Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ақпараттар ағыны


7 июля 2010, 11:53 | 1 721 просмотр


50 мыңыншы түлек дипломын алды

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті оқу орнының 50 мыңыншы түлегіне мамандық дипломын салтанатты жағдайда табыс етті.

Конгресс-Холл сарайында өткен шараға университетті әр жылдары басқарған ректорлар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Кенжеғали Сағадиев пен Бекен Әлімжанов, сондай-ақ оқу орнының бұрынғы түлектері болып табылатын Парламенттің аталмыш палатасының тағы бір топ депутаттары, бірқатар жекеменшік кәсіпорындар мен мемлекеттік органдардың басшылары, Қазақстандағы Қытай Елшісі Чжоу Ли және Қазақстандағы Үндістан Елшісі Ашок Санджанхар қатысты.

«Астананың тұңғыш жоғары оқу орны болып саналатын ордамыз өзінің алғашқы дипломдарын 1963 жылы 250 түлекке табыстады. Уақыт өте келе, бұрынғы Ақмола кейіннен Целиноград ауыл шаруашылық институты болған ЖОО-да жаңа факультеттер ашылды. Ал 1975 жылдан бастап орта есеппен алғанда жылына 1200 түлекке өмірге жолдама беріліп келді. Міне, биыл ҚазАТУ бұл құжатты білім қуған жастарға 48-ші рет тапсырғалы отыр. Бүгінгі таңда біздің түлектер жұмыс істемейтін бірде-бір өңір мен мемлекеттік орган жоқ», - деп атап өтті өз сөзінде университет ректоры Айтбай Бұлашев.

Биыл ҚазАТУ қабырғасынан 1496 студент түлеп ұшатын болса, оның 194-і оқуды үздік аяқтап отыр.

А.Бұлашевтың айтуынша, 50 мыңыншы түлек - дипломдарды тіркеу реті бойынша анықталды. Шараның соңына дейін жасырын болып келген студенттің есімі - Мұрат Рақымжанов. Техникалық факультеттің түлегіне арнайы дайындалған медаль, сертификат пен 100 мың теңге көлеміндегі сыйақы табысталды.

Қомақты қаржылай сыйлықты сондай-ақ, «Ең үздік студент» атанған Жадыра Имашева және әр факультет бойынша үздік деп танылған 8 студент алды.

Ақордада шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезектен тыс мәжілісі өтті

Ақорда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезектен тыс мәжілісі болып өтті.

«Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атындағы Халықаралық университетінің- «Назарбаев Университетінің» ресми ашылуы болды. Әлемдегі үздік университеттердің бағдарламалары бойынша жұмыс істейтін және елімізге қажетті әрі заманауи мамандарды даярлайтын Елордамызда осындай жоғары оқу орнының ашылуы, Елбасының еліміздегі оқу жүйесінің сапасын көтеру, сондай-ақ, жас мемлекетіміздің болашағына нақты қамқорлығының айғағы. Жаңа университет жас қазақстандықтарға жоғары білім беріп, сонымен қатар, оның дипломының халықаралық білім жүйесінде танылуы мен кең қолданысын қамтамасыз етеді. Жаңа университет Астананы танылған халықаралық білім және ғылым орталығына айналдырып, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін көтеретініне мен кәміл сенемін», - деді Қанат Саудабаев.

«Назарбаев Университетінде» болатын мамандықтардың кең ауқымын ескере отырып және қаржыны еліміздің оқу жүйесіне жолдау мақсатында, бүгін біз «Болашақ» президенттік бағдарламасында қазіргі уақытта белгіленген ұқсас мамандықтарды қысқарту жөніндегі мәселені қарауға тиіспіз. Енді аталған мамандықтар бойынша үміткерлер «Назарбаев Университетіне» оқуға жіберіледі», - деп атап өтті Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша 2010 жылғы «Болашақ» халықаралық стипендиясының Басым мамандықтар тізбесіне тиісті өзгертулер енгізілді.

Автор:
«БШ» ақпарат