Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Рухани жаңғырудың өзегі


25 сентября 2017, 04:06 | 2 506 просмотров



Таяуда Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық кеңесінің кеңейтілген мәжілісі болып, Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандарттарын енгізуді жалпыхалықтық қолдаудың республикалық күні аталып өтілді. Оған  Парламент Мәжілісінің Ассамблеядан сайланған депутаттары, Ассамблея Кеңесінің, Ассамблеяның Ғылыми-сараптамалық кеңесінің, ғылыми-сараптамалық топтардың, ғылыми-шығармашылық зиялы қауым  өкілдері және басқалар қатысты. 

Жиында сөз алғандар латын әліп­­биіне көшудің маңыздылығына тоқ­талып, оның уақыты келгенін, бұл жұмысты қарқынды жүргізу қажеттігін, оған Қазақстан халқы Ассамблеясы тікелей қолдау білдіретінін жеткізді.Алдымен ҚХА төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі ­Дархан Мыңбай ел алдында тұрған ке­ле­лі мәселенің мән-жайын былайша түсіндірді:– Біріншіден, Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі рухани жаңғырту бағдарламасының өзегі болып табылады… Латын графикасындағы мем­лекеттік тіл шетелдердегі латын әліп­биін қолданатын миллиондаған азаматтардың тілге деген қызығу­шы­лығын арттырады. Қазақ тілі үйрену үшін қолжетімдірек, ал халықаралық бизнес пен туризмді дамыту тұрғы­сынан тартымдырақ бола түседі. ­Шетелде тұратын отандастарымыз үшін ана тілімен жазуды дамытудың, тарихи Отанымен жақындасудың жаңа мүм­кіндіктері пайда болады. Біз ­Қазақ­станға инвестициялар мен технологияларды трансферттеудің қосымша көздеріне ие боламыз. Екіншіден, ­латын әліп­биін­дегі мемлекеттік тіл қазақ­стан­дық лингвистикалық кеңістіктің халық­аралық коммуникациялар мен әлемдік экономикаға қосылуының жаңа арнасына айналады, – деді ол.Дархан Мыңбай латын графика­сын қолдану әлемдік үрдіске айнал­ғанын айта келіп, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының басым көпшілігі, 35 ел латын әліпбиін пайдаланатынын, тіпті Жапония мен Қытайда иероглиф жазуымен қатар латын графикасына негізделген жапон және қытай тілдерінің осындай әліпбилік транскрипциялары бар екендігін тілге тиек етті.ҚР Мәдениет және спорт ­ми­­нистрлігі Тілдерді дамыту және қо­ғамдық-саяси жұмыс жөніндегі комитет төрағасы Қуаныш Асылов ­латын әліпбиіне байланысты жұмыстар комитетте осыдан 6 жыл бұрын қолға алынып, көптеген шаралар таза ғылыми негізде жүргізілгенін, бірнеше әліпби графикасы даярланып ұсынылғанын, бұл іске қазақ тілі мамандарымен қатар орыс, ағылшын, түрік және еуропа тілдерін терең меңгерген мамандар мен ғалымдар тартылғанын айтты.А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры ­Ерден Қажыбектің айтуынша, латын әліпбиіне көшу туралы мәселе сонау тоқсаныншы жылдары қозғалған, сол кезде туысқан түркі тілдес елдер латын әліпбиіне көше бастаған. Сол кездері Елбасы алғаш рет тапсырма берген екен, одан кейін 2006 жылы ­Ассамблеяда Н.Назарбаев бұл мәселе бойынша нақты тапсырма берді. Ал 2012 жылы латын әліпбиіне көшу 2050 стратегиялық бағдарламасында көрініс тапты. Биыл жыл аяғына дейін мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандарттарын енгізу нақты қолға алынды.Ал ҚХА Төрағасының орынбасары Сергей Вишняк Елбасының шешімі өз уақытында, халыққа ешқандай алаң­­дау­шылық туғызарлық жағдай жоқ кезде қолға алынып отырғанын, сондықтан Президент тапсырмасын орындау қажеттігіне назар аударды.Латын әліпбиі нұсқасындағы қосар­ланған дыбыстар жөнінде айта келіп, Түркі академиясының профессоры, фи­­ло­логия ғылымының докторы Әділ Ахметов: «Латын әліпбиіне бұрын да көш­кенбіз, соған қайтып оралып келеміз. Кезінде қазақтың бірінші дипломанты Нәзір Төреқұлов латын әліпбиінің өз нұс­қасын ұсынғанда апостропты латын әліпбиіндегі дауысты дыбысты жіңіш­кер­тіп айтудың үлгісі ретінде ұсынған» деді.Ғалым латын әліпбиінің талқылауға ұсынылған нұсқасын қабылдауға әлі де ертерек екенін, оны жете зерттей түсу қажеттігін айта келіп, жалпы Елбасы­ның, Парламенттің бастамасын қолдауға шақырды.Мәжіліс депутаты Наталья ­Жұма­діл­даева: «Кез келген халықтың тілі – оның байлығы. Латын әліпбиіне көшу­дің тарихи алғышарты қалыптасты. Әліп­биді өзгерту саясаты Қазақстанның тілдерді дамыту жөніндегі саясатына еш әсер етпейді. Бұл, ең алдымен, қазақ әліпбиін реформалауға бағытталған шара. Ата Заңымызда қазақ және орыс тілдерінің, өзге тілдердің үйлесімді дамуына берілген кепілдік сол мызғымас қалпында» дей келіп, латын әліпбиіне көшу жөніндегі бастаманы Ассамблеяның Мәжілістегі депутаттары қызу қолдайтынын білдірді.«Латын қарпіне көшу – біздің ортақ міндетіміз» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде, сондай-ақ «Қазақстанның «Барбанг» курд қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Князь Мирзоев, «Беларусь мәдениет орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы ­Леонид Питаленко, поляк этномәдени бірлестігінің мүшесі Олег Мецик, «Алматы облыстық әзербайжан этномәдени бірлестігін басқарып отырған ­Асылы Осман, Қарағанды облыстық «LITUANICA» литва этномәдени бір­лес­тігінің төрағасы Виталий Тварионас және басқалар өз ойларын ортаға салды.