Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Бауыржан Жақып өлеңдеріндегі ұлттық реңк


13 июля 2010, 14:30 | 4 597 просмотров



Абайдың Қасқабұлағы,

Халқымның аққан жыр-әні.

Көрмедім сендей тұманы,

Жағаңда сенің киелім,

Ұлылар ғана туады.

Бауыржан ақынның кіндік қаны тамған жерге деген перзенттік махаббаты жырланған бұл өлең ұлтымыздың біртуар ұлы ұлдарына мекен болған Шыңғыстау өңірі жайлы сыр шертеді.Әр ақын-өз елінің,өз жерінің перзенті.Өйткені ол балаң ойдың желкенін көтергенше өз жерінің сылдыр қаққан бұлағы мен сыбдыр қаққан құрағынан қиялына қанат бітіртіп,ақындық атты үлкен өмірге алғашқы қадамын содан бастайды. Ол-әр ақынның азаматтық парызы десек, Бауыржан ағамыз «Абайдың Қасқабұлағы»өлеңінде ақын мен оның туған жерін ажырамас бірлікте жырлай отырып, атажұртқа деген жүрек лүпілін былай жеткізеді.

Абайдың Қасқабұлағы,

Елімді қорғар қылыш па ең?

Жеріме біткен ырыс па ең?

Етпеттеп жатып жағаңда,

Бала Абай сенен су ішкен

Іштегі өртін сөндіріп,

Дана Абай сенен су ішкен.

Бала Абайдан дана Абайға дейін ақын сырының куәсі болған Қасқабұлақ сондай-ақ:

...Шақпаққа бара жатқанда,

Шәкерім бетін шайған су,

...Әуелеп шабыт қуған су,

Әуезов үні туған су,

Мұқаңның сөзі тұнған су.

Туған жерінің тарихын терең білетін ақын өзінің оған деген сүйіспеншілік сезімі мен азаматтық көзқарасын осылай таныта отырып, ұлылар туған өлкенің құтын қашырып, киесін кетіруге тырысқан тоталитарлық жүйе мен ядролық сынақ зардаптарына налиды да:

«Отыз жыл ойран болса да» суы Абай жырларындай мөлдіреп жатқан Қасқабұлақ арқылы жанын жұбатады.

Қазақта «Ат тұяғын тай басар»деген сөз бар. Бауыржан Жақып-өзі өлеңмен өрнектеген өлкенің өлмейтін тарихын жасаған ұлылар - Абай, Шәкерім, Мұхтарлардың өкшесін басып келе жатқан талантты ақын. «Алдыңғы толқын ағалардың» жолын «кейінгі толқын інілердің» жалғастыруы-табиғи заңдылық. Оның үстіне ұлтымыздың ұлы ұлдарының табанының табы қалған топырақты басып,бетін жуып, іштегі өртін өшірген суды ішіп өскен ақынның талантты болмағы дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Адам баласына қасиет, кие туған жерінен, өскен ортасынан бітеді десек, бұрынғы Семей облысының Абай ауданында дүниеге келген Бауыржан Жақып-бірнеше жыр жинақтарының авторы. Оның «Аудитория», «Қарлығаш», «Бір кеменің үстінде», «Баспалдақтар», «Аралым-арым,Балқашым-бағым» атты өлеңдері ұжымдық жыр жинақтарына енгізілсе, «Жұлдызды шақ», «Көзімнің нұры», «Айдындағы аспан»(1996), «Ақ лақ»(1997), «Қолтаңба»(2001)атты жеке өлеңдер жинағы жарық көрген.

Лирика-ақынның көңіл-күйі, сезімі жырланатын сюжетсіз шығарма десек, Бауыржан ағамыздың «Ұста шал»өлеңінде сюжет бар деуге болады. Оны «Ауыл шетіндегі дөңде ұста шалдың дүкені бар болатын. Оның иесі-көптің қадіріне бөленген Әлімбек ақсақал таң бозынан тұрып, бар маңайды құралдарының даусымен оятады.Өзі-қоңқақ мұрын, шот маңдай, шодыр мінез, қайшы мұрт, қашау қасты, шеге көзді, біртоға адам, бірақ ашуланса тілі ашты. Көпті көрген қария әңгімешіл,көріпкелдігі де бар, кеуде керіп мақтанбайды. Барлық жұртты қолынан шыққан бұйымдарымен риза қылатын Әлекеңнің жасаған шанасы лирикалық қаһарманға да балалық бақыт сыйлаған»,- деп мазмұндауға болады. Яғни, бұл өлеңде оқиғаның өтетін орны, оған қатысатын кейіпкерлер (шал,ауыл адамдары, ақын), басты кейіпкердің портрет, мінез ерекшелігі, яғни жалпы образы сомдалған. Өлеңнің өн бойында айтылған осы жайларды автор:

Қолынан шыққан заты көзге ілінсе,

Қалады аты аталып Әлекенің,-деп тұжырымдап, ұста шалға деген ел құрметін шынайы жеткізеді. Лирикадағы сюжет мәселесі басқа алдағы уақыттағы тақырыптың еншісі екенін айта отырып, мен бұл мақалада ақын өлеңдеріндегі ұлттық колорит бояуының басымдығына назар аударуды басты мақсат еттім. Бұл өлеңде де ұлттық дәстүр-ұсталық: «Балқытып, иіп темір-терсегіңді, Құяды неше түрлі қалып қылып»,- деп шебер суреттеледі. Содан шыққан бұйымдар-шалдардың таяғы, шөңке, шөміш, ат әбзелдері, дөңгелек жер үстел, баланың бесігі, шана т.б. бүгінде бірен-серен қазақи дәстүр сақталған ауылда болмаса, негізінен тұрмыста қолдануда шығып бара жатқан заттар арқылы автор ұлттық дәстүрді дәріптейді.

«Күлжан апа»өлеңінде қазақи иіс аңқып тұрған ауыл балсының ұлттық дәстүрден сусындап өскен кейпі лирикалық қаһарманның:

...Сары қымыз берген сапырып,

Саратан айы қалды алыс

...Бүлдіргеніне Байпақтың

Бармадым қанша жыл өтті.

...Қойтасқа қойды өргізіп,

Қойбүлдірген тергізіп,

Қою шай ішкен күндер-ай,

Қойқаңдап атты желгізіп,- деп жырланған жолдардағы сағыныш сезімінен айқын аңғарылады.Ұлттық тәрбиеге сусап жүрген бүгінгі балаларға мұның бәрі таңсық десек те, бойында қазақтың қаны бар ақынның өзі сияқты азаматтардың көбі бір кезде қара борбай бала болып, осы бақытты басынан өткергендігіне тәнті болмасқа шараң жоқ. «Сары қымызын сапырып, сары ірімшігін қайнатып, сары бауырсақ пен тортасын тосатын»Күлжан апа-ұлттық тәрбие тұнып тұрған ауыл аналарының жиынтық бейнесі. Бүгінде «Күлімдеп жырға айналатын» Күлжан апалардың азайып бара жатқанына қамыға отырып, Бауыржан ақын өлеңдерінен көңіліңе медет табатының анық.

«Үш келіншек» өлеңінің:

Шыңғыстау, бір перзентпін мен де саған,

Картадан әр жотаңды көрмес адам.

Басында бір төбеңнің үш жартас бар,

Күн бояп,мүсіндерін жел қашаған, - деп басталатын алғашқы шумағында ақын ойы жалпыдан бастап жекеге қарай ойысады «Үш келіншек» аталып кеткен сол жартастың сырын ақын өзіндік көзқараспен өзінше топшылай отырып, қазақ әйеліне тән төзімділік, адалдық, ар, намыс, жігер, ұят деген асыл қасиетті өлеңнің өзегі етіп алады да:

Отаудың отын көсеп, шашпай жағып,

Жарының жолын күткен жастай қалып.

Көз алмай құбыладан тоса-тоса,

Үш ана кетті ме екен тасқа айналып,- деп әйел-анаға деген құрмет, сүйіспеншілік сезімімізді шыңдай түседі.

...Жан әжем, сенің баурыңда,

Тыңдадым қазақ өлеңін.

Жан әжем, сенің баурыңда,

Түйсіндім қазақ әлемін.

...Өзіңнің бесік жырыңмен,

Кірпігім менің ілінген

Көзіңнен төккен нұрыңмен,

Саумалын жырдың сіміргем.

...Сен шерткен қалың шежірең,

Еске алып күнде көз ілем.

Тұтаттың сөздің ұшқынын,

Сөйлеген сайын сезінем.

Ұлы Абайдың әлем аренасына көтерілуінің түп төркіні-таңнан таңға отырып тыңдаған Зере әженің әңгімелерінде жатқанын ескерсек, бұл-көне қазақтан бір елі де ажырамаған киелі дәстүр, тамыры терең тәрбие.

Осы ұлттық дәстүрді Бауыржан аға «Әжемнің шырағы»атты өлеңінде өзінің сезімімен астастыра суреттейді. Бір кездегі әжесінің жаққан шырағын өшірмей жүргені сол-лирикалық қаһарман сөздің мәйегін ішіп, ұлттық тәрбиеден сусындаған ұлттық рухы жоғары ақын екендігін танытқанында.Шынымен, «Отан отбасынан басталады»дейміз. Өзінің ошағы-ата-ана,туған-туысының қадіріне жете білетін адамнан ғана елжандылық, ұлтжандылық деген ұлы қасиеттен туындайтын ірі істер күтуге болады. «М.Әуезов-публицист», «Ұлы суреткер» т.б.тақырыптарда ғылыми-зерттеу монографиялар жазған филология ғылымының докторы, профессор Бауыржан Жақып - лирикалық туындыларымен ғана емес, публицистикалық, ғылыми еңбектерімен де танылған ғалым ретінде елі үшін елеулі іс тындырып, әдебиет пен ғылым саласынан өзіндік орнын алып үлгерген тұлға. Осы жетістіктері үшін әкеге қарыздар екенін ақын «Әке туралы жыр»атты өлеңінде өзіндік тыныспен шабыттана жырлайды.

Көзімді ашсам көктемде

Ақын боп шықсам арқырап,

Білімнің ішсек кәусарын,

Ізденіс жолын таңдасам,

Кітабым шықса баспадан.

Көрінсем телетаспадан,

Газетке шықса жырларым,

Журналда тұрса сырларым,

Үйленсем, сосын үй болсам,- деп дүниеге шыр етіп келген сәттен бастап ақылы, білімі толысып азамат болған шағына дейінгі өмір белестерінде әке ізінің сайрап жатқанын бір ғана әр шумақ соңындағы «Әкешім, сенің арқаң-бұл» деген қайталаулар арқылы әсерлі жеткізген. Бұл да-қарыз бен парыз, борыш пен аманат деген біздің халқымыз үшін бәрінен биік тұратын киелі ұғымды дәріптеу, оны өз оқырманының санасына сіңіріп, көкірегіне берік орнықтыру идеясын көздейді. Халқымыздағы аруаққа тағзым ету үкіні қадірлеп, топырақты кие тұту тәрізді дәстүрлерді құрметтеуге шақыратын «Үш тал үкі», «Қоңыр», «Киелі менің топырағым», «Туған ауыл» т.б.өлеңдерінде де ұлттық реңк басым.

«Толқынды толқын қуады,

Толқыннан толқын туады»,- деп Мағжан жырлағандай, Ақтамберді, Абай, Дулат, Мұхтар, Шәкерімдей қазақтың біртуар ұлдары дүниеге келген қасиетті Семей өңірінде осы ата-бабаларымыздың жолын жалғастырар ұрпақ сабақтастығының болуы-табиғи заңдылық. Ендеше, осы ағалардың ізін жал-

ғастырып келе жатқан Бауыржан Жақып та ұлттық рухты ұлықтаған ұлтжанды ақын екені даусыз.

Автор:
Әйгерім ОСПАНҒАЛИЕВА, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ-дың ІІІ курс студенті.