Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Балабақша - бақыт бесігі


13 июля 2010, 14:12 | 2 274 просмотра



Соңғы жылдары еліміздің өсіп - өркендеуіне орай, білім беру саласында да елеулі өзге-рістер жүргізілуде, соның ішінде мектепке дейінгі ұйымдарға яғни, балабақшаларға көп көңіл бөлініп, баланы дамыта оқытуда түрлі әдіс-тәсілдер жасалуда. Оқытудың, тәрбие-леудің мазмұнын қоғам дамуының қарышты қадамына сәйкестендіріп, оны шырқау, биік-терге көтеруге бағытталған тың әдіс – тәсілдер жасалуда. Нәтижесінде тұтас педагогикалық үрдістер өзгертіліп, білім берудің тиімді деп танылған жаңа технологиялары дүниеге келуде.

Кез келген оқыту технологиясы оқытушыдан терең теориялық, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік білімді, үлкен педагогикалық шеберлікті, балалардың жан дүниесіне терең үңіліп оны ұғына білуді талап етеді.

Оқыту технологиясына белгілі ғалым В.П.Беспалько «Практикада іске асатын нақты пе-дагогикалық жүйе - жоба», - деп анықтама береді. Ғалымның пікірінше, бұл педагогикалық жүйе жеке тұлғаны қалыптастыруға ықпал ететін арнайы ұйымдастырылған, белгілі мақсат көздеген, бір-бірімен өзара тығыз байланысты әдіс – тәсілдер жиыны.

Ал, Ресей ғалымы В.М.Манахов педагогикалық технологияны оқыту үрдісін жобалау, ұйымдастыру мен жүргізудің ойластырылған үлгісі ретінде түсіндіреді.

Қазақ халқының XX ғасыр басындағы зиялылар қауымының көрнекті өкілі, ойшыл оқымысты, білімдар ұстаз-ғалымы Ж.Аймауытов сабақты ізденіске баулитын өнер түрі ретінде бағалаған.

Неміс педагогі А.Дистервег өзінің әйгілі «Неміс мұғалімдерінің білім беру ісіне басшылық» атты еңбегінде: «Жаман мұғалім ақиқатты өзі айтып береді, жақсы мұғалім баланың өзін ізденуге жетелейді, ойлауға үйретеді», - деген.

Тәрбиелей отырып оқыту барысында жаңа технологиялық әдістерді пайдалану балалардың ойлана білу қабілеттерін дамытады, олардың білім сапасын жақсартады, ой - өрісін кеңейтеді, есте сақтау қабілеттерін өсіреді.

Оқытудың жаңа технологияларының біріне – «Сын тұрғысынан ойлау бағдарламасы» бойынша ұйымдастыру жатқызылады.

Сын тұрғысынан ойлау дегеніміз, педагогтің бағыттауымен баланың өз бетінше білімді игеруі, кейбір практикалық іскерліктерін қалыптастыруы.

СТО қабілеттері дамыған сайын балада төрт параметрдің көрсеткіші өседі: жекеден-жалпыға, диференциалдыдан-сенімділікке, интуициядан - логикалыққа, бір перспективадан-көптеген перспективаға. Бұл көрсет-

кіштерді өсіру үшін бала бойында өз бетінше тұжырым, қорытындыға келу қабілетін, ұқсас құбылыстар арасынан тиімділерін таңдай білуін, проблеманы шеше білуін, пікірталасты жүргізе білу қабілеттерін қалыптастыру қажет. Бұл әдісте талданып отырған мәселе бойынша әрбір бала өз топшылауын, өз пайымын білдіреді, өзіндік дәлелдер келтіреді, басқалардың ой түйіндерін сынайды, олардың мәнді, мағыналы жақтары жөнінде өз пікірін, өз тоқтамын жасайды. Бұл әдіс балаларға да, оқытушыларға да үлкен жауапкершілікті жүктейді. Оқыту әдістерін жетілдіруге, дамытуға олардың ғылыми білімдегі орнын аңғаруға қолайлы жағдаяттар жасайды. Мұндай әдістер, әсіресе, табиғатынан тұйық, өз ойын тәптіштеп түсіндіруге шалағай, өздеріне сенімсіздеу, талданған мәселелерден, баяндалаған тақырып мазмұнынан тиісті байлам, түйін жасауда жасқаншақтық байқататын балаларға пайдасы өте зор. Сабақ барысында балалардың сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін жетілдіруге, дамытуға арналған оқыу технологиясы оларға еркін ойлауға байланысты, баяндалған мазмұнынан тәуелсіз пайымдамалар жасауға мүмкіндік береді, шығармашылық белсенділігі жоғарлайды, ұжымдық ойласу, ұжымдық тұжырымдамалар жасауға белсене ат салысады, ұжымдық қорытындыда өз үлесі бар екенін сезіп қуаттана марқаяды, келесі мәселелер түйінін шешуге еркін араласады, өз ойын жасқанбай айтуға үйренеді.

Балабақшада СТО бағдарламасының элементтерін қолдану барысында, бала өзі жұмыс істейді, жолдастарына көмектеседі, олардан көмек алады, тәрбиеші түсінігін қолданады, өз ойын тұжырымдауға үйренеді, есте сақтауы жақсарады, яғни топтық жұмыста ол топтың мүддесін қорғау үшін талпынады, тырысады.

Білім – бәсекеге қабілеттіліктің басты өлшемі екені белгілі. Біздің балабақшадағы педагогтер қауымы ұлы істердің ұйытқысы болып, еліміздің болашағы жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу жолында оқытудың жаңа технологияларының элементтерін қолдануда.

Ата – аналардың және тәрбиешілердің өздерінің кішкентай азаматтарынан күтетін үміттері жоғары деңгейде екені баршаға мәлім. Сондықтан, қоғамдық ортада өз ойын еркін де толық жеткізе білетін, бәсекеге қабілетімен құзіретті, шығармашыл, кез келген іс-әрекетке жан-жақты көзқараспен қарайтын, білімді тұлғаны дамыту және қалыптастыру тәрбиешінің міндеті деп ойлаймын.

Автор:
Б.А.Нуриахметова, «Балдәурен» балабақшасы, Ескелді ауданы