Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Асқақтай, бер Астана


13 июля 2010, 14:34 | 2 582 просмотра



Астана күнін асыға күту бар қазақстандықтың салтына айналған. Мен өзім де Астана күнін асыға күттім. Себебі, менін студенттік өмірім Астанада өтті. 2005 жылдан 2009 жылға дейін Астана қанатымды қатайтып, қаламымды ұштап, білім нәрімен сусындатты. Астананың күн санап емес, сағат санап жаңаруын өз көзіммен көріп келдім. Бүгін келген жеріңді ертең танымайсың. жаңару мен тазару, көркею мен гүлдену Астана тұрғындары үшін де міндет болып қалған сияқты. Осыдан бұрын төрт жыл Астана күнін астаналықтармен бірге керемет кештерінің куәсі болғанымды мақтаныш сезінем. Биылда Астана күні жылдағыдай тойлана беретініне күмәнім жоқ.

1998 жылғы маусымның 10-ы күні ресми түрде тұсауы кесілген елордамыз - Астана биыл 12 жасқа толып отыр. Еуразия кіндігінде орналасқан еліміздің бас қаласы оншақты жылдың көлемінде әлем таныған әсем, сәні мен сәулеті жарасқан мәдени шаһарға айналды. Қазақстанның астанасы бұған дейін сан мәрте ауысып келіп, тарихы тереңде жатқан қазіргі Астана қаласына түпкілікті орнықты.

Астана қалай астана болды? 1994 жылғы шілденің 6-сы күні Қазақстан Республикасы  Жоғарғы Кеңесінің астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы қаулысы қабылданды. Бұдан кейін, 1997 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімі шықты. Көп кешікпей, 1998 жылғы маусымның 10-ы күні Ақмола қаласының аты ресми түрде Астана болып өзгертілді. Елорда мәртебесіне ие болған қала осы уақыттан бастап туған күнін атап өтуді игі дәстүрге айналдырды. Жеті жыл қатарынан мереке маусымның 10-ы күні тойланып келді. Уақыт озған сайын Астана күнінің маңыздылығы артып, ол тек елордалықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың асыға күтетін мерекесіне айналды. Сол себепті, 2006 жылы Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес және қалалық мәслихаттың шешімімен мерекеге - Астана күні атауы беріліп, оны атап өту - шілденің 6-сына бекітілді.

Аз ғана уақыттың ішінде сәулет өнерінің заманауи үлгілері негізінде әлемдегі әсем қалалардың біріне айналған жаңа Астана бүгінде - тың идеялар мен нақты істердің ұйытқысы, елдігіміздің тұғыры, береке-бірлігіміздің алтын діңгегі. Әрине, қазақ елінің жүздеген ғасырлар бойғы арманы орындалып, егемендік тұсауы енді кесіліп жатқанда, Сарыарқаның төсіндегі маң далада астана тұрғызамыз деген идеяны қолдаушылармен қатар, сарыуайымшыл жорамалдар да аз болған жоқ. Көп ұзамай Елбасы Н.Назарбаевтың бұл көрегендік шешімі идеядан іске асты. «Ең қиын жылдары біз қала салуды бастап, елдің жаңа байтағы - Астананы, осыны жүзеге асыра алатынымызға ешкім сенбеген кезде тұрғыздық. Біз осыны жасадық, мұны бүкіл әлем көріп отыр», деп атап өткен болатын Н.Назарбаев өзінің «Дағдарыстан - жаңару мен дамуға» атты Жолдауында.

Қазір баһадүр бабаларымыз бен қаһарлы хандарымыздың орда тіккен Есіл бойында - құлпырып Астана тұр! Қазір дүниежүзін аузына қаратып, таңдай қақтыртқан - Астананы көрген де арманда, көрмеген де арманда!

Мемлекеттілік ұғымының өзі ең алдымен оның астанасымен астасып жататынын ескерсек, дәл қазір төрткүл дүние Қазақстан мен Астана атауларын бөле-жармай, сол арқылы елімізді жаһандық жаңару мен өрісін кеңейтудің үлгісі ретінде таниды. Қазір Қазақстан - елі мен халқы жері мен жағрапиясы сияқты өзімен бірге өзгелерді бірбіріне жалғайтын бауырлас, меймандос және бейбітшіл, ХХІ ғасырдағы жаһандану үрдісінің позитипті дамуына әсер ететін тамаша ел.

Осыдан екі жыл бұрын алты алаштың абыройын асқақтатып, алты құрылыққа сауын айтып, Астананың онжылдық тойын ұлан-асыр етіп атап өттік. Ол қуанышты бірқатар шет ел мемлекеттерінің басшылары бастап келген қонақтар да бөлісті. Бұл мыңжылдықтар тоғысында қала тұрғызған Қазақ елінің ерік-жігерін, қажыр-қайраты мен береке-бірлігін мойындатқан нағыз ерліктің үлгісі бол-

ғаны хақ.

Бүгінде Астана күні үлкен салтанатпен атап өтілетін мемлекеттік мерекелердің бірі. Өз сөзінде елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов:

Астана күні - біздің мемлекетіміздің егемендік, дербестік, даралық сипатын нақтылау тұрғысынан қарағанда Тәуелсіздік мерекесінен кейінгі аса салмақты әрі маңызы терең мерекенің бірі», - деп атап өткен болатын.

Астана қаласының бүгінгі дамуы, еліміздің мақтанышы. Еркін елдің тамаша келбеті. Жастардың өнер мен білім ордасы. Біз Астана мерейі биіктей берсін деп тілейміз.

Автор:
Күнсұлтан ОТАРБАЙ.