Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Жыр ғұмырдың жалыны


13 июля 2010, 12:28 | 2 137 просмотров



Поэззия кеші

Жақында өлеңін «Сенсіз күндер – менің өлген күндерім, жыр жазған сәт - өмір сүрген шақтарым» - деп жырлайтын ақын-ұстаз Алтыншаш Жақиянованың «Өзіңсің, өлең, серігім» атты «Жанымның нұры» жыр кітабының тұсаукесер кеші өтті. Бір емес, осымен екінші кітапты жарыққа шығарған ақын ел алдында есеп беруді жөн санапты.

Қазақтың қара шаңырағы қазақ гимназиясында өткен ақын кешіне шынымен де өлеңнің қадір-қасиетін түсінер жандар жиналыпты. Тіл жанашыры Тоқтар Әкіш, асыл сөздің салмағын танитын Жәмет, Қанапия ақсақалдар, өнерді қолдар азамат Советхан Әлімбай, Тұрысбек қажы, ақын Бижамал Тұрсынқызы, Шеңгелділік ақын Бақыт, «Нұрлы өлке» газетінің бас редакторы Алтынбай Сиқымбек, жас тілші Айдос Байшағыров және де өлең сүйер оқушылар кештің құрметті қонағы болған еді. Кешті зор ырғақты дауысымен ақынның құрдас досы Серікболсын Қыдырбайұлы жүргізді:

Құрметтеген ақыны ірі халқын,

Жүректерде жатталсын жырың, алтын

Құтты болсын «Жаныңның нұры» мына,

Тұсау кесіп жатырмыз бүгін, Алтын!

Ұстаз да сен, ақын да, ана да сен,

Кей мінезің ұқсайды бала десем

Кәусар бұлақ жырыңмен сусындатып,

Арамызда жүре бер аман-есен! – деп құрметтеп ақын Алтыншаш Жақиянованы ортаға шақырды.

«Жанымның нұры» - жан жырым,

Жырымның тыңда барлығын

Ақының не деп толғапты,

Байлаған жырға тағдырын.

Болатын алда тойым бар,

Жырым бар жұртым мойындар

Бүгін бір есеп сіздерге,

Берейін деген ойым бар,-деп ақын өрнекті өлеңмен халықпен амандасты. Қазақтың арманы орындалған құтты қоныс бүгінде білікті ұстаз, осы кештің ұйытқысына себепкер жан Сәуле Нұрсолтанова басқарып отырған қазақ гимназиясын

Мақтауын алып мың озат,

Осында оқып жүр қазақ

Ішінде шіркін адасып,

Жүргеннің өзі бір ғажап,-деп әдемі жырына қосыпты.

Қасиетті Түркістанда кіндік қаны тамған ақын бірінші бөлімді туған жерге арнапты.

Майданталым, қайран туған ауылым,

Өзіңде өтті балалығым, сауығым

Баяғыдай барамын да, тұрамын,

Сенде менің анам, әкем, бауырым, - деп перзенттік сезімін толғап бірнеше жыр оқыды. Туған жер дегенде тек жаныңа ыстық жақын жандар еске түседі емес пе, дүние салған анасы мен бауырына арналған өлеңдер де тыңдарман назарынан тыс қалған жоқ.

Анам жоқ енді күтетін санап әр күнді,

Жалған тірлік-ай көріп ақ тұрмын нарқыңды

Ашылмас енді анамның ыстық құшағы,

Тоқтады бәрі өзен де, көл де сарқылды,- десе, бауырына арнап:

Ауып барад бесінім, аусын жаным,

Құтпан бітсе менің де таусылғаным

Сенің мәңгі жаныңда жүру үшін,

Қалап жүрмін өмірдің таусылғанын,-деп жақындарын еске алып, өлеңіне мұңын шағады. Осы өлеңдерден кейін «Өзің боп өлең серігім» өлеңіне жазылған әнді осы киелі шаңырақтың музыка мұғалімі, термеші Күмісай Құрбанова тамаша орындады. Кезекті бөлім-махаббат тақырыбында да ақын аянып қалмады.

Сен мені түсінбедің,

Ішімде мұң.

Бір күні жарылады

Ішімдегім,-деп махаббатының алдында ағынан жарылды. Сырлы өлеңдер сырғып, тыңдарман жұрттың жүрегінен орын тауып отырды. Кеште ақынның өлеңіне жазылған әсем әндер де орындалды. «Асылым анам» әнін жазған Сәденов Жанаттың шәкірті Торғай, «Сағындым әже» өлеңіне жазылған әнді Нұрғалиева Майсәруер апайдың сүйемелдеуімен Д.А.Қонаев орта мектебінің оқушысы Дидар Еш-

мұхамедов, «Әнім сенсің, Қапшағай» әнін Еркежан Нұрпейісова орындады. Бұл өлеңге ақынның ұлы Әділет Жақиянов ән жазған екен. Поэзия сүйер жастар Д.Қонаев мектебінің оқушылары ақын өлеңдерін көркемдеп оқыды. Ертеңінен көп үміт күттірер Серікболсын Мөлдір мен №3 орта мектеп оқушысы Күнболат Шолпан өлеңді асқан шеберлікпен оқыды. Қаламыздың беделді әншісі Алмаз Мәдиева Кеңес Дүйсекеевтің «Еркеледің, сен» әнін орындап, ақынды биге шақырды.

Алтыншаш Жақиянованың сатираға да қалам тартқанын танып, күлкіге батқанымыз да болды. Қалалық аурухананың білікті хирург дәрігері Ринатқа былай деп өлең жазған екен:

Өшіңді бала, алайын деген боларсың,

Тұра тұр бәлем, осыдан жеңгең оңалсын.

Соқыр ішегім бір керегіңе жараса,

Мойныңа қызыл орамал болып оралсын.

Маман екеніңе көңілім кәміл толғанмен,

Түсінбес жай бар, бәрі де жақсы болғанмен.

Ішек-қарнымды шығарып қойып далаға,

Әңгіме дүкен құрғаның қалай Ольгаңмен?-деп сынайды қайнысын. Иә, бұл да ақынның бір қыры, әдемі де орынды әзіл.

«Өмірімнің өзегі» деген бөлімінде:

Сен немерем бірге келсең осы күн,

Апаң ашты елу жастың есігін

Өмірімді жалғастырар сен барсың,

Мен өмірдің керуен тартқан көшімін,-деп ақын соңғы бөлімде шаңырағының шаттығына тоқталып, соңғы нүктесін әдемі қорытындылады. Осынау отасқан отыз жылда өнерін қолдап, еңбегін елеген жарын кеш қонақтары құрметпен ортаға шақырды.

Кейде айналып уақыттың мазағына,

Ақындықтың төзесің азабына

Жарым келсе тастай сап қағазымды,

Атып тұрып жармастым қазаныма.

Өнерімді түсінер кез болыппын,

Бағым жанып жігіттің сабазына,-деп мақтан еткен ақынның жары Ықсан аға да суретші дарын иесі ғой. Көрермендер қолпаштап шапалақ ұрып құрметке бөледі.

Келген қонақтардың көбі дерлік сөз сөйлеп, лебіздерін айтып, алғыстарын жаудырды. Рухани құндылыққа шөліркеген біздер кеш әсерінен көпке дейін арыла алмағанымыз рас.

Күндіз-түні қинап жүр өлең мені,

Муза, сені түсімде көрем тегі.

Қаңырап тұрған сахнада ән саламын,

Табылмаған әншідей көрермені,-дейді ақын бір өлеңінде. Десе де жиналған ортаны аздық етпедік, кешке келем деп уәде берген құзырлы биліктегі ағаларымыз бен әкпелеріміз жұмысбастылықтан босай алмаған сыңайлы. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген ғой халық даналығы. Ұлы Абай өмірге келген топырақтың киесі жібере ме, жанында ақындықтың ұшығы жатқан Советхан Әлімбайдың:

Келінім, баға бердім, анаңнан туылыпсың ел ақыны боп,

Рас мұным, ақынның жұрттан басқа жақыны жоқ

Сен дәл қазір ақын емессің, жаныңда ӘКІМІҢ жоқ,

Әкімің де бүгін әкім емес, қасында оның ақыны жоқ!-деп қойып қалмасы бар ма? Әрине, мұндағы ой елі мен жерінде, тілі мен дінінде бодауы жоқ қазақ ақынын бағаласын деген әңгіме ғой. Не де болса,

Кешір халқым, жайыңды таба алмасам,

Кешір мені сендерге жаға алмасам

Лапылдаған отың боп жана алмасам,

Өзенің боп сарқырап аға алмасам,-дейтін ақын үшін, маңыздысы халық боп қала бермек.

Автор:
М.Мыса, «Қапшағай» газетінің тілшісі