоқақтай секіріп, бетін есікке бұрып, қараңғы бұрышта жатып алды. Тілімен қан шығып жатқан, терісі жалбыраған жерлерін, аяғын жалай берді. Ауырғанын азайтқысы келгендей тынымсыз жалаумен болды.

Түс қайта тас қораның есігі қайта ашылды. Ішке тағы да бір екі аяқтылар кірді. Мұны қолдарымен көрсете әлденелерді айтысып ұзақ тұрды. Көзінде жарқырауығы бар, зор денелі, қалпақты біреуі қасындағы мана мұны ағашқа апарып байлағандардың ішінде болған мықыр қараға қарап ұзақ сөйледі. Дауысында оған бұйыра сөйлеп тұрғандығын байқататын ырғақ бар. Мықыр қара оған басын изей түсіп, жарыса сөйлеп бірдеңелерді қызу түсіндіріп тұрған секілді. Бұл жаққа қарап сермеген қолы мен сөйлеген дауысында мұның бұл күйіне жаны ашығандық па, әлде манағы көрсеткен қорлығын қайталауды сұрап тұрғанын көк шолақ түсінбеді. Тек ілгері басқанын аңдып жатты. Бірте-бірте көкейінде көрген азабынан ұялған әрі тағылық болмысымен бірге жаралған ашу-ызасы бас көтеріп келе жатты. Көмейінен сызданған үн шығарып гүрілдей ыңырана бастады. Езуін ыржитып, тістерін сақылдатып, ашу шақырған көкшолақтың көздерінен сескенгендей шегіншектей бастады. Олардың бұл қимылы бұған жігер берді. Бетпе-бет кездескен жауың айбарыңнан ықса, мерейің үстем болары сөзсіз. Бірақ сонша таланған көкшолақта қозғалар дәрмен қалмағандай, оқыс қозғалса аяғы қақсап қоя береді. Үш түннен бері нәр татпағандықтан да әлсірей бастаған.

Екі аяқтылар біраз тұрған соң, тысқа шығып кетісті. Тынышталуға тырысқанымен жүрегі ойнақшып аузына тығылып, сабырынан мүлдем айрылғандай болды. Әлденені сезгендей оң аяғына күш сала тіреп тұрып, әрі-бері жүре бастады. Алқымына тығылған ашудың орны осы уақытқа дейін ешбір сезбеген белгісіз бөтен күй бірте-бірте жайлап, бүкіл денесін алып барады. Тоңғандай дірілдей бастады. Әлдебір тылсым күй тұншықтырып, булықтырып бара жатқандай сезініп, ұмтылып келіп қораның бұрышын болат тырнақты аяқтарымен бұрқыратып қаза бастады. Біраз қазғанда тұмсығы тасқа тірелді. Іргетас терең қазылып құйылған екен. Көкшолақ енді жанұшырып одан да тереңге тырнақ салып, үңгіп қаза бастады. Аласұра қимылдағандықтан ба, әлде күш-қайратын азайтқан аштықтан ба, үсті-басын тер жуып кетті. Тезірек қимылдап манағы бір үрейлі сезімнен құтылғысы келгендей жанталасқа кірді. Үрейлі сезім әр түгінің ұшына дейін жайлап алып, безгек аурудай қалшылдатып әкетіп барады.

Есік қайтадан сарт етіп ашылғанда көкшолақ жанұшырған қимылдың үстінде еді. Артына жалт бұрылғанда бағанағы мықыр қараның қолындағы қаћарлы дауыс шығаратын ұзын қара таяқтың үңірейген аузы өзіне қарап тұрғанын көрді. Кенет бойын билеген манағы белгісіз сезім бірден жойылып, жойқын күш, көзсіз ыза тасып төгіле мықыр қараға атылды. Бұл жолғы серпінінің қаттылығынан ба әлде босаң ағашқа тап болды ма, ағаш қоршау сықырлай сынып түсті. Арс етіп ышқына ұмтылғанда гүрс еткен зәрлі үнмен қабаттаса кеудесінен бір алапат күш соғып жібергенде шалқасынан түсті. Отты шоқ өзегін тіліп түскендей болды. Күйдіре қадалған нәрсе кеудесін күйдіріп барады. Қорылдай гүрілдеп қайта ұмтылғанда, омырауын қызыл қан жуып жүре берді. Ақсиған азуларының арасынан салбырай шыққан тілінің үстінен де қызыл қан аға бастады. Сонда да қарысып қайрат қыла қайта ұмтылды. Көз алды мұнартып, тұманданып жүре берді. Бір зілдей күш еңсесін төмен тартып, қайратты аяқтарының бар күшін сығып алғандай басын да көтертпей барады. Сенделектеп басып ілгері ұмтылғанда көз алдындағы мұнартқан тұман арасынан құйрығын бұлғаңдатып еркелей жүгіріп келе жатқан сұр қаншықты көрді. Ышқына ұмтылғанда бойы да бірден ұйып сала берді. Бүкіл денесін буған ашу да , ыза да, үрей де, өкініш те тарап, жеңілденіп кеткендей сезінді. Көкірегінен ышқынып шыққан гүрілдің аяғы әлсіз сыбырға айналғандай естілмей барады. Манағы тұман қоюлана бастады. Қалың мұнардың арасынан еркелеп шыққан сұр қаншық алғаш табысқан кездегідей көкшолақтың езуінен, артқы сирағынан жалап, мұның шоқтығына иегін артып, қимылсыз көзін жұмды. Тұман тым қоюланып ешнәрсе көрінбей кетті...

Сынған қоршаудың шабағына асылып тұрып қалған көкшолақ ауыр салмағымен жерге гүрс етіп құлап түсті.

Сәлден кейін мықыр қара тағы бір екеуді ертіп келіп, өліп қалған көкшолақты сүйрелеп үйдің көлеңкесіне апара жатты. Қолындағы сала құлаш өткір пышағы күн көзіне шағылысып жарқ-жұрқ етеді.

Автор:
Б.Т.ӘДІЛОВ, Алматы облыстық мектеп-интернаты, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі.