Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҚОҢЫР КҮЙДІҢ ТӨЛЕУІ ҚАЙТТЫ ФӘНИДЕН


7 июля 2010, 10:31 | 2 210 просмотров



Өмірден кім қайтқанын білесіз бе?

«Қаршығаны (Ахмедияров) аттандырып салып, біртүрлі болып келемін. Алдыңғы күні Алматыға барған бетім, түнде күзетте отырдық. Кеңсайға құтты орнына жерлеп, келе жатқан бетім осы. Сәл демалып алып әңгімелесермін..» Бұл – Төлеу аға Жайханұлының соңғы кезде айтқан әңгіме көрісінен есте қалған бір сыр, көрінісі еді. Сол күнгі бейнесі жадымда әлі тірі. Тіптен, ағамыз әлі де қасымда, сәл езу тартып күліп қойып, «Әй, «Қаратау» күйі дегенің сұмдық қой. Қаршығамен қоштасарда қалай ойналғанын тыңдасаң ғой! Бүткіл ел күңіреніп кетті ғой. Қазіргілер оны жете түсінбейді. Ал, Қаршыға қазақ күйінің – Қаратауы. Оған жай адамдар теңдесе бермейді... Жерлеу рәсіміне Иманғали да келіпті. Қарапайым, ауыл баласына ұқсас киініп. Ол да Қаршығаны жанындай түсінеді. Екі білегін сыбанып жіберіп, жалаң қолымен майдалап отырып топырақ салды...» Осылай деп, әңгіме жалғастырған. Қоңыр кеште екеуара болған бұл әңгіме де, сондағы Төкеңнің көңіл күйі де жадымызда...

Осы бір қазадан кейін Төкеңнің көңіліне ауыр бір қайғы орнапты. Ол ақыры есіл ағамызды арамыздан алып тынды. Әйтпегенде, ағамыз 70 жасын дүрілдетіп тойлар еді. Кезінде бұйырмаған атақ-абыройдың талайы да дәл сол 70 жастық мерей тойда бұйырар еді.

Батыстың төкпе күйін қаймағын бұзбастан Жетісуға жеткізіп, облыс орталығындағы Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжінде өмірінің соңғы сағатына дейін үзбей, 20 жыл қызмет еткен дәулескер күйші, сазгер Төлеу Жайханұлы ғұмырдан озды. Осы колледж қабырғасынан Республикалық және халықаралық 23 күйші шәкіртті тәрбиелеп, киелі күйдің биігіне көтерді. «Төкең тек қана лауреаттар тәрбиелейтін күйші...» деп қалжың айтатынбыз. Шымкент Мәдениет институтында қызмет жасап жүрген кезінде де талай шәкірттерді тәрбиеледі. Атақты сазгер Шәмшінің аяулы дос-інісі болды. Інілік ізетпен ағасына жан-жолдасындай серік бола білді. Кесек адам, өмірден қайтқанынша кесектігінен жаңылмады. Күйді ұғатын адамдардың ортасында ғана ойнайтын. Киелі күй мен қара домбыраға өте адал болды... Артында соңғы жылдары баулыған Бауыржан Қанабекұлы, Алмат Ардақұлы, Алмас Нұғыманов, Әйгерім Жайлұғылова...т.т. сияқты дарынды шәкірттері, өнердегі әрі өмірдегі серігі Света апайымыз, халықаралық математика олимпиадасының жүлдегері Әмір есімді немересі, ұрпағы ұрық-жұрағаттары қалды...

Жетпіс деген де жетелі жігітке аз жас па қалай?!

Қайта тумас хас күйші ағамыз Төлеу Жайханұлының қазасына қайғыра отырып, ол кісіні білетін барша жұртқа, дос-жаран, ағайын-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Жатқан жеріңіз торқа, иманыңыз жолдас болып, Алла барлық амалыңыздың сауабын жазсын. Хош. Хош бол, қайран аға!

Автор:
«Білім шапағаты» газетінің ұжымы.