Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Тарихи атаулар тасада қала бере ме?


25 сентября 2017, 10:07 | 1 222 просмотра



Осыдан тура алты жыл, бес ай бұрын Ақмола облысының Ерейментау және Қарағанды облысының Осакаровка аудандарының аумағында «Бұйратау» деп аталатын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылған болатын. 

Бұл ұлттық парктің ашылуы бiр игiлiктi шаруа болды десек те, оның «Бұйратау» деп аталуы ел ішінде әлі күнге дейін дау тудырып келеді. Бұған себеп, ұлттық паркке бөлiнген 88 968 гектар жердiң 60 мың 814 гектары Ерейментау ауданының аумағында орналасқан. Қалған 28 мың 154 гектары ғана Қарағанды облысына қарасты Осакаров ауданының жерінде.Бүгінде Ерейментау ауда­нының әкімдігі де, жергілікті халық та бұны әділетсіздік деп тауып отыр. Неге дейсіз ғой? Ең бірінші, ұлттық паркке бөлінген аймақтың негізгі бөлігі Ерейментау ауданының аумағын­да деп айттық. Екіншіден, «Бұй­ратау» деген атауды кім ұсын­ған және оның ұлттық паркке қаншалықты қатысы бар? Ереймен тауларының оңтүстік жақ шетінде Бұйра деп аталатын шағын ғана адырлы қырат бары рас. Бірақ бұл Ерейменнің ішіндегі көп­теген жер атауларының бірі ғана. Ал әділдігіне келсек, ұлттық табиғи парктің атауы «Ерейментау» болуы керек еді. Тіпті өзі сұранып тұрған атау ғой. Себебі Ерейментау жалпы қазаққа белгілі аймақ. Бөгенбай батыр, Үмбетей жырау, Бапан мен Саққұлақ билер, Сәдуақас (Сәкен) халфе Ғылмани, Олжабай Нұралыұлы секілді тарихи тұлғалар шыққан шежірелі өңір. Ерейментау десе, екі қазақтың бірі біледі. Ал «Бұйратау» деген атау шы­­нын айтқанда, жауыр атқа жіп құйысқан секілді, ұлттық паркке жараспай-ақ тұр. Кім ойлап тауып, ұлттық паркке кім әкеліп жапсырғаны белгісіз.Жалпыға белгілі, Қазақ­стан­дағы Ақсу-Жабағылы, Наурызым, Барсакелмес, Қорғалжын, Үстірт, Марқакөл, Алакөл, Алтай, т.б. ұлттық парктер мен табиғи қорықтар сол жерлердің тарихи атауын иеленген. Ал Ерейментауға келгенде, бұл дәстүр неге өзгеріп кеткені белгісіз. Бұл жоғарыда отырған ел-жер тарихынан хабары шамалы шенеуніктердің тағы бір былығы демеске амалың жоқ. Бірақ болар іс болды. Енді Ерейментау ауданының тұрғындары республикалық ономастикалық комиссияға хат жолдаймыз деп отыр. Мүмкін сонда ғана ұлттық парктің ­атауы дұрысталар деп ойлаймыз.Тағы бір айта кететін жайт, «Бұйратау» ұлттық табиғи паркі Ерейментау орман шаруашылығының негізінде құрылған. Бірақ бір түсініксіз жері, оның ор­талық кеңсесі Қарағанды облы­сының Молодежный кентінде орналасқан. Бұл да жоғарыда отырғандардың орайсыз әрекеттерінің белгісі. Әйтпесе, орталық кеңсе өзінің ондаған жылдар қалыптасқан шаруашылық базасы бар Ерейментауда болуы керек еді…Екiншi бiр айта кететiн жайт, кезiнде отаршылдықтың салқыны молырақ тиген бұл аймақтағы жер атаулары орынсыз бұрмаланып кеткен.

Мысалы, осы парктің құрамындағы табиғи қарағай өсетiн Қарағайлы деген аймақ бар. Сол жерде Ақшоқы, Жаушоқы, Орташоқы деген тарихи атаулары бар биіктер орналасқан. Кезінде орыстілді ағайындар бұл жерлерді өз ыңғайларына қарай бұрмалап, «Соколиные горы» немесе «Соколинка» деп атап кеткен. Өкінішке орай, осы өңір ұлттық парктің құрамына еш өзгеріссіз ­«Соколиные горы» деген атаумен кіріп кетіпті. Бұдан басқа, Ереймен тауларының оңтүстік жақ пұшпағында тұрған Күншалған, Ақдің деп аталатын белгілі биіктер бар. Орыстілді ағайындар кеңес уақытында осы Ақдіңді белден басып, Белодымовка атандырып, сол жерде «Белодымовка» атты қаумал (заказник) болған. Қазір осы Белодымовка да еш өзгеріссіз сол атаумен ұлттық парктің құрамына кіріп кеткен.Іздей берсек, жер атауларына қатысты бұдан басқа да қателіктер жетерлік. Қарап тұрсақ, осының бәрі көрер көзге өз тарихымызды өзіміз табанға басу. Өзімізді өзіміз келемеж ету. Бұл жерлердің тарихи атауы бар шығар, жергілікті халықтан, өлкетанушылардан сұрайықшы дейтін де жанашыр адамды байқамадық. Биылғы жылы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланған соң, ел іші кәдімгідей қозғалысқа түсіп, өлке тарихына ­байланысты бұрынғы кеткен ағаттықтарды қайтадан дұрыстамаққа ниет етіп жатыр. Сондықтан да, «Бұйратау» атауына да қатысты осы бір шаруа да назарға алынса екен дейміз. Себебі ертеңгі күні шет жұрттан қонақтар келіп, ұлттық парктi араласа, «Соколинка», «Белодымовка», «Вячеславка», «Змеиный», «Кривая гора», «Песчанный» секілді жер атауларымен таныстыру ұлтымыз үшін жарасымды бола қоймас.