Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«Алтын белгі» табыс етілді


26 июня 2010, 14:44 | 5 009 просмотров



ТАЛАПКЕР – 2010

Он бір жыл мектепте үздік оқып, ата-ана мен ұстаздарының қуанышы болған мектеп бітіруші түлектер – облысымыздың ғана емес, еліміздің мақтанышы. Олардың болашағынан ел-жұрты үлкен үміт күтеді. Биылғы жылы да облысымыз бойынша үздік оқып, білім алған 370 түлек “Алтын белгіден” үміткер болса, оның 266-сі өз білімдерін дәлелдей алды. Оларға бұл жеңіс оңайға түскен жоқ. өйткені олар 11 жыл оқып, жинаған білімін ұлттық бірыңғай тестілеуде нақтылай білуге тиіс болды. Сол сыннан сүрінбей өткен шәкірттер үшін облыс орталығында “Ақ жол саған, жас түлек!” атты салтанатты кеш ұйымдастырылып, оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Амандық Баталов, облыс әкімінің орынбасары Серік Мұқанов, облыстық білім бас-қармасының бастығы Ләззат Базарқұлова қатысты.

Облыс әкімінің бастамасымен биыл бесінші жыл өткізіліп отырған ша

раға облысымыздың әр шалғайынан келген озат түлектер көтеріңкі көңіл күймен атсалысып, болашаққа деген үлкен үміт, сенімін арқалай келді. Жас түлектерге арнап, облыс әкімінің бірінші орынбасары Амандық Баталов құттықтау сөз сөйледі.

– Құрметті «Алтын белгі» иегерлері, ұстаздар мен ата-аналар, қадірменді қауым! Бүгін мектепті үздік бітіріп, өз білімін дәлелдеген жас түлектеріміз үшін есте қаларлық күн. Себебі, олар сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздардың еңбегін, аялап-өсірген ата-аналарының үмітін ақтап, жүзден жүйрік шығып, «Алтын» белгі» иегері атанып отыр. Бұл – мектеп бітірушілер үшін де, ұстаздар мен ата-аналар үшін де қуанышты, салтанатты сәт. Ел ертеңі, ақылына білімі сай тәуелсіз елдің жастары сендерсіңдер. Сондықтан да жауапкершілікті терең сезініп, әрқашан сенім биігінен шыға білулерің қажет.

Дана халқымыз: «Әдепті баланы өсірсең ауылдың абыройы, ақылды бала өсірсең алты Алаштың абыройы», – дейді. Облысымызда Елбасының тапсырмасына сәйкес мектеп оқушыларына сапалы білім, өнегелі тәрбие беру үшін барлық мүмкіндік жасалуда. Жаңа мектептер салынып, осы заманғы озық технологиялармен, керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Ұстаздарды әлеуметтік жағынан қолдау шаралары да жүзеге асырылуда. Оқушыларымыз республикалық, халықаралық сайыстарда жеңіс биігінен көрініп келеді. Биыл олар әлемнің әр түкпірінен 142 медаль алып қайтты. Сол табыстарды бүгін «Алтын белгіге» ие болған 266 ұл-қызымыз еселеп отыр.

Біртуар Алаш азаматы Міржақып Дулатов: Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды», – деген екен. Сендердің ақыл мен білімнің арқасында абыройлы азамат атанып, Отанымыздың туын көкке көтеріп, биіктен көрінулеріңе үміт артамыз. Үлкен өмір жолына бастар қадамдарың сәтті болсын! Ақ жол тілейміз! – деген Амандық Ғаббасұлы бұдан соң түлектерге салтанатты түрде “Алтын белгіні” табыс етті.

Алғашқы болып ұлттық бірыңғай тестілеуде ең жоғарғы 125 балл жинаған Қарасай ауданындағы әл-Фараби атындағы мектептің түлегі Маржан Гаухарбекова “Алтын белгі” алу қуанышына қол жеткізді. Бұдан соң аудан-қала түлектері кезегімен өздеріне лайық марапатты алып, облыс әкімінің арнайы сыйлығына да ие болды.

Сонымен қатар биылғы жылы Талдықорған қаласынан – 41, Алакөлден – 24, Жамбыл ауданынан – 28, Қарасайдан – 21, Талғардан – 18, Панфиловтан – 17 «Алтын белгі» иегері шыққанын мақтанышпен айтамыз. Ел үмітін, ұстаздары мен ата-аналарының сенімін ақтап, үздік білім нәтижелерін көрсеткен түлектерге арналып, Орталық алаңда өткен кеш шағын концертке ұласып, “Қоштасу” вальсімен тәмам болды.

Автор:
Өз тілшіміз