Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Балалар қанша жастан бастап мал союға куә бола алады?


4 сентября 2017, 04:03 | 2 364 просмотра



Балалардың жан дүниесі 12 жасқа дейін жақсы нәрселер мен қуанышты сәттерді сезінеді. Яғни балалар үшін дүние әдемілікке толы және бақыттың отауы. Сондықтан да, олардың қиялдарын кірлетіп, ойларының бұзылуына жол бермеу керек. Өлімге куә болу балаға ауыр тиеді. Құрбан айтта немесе басқа да кез-келген күнде 12 жастан кіші балалардың жануардың өлімін тамашалауы ішкі жан дүниесі тұрғысынан дұрыс емес. Құстың өлуі, мысықтың жаралануы, иттің қиналуы балада кері әсер байқататыны секілді жануарлардың бауыздалуы да өте жаман әсер етеді. Көптеген мұсылман отбасылар баласына діни рәсімді көрсету үшін оны құрбан сойылатын жерлерге ерте барады. Тіпті, кезінде ата-аналары өзін де құрбан сойылатын жерлерге апарғанын алға тартып: «Бізге ешнәрсе болған жоқ, балаларыма да ешнәрсе болмайды» деп ақтап алғысы келеді.Сіз құрбан шалып, міндетімнен құтылдым деп қуанып жүргенде балаңыз оны сіз секілді діни тұрғыдан қабылдай алмайды. Бала жануардың мойнына тиген пышаққа назар аударады. Оны сойып жатқан кезде оның қорқынышын сезініп, жан тапсырардағы тыпырлаған аяқтарына көңіл бөледі. Сіз «балама құрбан союдың қалай болатынын көрсеттім» деп жүргенде балаңыз оны «жан алу», «қыру» ретінде қабылдауы және жан дүниесі көтере алмауы мүмкін. Малды союшы әкесі болса, әкесіне деген көзқарасы өзгеріп шыға келуі ғажап емес. Өте кішкентай кезінен мал союға куә болған балалар еттен жиіркеніп, сезімталдығын жоғалтып алуы жиі кездесетін жағдайлар. Сойылып жатқан малдың қиналғанын көрмей, тыпыршығанын сезінбеу үшін өзінің сезімдеріне көңіл бөлмеуді және қиналуларды елемеуді үйренеді. Сондықтан да, 12 жастан кіші балаларды құрбан сойылып жатқан жерлерге апаруды педагогтар құптамайды. 7-12 жас аралығындағы балаларға құрбанның сойылуы, етіннің таратылуы ауызша түсіндіріліп, одан кейін ет тарату үрдісінде балаға жауапкершілік жүктеуге болады, тіпті бұл өте пайдалы. Осы жастағы балалар құрбанның сойылуын көз алдына елестете алады, бірақ куә болмағаны жөн.7 жастан кіші балаларға құрбан айтты құрбан сою, қан ағызу немесе ет мейрамы секілді түсіндірмей, оның орнына керемет мейрам ретінде сезінуіне жағдай жасау керек.Ата-аналар бұл қағидаларға сай әрекет етіп, баласын аман сақтап қалғысы келгенімен, айналасындағы үлкендерде ондай жауапкершілік болмаса, мәселе толығымен шешілген болып есептелмейді. Сондықтан да, өзі білетін қағидаларды басқа адамдармен бөлуісі шарт. Ең бастысы, балалар үшін құрбан айт мейрамын тек қана құрбан шалумен шектемей, оны ерекше мейрам ретінде атап өтудің жолдарын қарастыру қажет. Құрбан айт мейрамдарыңыз құтты болсын!Ізгі ниетпен,отбасылық кеңесші, тәжірбиелі педагог, коуч-тренер Елжас Ертайұлы

Автор:
bakittiotbasi.kz