Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Үйдің тұңғышын тәрбиелеуде сіз жіберіп жүрген қателіктер


3 августа 2017, 05:08 | 2 125 просмотров



Балалар бір-бірімен қатты бәсекелеседі, ұрысып, төбелесіп, ойыншығын бөлісіп, тәжікелесіп, қақысын қорғап және т.б. Бұл өздігінен еш қорқынышты емес. Ата-ананы шаршататын құбылыс. Үнемі ұрыса беретін болса, әдет болғаны. Жалпы еш зияны да жоқ. Бала бәсеке мен араласуды біреуден үйренуі керек қой. Сондықтан аға, әпкелері бар балалардың жолы болғаны. Олардың көз алдында «тірі тренажеры» бар. Олар ұрысып-татуласып, бір нәрсесімен бөлісіп, келісімге келіп үйренеді. Бұл стратегияның бәрін бала жастайынан қабылдап, дағдыланып, келіспеген кезде келіспедім деп, не келістім дей алатын болады, қаласа ұрысып, қаламаса басқа бір амалын қарастыруды үйренеді. Яғни, жағдайды дамытудың жақсы бастамасы бар: егер бала ұрысып, төбелеспесе ешқашан бәсекелесуді үйренбейді. Сондықтан олардың бәсекелесуі қалыпты жағдай. Егер үлкені кішісін үйде ұрып, соғып, күн көрсетпесе, сіз ойлағандай әдепті сөйлеспесе, бірақ аулаға шыға қалса кішісіне қамқор болып, ол құлап қалғанда үлкені жетіп келсе, басқа біреу тиіскенде үлкені қорғап алса, онда бәрі дұрыс. Онда балаларға алаңдамаңыз. Олардың қарым-қатынасы қалыпты деңгейде. Олармен дұрыс сөйлесу, сыйласу туралы көбірек пікірлесу керек. Кикілжің туғанда мәселені қалай шешу керектігін үйретіңіз. Ұрысты азайтып, келісімге келудің амалдарын көрсетіңіз. Жақсыдан одан артыққа деген ұмытылыс пайда болады. Бірақ кейде қарадүрсін қателіктер кетіп жатады. Бар жақсылықты жоқ қылатын жағдайлар туындап кетуі де ықтимал. Ондай қателікті өз отбасында сондай қателікпен өскен адамдар жібереді. Мұндай жан жарасы бар адамдар өте көп. Көбіне үлкен әпке, ағалар. Бір үйдің тұңғышы болғандар. Ата-ана үнемі көп жұмыс істейді. Кішісін көбіне үлкендері бағады. Кішілерін баққан үлкендері өздері ата-ана болғанда осындай жан жарасы барын сезеді. Кіші бала туған кезде үлкенінің балалық шағы бітіп қалған. Үлкені кішісіне 6-7 жастан бастап жауапты бола бастайды. Кішісін ойнату, ойыншығын оған беру, үнемі кішісінің еркелігін көтеру, соның қалауын орындау, өзінікін шетке ысыруға мәжбүр болады. Көбіне ата-ана үлкенін ерте өсті деп оны еркелетуді, қамқор болуды, мейірімін беруді ұмытып, үсті-үстіне талаптарын көбейтеді. Кішісі жыласа үлкені айыпты, кішісі құласа үлкені айыпты, кішісі ойыншығын жинамаса да үлкені жауапты. Осыдан барып қарым-қатынас қалыпты жағдайдан ауытқиды. Кейде бір адаммен қарым-қатынас тек қайғы-мұң тудырса, ондай адаммен байланысты үзгің келетіні бар. Кейбір ата-аналар үлкеніне кішісін тапсырып, меншіктеп қоятыны сонша, үлкендері көбіне сол жауапкершілікті өмір бойы арқалап өтетіні бар. Тіпті есейіп кеткен соң да. Кішісі есейе алмай, жауапкершілік алуды үйрене алмай қалады. Өйткені, ол да ата-ананың қамқорлығының орнына суррогат алған. Қанша жерден ақылды, мейірімді болса да 6 жасар бала ата-ананың орнын баса алмайды. Мың жерден ата-ананың талап еткен үдесінен шығып тұрса да баланың аты бала. Сол себепті кіші бала да өзіне лайықты қамқорлық пен мейірімге қанбай қалады. Құмырасы толмайды. Ол тек суррогатқа қанағат етті. Құмырасы толыспады, сепарация жүрмеді (бір затты екіншісінен айыру), мұндай бала көбіне инфантильді күйінде қалады, бірдеңеге тәуелді боп, өмірлік қиындықтарын шеше алмай, тұрақты қарым-қатынас құра алмай. Ал, үлкені керісінше көп нәрсеге қол жеткізеді. Өзіне сенімді болып өседі. Жауапкершілігі мықты болады. Бірақ адамға сенуі тым қиын. Оның біреуден көмек сұрауы қиын. Өзгенің қолдауын қабылдауы екіталай. Бұның бәрі өмірлік маңызы бар құбылыстар. Ол отбасылық қарым-қатынасқа да, достыққа да әсер етеді. Содан адам орта жасқа жеткенде өмір сүру ынтасы таусылып қалғандай күй кешеді. Үнемі өзгелердің жүгін арқалап өтуден шаршайды. Өзгеден көмек сұра алмаудан қиналады. «Кішісіне қара, соған бер» дегеннің астарында «бізге қиындық тудырма» деген сөз тұр. Кіші балаға сен қара деген емеурін. «Сен оның айтқанына көнесің, оны ойнатасың, ол үшін бәрін істейсің. Ол жыламасын. Біз оған уақыт бөлмейік» деген сөз. Ата-аналық ресурстың жетіспеуі, ата-ананың уақыт тапшылығы, шаршауы, кіші балаға уақыт бөле алмауынан олар бар жауапкершілікті үлкеніне артып қояды. Бұл дұрыс емес.Людмила Петрановская, психологАударған Шынар ӘБІЛДӘ

Автор:
bakittiotbasi.kz