Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ғазиз жүрек Ғалидің нұрлы әлемі


14 сентября 2017, 11:43 | 1 232 просмотра



Алматы облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының, С.Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапхананың ұйымдастыруымен халық ақыны Ғали Ормановтың туғанына 110 жыл толуына орай «Ғазиз жүрек Ғалидің нұрлы әлемі» атты әдеби-танымдық кеш өтті. Бұл айтулы шара үш үлкен мақсатпен өткізілді. Алдымен, Елбасы Жолдауының ел өмірінде алатын орны қаузалып, осы бағытта өлкемізде атқарылып жатқан жұмыстардың ретімен толыққанды танысу. Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы зиялы қауым өкілдерінің ой-пікірін ортаға салу. Туған халқының ақынға көрсеткен құрметі мен әлі де атқаруға тиісті шаралар жайлы пікір алмасу. Сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен жастар арасындағы шығармашылық байланысқа алтын көпір салуды көздейді. 

Шараға облыстық басқарма басшылары, Жетісу ақын-жазушылары, Ардагерлер кеңесінің мүшелері, әдебиетшілер, студентер мен оқушылар және БАҚ өкілдері қатысты.Жиында Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуалиев сөз алып, «Ғали Орманов қазақ әдебиетіне 20-шы жылдардың соңғы ширегінде келген, қазақ поэзиясының қалыптасуына, дамуына, өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан ақынның бірі. Біз осындай кемеңгер тұлғаларды ескермесек, болашаққа жасаған жоспарымыздың жүзеге асуы екіталай. Ақынның адуынды жырлары жастардың санасына нұр құяды әрі рухани жаңғыруына септігін тигізеді» деп, болашаққа бағдар жасады.Расымен де, дарынды талант иесі үздіксіз жазып, өнімді еңбек еткен ақын. Оның таңдамалы шығармалары қазақ әдебиеті тарихында көрнекті орынға ие. Кешті ақын Қажет Андас жүргізді.– Абыз Жамбылдың жанына қазақ­тың заңғар жазушы-ақындары – Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сырбай Мәуленов, Әбділдә Тәжібаев, ­Тайыр Жароков сынды таланттар топтасты. Сол жылдары Жамбылдың қара шаңырағы – қазақ әдебиетінің қара шаңырағына айналды деуге болады. Сол шаңырақтың әдеби хатшысы Ғали Ормановтың осы тұстағы қағазға түсірген шығармаларының өзі терең талдауды қажет етеді. Сонымен қатар Ғали ­Орманов жалғыз қазақ әдебиеті ғана емес, орыс әдебиетінің де мақтан тұтар тұлғасы. Шебер аудармашы орыстың ұлы жазушылары – ­Николай Тихонов, Леонид ­Соболевтермен тығыз шығармашылық достық байланыста болған. Мұның өзі зерттеуді талап ететін маңызды шаруа екендігін айтты, – деді ақын шығармашылығына қысқаша баяндама жасаған Қ.Андас.Қазір қаламгердің жазған барлық шығармасы қызы Жамиға Орманованың қолында сақтаулы. Қаламгерлер осы шығармаларды кітап етіп басып шығару керектігіне тоқталды. Биыл Жетісудың 100 томдық кітабы жарық көрмек. Алдағы уақытта лирик ақынның да туындылары осы топтамалардың тізіміне енетін болады. Бұл бастаманы өңір әдебиетшілері бірауыздан қолдап отыр. Осы мәселе жөнінде филология ғылымының докторы, профессор Мұратбек Иманғазинов өз пікірін ортаға салды.– Ол кісінің шығармалары қазақ хал­қы­ның өткен тарихын, шежіресін, көр­кемдігі мен сұлулығын жеткізіп тұрады. Ақын­ның жазғандары шын мә­нінде қазақ­тың болмысын танытатын туын­дылар. Сондықтан осы шарада көтері­ліп отыр­ған мәселелер жүзеге асса, жастарға тигізер пайдасы көп болады, – деді профессор.Ақынның өлеңімен сусындаған халық, оның шығармашылығына ғана тоқталып қалған жоқ. Мәселен, осыған дейін ақын есімі көшеге берілген болатын. Сонымен қатар І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне қарасты кітапхана да ақынның атымен аталады. Ақын ескерткішімен іргелес тұрған №4 орта мектепке оның есімін беру туралы ұсыныс та айтылды. Бұл мәселе 2015 жылы Талдықорғанда «Ғали Орманов – майталман лирик ақын» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында айтылған-ды. Бірақ әлі күнге ешқандай өзгеріс жоқ.Осы орайда ақынның жерлесі, Б.Римова атындағы облыстық драма театрының актері Сағындық Жұмаділов: «№4 орта мектепке ақынның атын берсек, ол біздің осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қосқан үлесіміз болар еді. Әрі жастардың ақынға деген құрметі артпаса, кеми түспейді. Сондықтан бұл бастаманы аяқсыз қалдырмау керек» деп қолдауын білдірді.Тағы да айта кететіні Ғали Ормановтың журналистік қыры, осы бағытта атқарған жұмыстары жайлы зерттеу жұмыстарын жүргізсе, құба-құп болар еді. Ол кісі «Социалистік Қазақстан», «Әдебиет және искусства» газет-журналдарында істеп жүрген кездері Қазақстанды ғана емес, тіпті шетелдерде шығармашылық сапарда болды. Мысалы, 1961 жылы КСРО жазушыларының құрамында ­Румынияда болып қайтты. Азия, Африка жазушыларының V мәслихатының делегаты болды, Тбилисидің 1500 жылдығына арналған жиынға Қазақстан атынан барды. Жалпы Ғали Орманов туысқан әдебиет өкілдерімен айталық, Әлім Көшеков (Кабардин-Балқар), Давид ­Кугультинов (Қалмақстан), Мырза Тұрсын-Заде (Тәжік-стан), т.б. өзбек, түркімен, қарақалпақ, қырғыз қаламгерлерімен достық қарым-қатынаста қоян-қолтық араласты. Мұның бәрі де ақынның өмірінің өнегелі, ғибраты мол кезеңдері.Қазіргі таңда ақын дүниеге келген Жетісудың шұрайлы өлкесі Қапал ауылында бұл білім ордасының музейінде оның қолжазбалары, жыр жинақтары, марапаттары, отбасымен бірге түскен суреттері, тұтынған бұйымдары, Дінмұхамед Қонаев сыйлаған сағаты, Ғабит Мүсірепов тарту еткен домбырасы, Ғабиден Мұстафин естелікке берген М.Горькийдің мүсіні, Грузия жазушыларының сыйлығы сақталып тұр.Көрнекті ақын қазақ әдебиетінде бүгінгі ұрпақ үшін өз орнын алған қаламгер ретінде кеңінен танылған. Жауһар жырлары қазақ поэзиясын қалыптастыруымен бірге заманауи ел өмірінде ерекше көрініс тапты. Оның қазақтың қасиетті қара өлеңін жаңа қырынан танытқан ұшқыр қиялы, өзіндік ұйқасы әдебиетіміздегі тамаша үлгіге айналды. Өршіл өмірі мен шығармашылық жолы бүгінгі және келешек ұрпақ үшін үлгі-өнеге болып қала бермек.Кеш соңында «Ардагер-әжелер» ан­самблінің әншісі Шара Бөркеқызы ақын­ның «Орамал» атты өлеңіне жазыл­ған Әбілахат Еспаевтің әнін орындап, көпшіліктің көңілін бір көтерді.