Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ұлт тағдыры мен ұрпақ тәрбиесі – біртұтас


14 августа 2009, 08:15 | 6 329 просмотров


Қазақ тағылымының ұстанған негізгі бағыты – ата-бабалардың үлгі-өнегесі, ақыл-кеңесі, дүниеге шынайы көзқарасы, бостандыққа, еркіндікке, тәуелсіздікке-дербестікке ұмтылысы. Бұл – алдан күткен арманы, ойға алған негізгі мақсаты. Тәрбие – ұрпақ үшін күрес.

Қыз-келіншек, әйел-ана, әже-кейуана тағылымы өшпес із қалдырды. Ол - қазақ тілінің ана тілі деп аталуы. Мұндай жағдай қазақ әйелінің өзіндік қасиетін де, басқалардан айырмашылығын да танытады. Бұл - әйел қауымына көрсетілген зор құрмет! Әйелдердің жасаған ісі, қалдырған ізі ақсақалдық ешбір мектептен кем емес, оның әманда тазалығына, жаңарып-жаңғыруына орасан жағдай жасады. Бұл тағылымды жоққа шығаруға немесе елемеуге болмайды!

М.Әуезов «Адамдық негізі - әйел» деген тұңғыш туындысын (1917 ж) әйел тақырыбына арнапты.

«Адам баласы», - депті ол, - тағы болып, еркегі хайуандық дәрежесінде жүргенде әйелден бала туып, ол балалардың бәрі де жастық, қорғансыздықтан анасының айналасына үйіріліп, үй ішінің бірлігін, одан туысқандық ұйымын кіргізген. Бұған қарағанда, адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізген - әйел».

Ұлы ойшыл осы сөзімен әйел – қоғамның ұйытқысы екенін, әйел еркіндікке жетпесе, адамшылықта да күрмеулі болатынын қадап айтып, егер, қазақ мешел болып қалмайын десең , бесігіңді түзе, әйелдің қалын түзе! – деп, сол тұстың да қазіргі біздің заманымыздың да ең зәру идеясын ұсынып еді.

Қазақ елі ел болғалы, қазақ қазақ болғалы өмір-бақи анасын сыйлап өткен. Ертеден келе жатқан наным-сенімдерінің түп-тамыры да – ана. Аспанда Тәңірі , жерде Ұмай ана деп табынады қазақтар. Ұмай ана – қамқоршы, жарылқаушы, демеуші, жанұя, отбасының пірі.

Мұсылман дінінде бүкіл адамзаттың анасы, аналардың анасы деп Хауа ананы құрмет тұтады. Хауа ана – Адам атаның зайыбы.

Мұхаммед (СҒС) пайғамбарымыз әйел затын аса биік бағалап: «Әуелі анаңа, тағы да анаңа, содан соң Отаныңа жақсылық жаса!» - деп өсиет айтып кеткен.

Қазақта ақын қыз да, батыр қыз да көп болған. Білек күшімен, шешен тілімен, ақыл-парасатымен үлгілі болатын батыр қыздарымызға тоқтала кеткенді жөн көрдік:

Томирис – Тұран патшасы Афрасиябтың қызы. Патшайым болып ел басқарған батыр қыз.

Зарина – Сақ патшасының қызы. Ел тағдыры үшін өз махаббатын құрбан етеді. «Жеке басымның бақытын елімнің еркіндігіне айырбастай алмаймын. Махаббаттан да жоғары нәрсе бар, ол – менің елім» - дейді Зарина.

Бөрте ханым – Шыңғыс ханың әйелі. Қоңырат тайпасының қызы. Жат елдікке пенде болғанымен ұрпақ тәрбиесінде өз елінің ұлттық тағылымын меңгерте білген.

Гауһар – Қабанбай батырдың жары, арғын. – Малайсары батырдың қарындасы.

Есенбике – Олжабай батырдың анасы, үйсін Қарасай батырдың қызы.

Назым – Қабанбай батырдың қызы.

Айтолқын – Абылай ханның қызы.

Бұл батыр қыздарымыз ұлттық намысты ту етіп, халық тағдыры үшін ерлермен бірге қан майданда ерлік көрсеткен батыл жандар.

Бопай – Кенесарының қарындасы, 500 сарбазды басқарып, Ресей отаршылдарына қарсы соғыста ерен ерлік көрсеткен батыр қыз.

Мамыр – Байқазы арғынның қызы. Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» дастанындағы өжет қыз. Өз махаббаты үшін құрбан болған абзал жан.

Еңлік – Қарабатыр-Ықан деген кісінің қызы. Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» дастанындағы махаббаттың мәңгі символы ретінде танылған батыр қыз.

Айбике – Бұланбай батырдың жары, барлаушы сарбаздардың басшысы болған қыз. Талай шайқастарда жауынгерлердің ұлттық рухын көтеріп, ерлікке шақырған.

Домалақ ана (Нұрила) – Бәйдібек бидің әйелі. Нұрила барлық адамдарға өте мейірімді, ақылды, әулие әйел болған. Домалақ ананың осындай қасиеттерін бүгінгі ұрпақ бойына сіңіріп өссе, онда келешегіміздің көкжиегі одан сайын кеңи түсер еді.

Қалампыр ана – Балуан Шолақтың анасы. Жазушы С.Мұқанов «Балуан Шолақ» романындағы аналар бейнесін қызықты етіп сомдаған. Өмірде өнегелі болған аналар образы көркемөнерде жас ұрпаққа ғибрат берерліктей тәрбиелік мәні зор.

Халқымыздың тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезең боп таңбаланған зұлмат замандағы қазақтың мұңы мен зарын, арманы мен аңсарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, дәуірдің дауылпазындай дауыл қағып, ерлік пен елдікке үндеген әйгілі «Елім-айдың» әнін шығарған Айша Қабыланқызы – атақты Қожаберген жыраудың жары.

Қарашаш – Жиренше шешеннің жары. Қарашаш қазақ қыздарынан шыққан сөзге шешен, ақылды, тапқыр, дана қыз.

Ел басына қауіп төнген кешегі екінші дүниежүзілік соғыста «Ер апаларының» ерліктерін жасаған қазақтың Мәншүк пен Әлиясы шығыс халықтарының мақтаны. Қашанда қиын-қыстау кездері батыр қыздарымыздың ерлігі ерекше көзге түсетінін тарих та, өмір де дәлелдеп келеді.

Желтоқсан оқиғасының батыл қыздары Ләззат Асанова, Сәбира Мұқаметжанова сияқты ұлттық намысты берік ұстаған, ерлік пен елдікті ұран еткен ұлтжанды қыздарымыз қаншама.

Кезінде атақты философ Платон қыз бала тәрбиесінің маңыздылығын былайша пайымдаған екен: «Егер ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, руыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле!». Бұл тұжырымның тамыры өте терең екенін біз тарихтан көріп отырмыз. Соның жарқын бір дәлелі Томирис Патшайымның Кир Патшаға айтқан сөзі: «Мен – елімнің патшасымын. Мен иілсем – елімнің иілгені. Кир патша көзін маған емес, менің еліме салып отыр. Ал, мен еліме бұғау салдырмаймын, ата-баба аруағы жатқан жерді жаттың табанына таптатқызып, қорлатпаймын. Соны есіне сақтасын Кир патша!». Қандай ерлік! Елге, жерге деген неткен сүйіспеншілік!

Сондай-ақ, Қазақстанда қаншама этнос өкілдері тұрады. Олар неліктен өз тілін, дәстүр-салтын, дінін, ділін қадірлеп, сонымен қатар оның деңгейін биіктетуге күресуде? Себебі, олар өз қыздарының тәрбиесіне өте терең мән береді. Неліктен біз көшеде кездескен шешен қызын, келіншегін бірден танимыз? Ал, ұйғыр қыздарының тәрбиесі қандай? Татар халқының қыз бала тәрбиесі ше? Кәріс халқында қалыптасқан қағида бойынша, қыз бала кімге тұрмысқа шықса да, ол өзі туған баланы міндетті түрде кәрісше тәрбиелеу керек. Ал еврей халқы ше? Біз олардың тәрбиесінен жоғарыда айтылған Платонның қағидасының айнытпай байқай аламыз.

Автор:
Қ.Ж.Қожахметова