Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ОРЫС МЕКТЕБІНДЕ ТАРИХЫМЫЗДЫ ҚАЛАЙ ОҚЫТЫП ЖҮРМІЗ?


25 сентября 2017, 10:12 | 1 228 просмотров



Соңғы кезде қазақ тарихын жоққа шығарып, тәуелсіздікке көлеңке түсіргісі келетін жат пиғылды пікірлер қылаң беруде. Мұның бір себебі кешегі Кеңес тұсында қазақ тарихының түрлі білім орындарында талаптағыдай оқытылмауынан болса, екінші себебі әлі күнге дейін өз тарихымызды лайықты дәрежеде түсіндірмей келе жатқанымызға келіп тіреледі. Әсіресе түрлі деңгейдегі білім беретін оқу орындарында ұлттық  тарихымыздың оқытылуы көп сынға ұшырап келе жатқаны мәлім. Оның ішінде қазақ тарихының өзге ұлт өкілдеріне дұрыс жеткізілмейтіні мұғалімдер тарапынан да, ата-аналар жағынан да жиі айтылады. Осы орайда орыс мектептеріне арналған Қазақстан тарихы оқулықтарына қатысты пән мұғалімдерінің сын-пікірлері негізсіз емес екенін осы оқу құралдарын зерделеу барысында көз жеткіздік.

Бала ұғымына лайықтап әңгі­мелеу түрінде берілген «Қазақ­стан тарихы жөніндегі әңгімелер» атты 5 сы­ныптағы пәнге кіріспеден кейін хал­қымыздың өткені туралы білімдер жүйелі түрде 6 сыныптан бастап оқытылады. Бұл оқулық ежелгі дәуір тарихына арналған. Ең алдымен қазақ мектебіне арналған құралмен салыстыру барысында айырмашылық бар екені бірден байқалды. Атап айтқанда, қазақ тіліндегі (авторлары – Ә.Төлеубаев, Ғ.Іргебаев) кітапта барлығы 7 тарау (тақырып саны – 60) болса, орыс тіліндегісі (авторлары – Т.Садықов, А.Төлеубаев, Г.Халидуллин, Б.Сәрсекеев) бар-жоғы 3 тараумен (тақырып саны – 32) шектеліпті. Оқулық мазмұнына көз жүгірткенімізде орыс тіліндегі тақырыптар барынша қысқартылған болып шықты. Мысалы, қазақша оқулықта бір ғана жаңа тас дәуірі неолит төңкерісі, қолөнердің пайда болуы, неолит ескерткіштері деген 3 бөлімнен тұрса, орысшасы бір тақырыппен шектелген. Жалпы осы орысша нұсқадағы тақырыптың бәрі осылай қысқаша берілген. Сонда орыс мектебі мен қазақ мектебіндегі тарих сабағының сағат саны бірдей емес пе деген сұрақ туады. Әлде бұл өзге тілдегі мектеп оқушылары қазақ тарихын толық оқымаса да болады деген сөз бе?Ежелгі Қазақстанның мәдениетіне арналған соңғы үшінші тарауда авторлар оқулықта қолданылған әдістемелік тәсілді күрт өзгертіп, тақырыптарға атау қоюды оқушылардың өздеріне қалдырған. Яғни көшпелілердің әлемдік өркениетке қосқан үлесі туралы айтылатын тараудың әрбір бөліміне балалардың өздері тақырып қоюы тиіс. Бұл тарау да тым қысқа. Қазақ тіліндегі 7 параграф орысша 3 бөлімге сыйып кеткен. Әсіресе дамудың белгілі бір деңгейіне жеткен ежелгі түркілердің мәдени жетістіктері қораштау ­си­патталған. Мысалы, таста таңба қал­дырған ежелгі түркілердің мәдени табыстары «по предположению ученых, гунны знали письменность» деген бір сөйлемдік болжаммен шектеліпті (147-бет). Осы тұста балаларға сақтардың, ғұндардың сына жазуын меңгергенін, олардың ел басқару жүйесі, рухани мәдениеті жоғары деңгейде болғаны айтыла кетсе патриоттық тәрбие берудің ұтымды тәсілінің бірі болар еді. Тарих пәні оқулығының басты міндеті де осы емес пе?Алматы қаласындағы №156 мек­тептің тарих пәнінің мұғалімі ­Қ.Әбді­қалықовтың айтуынша, қазақ тарихында болған маңызды уақиғалардың мерзімі бір-біріне сәйкес келмейді. Әр оқулықта әртүрлі, дәлдік жоқ. Мысалы, бір кітапта Қасым хан 1515 жылдан бастап билік құрды десе, келесіде 1518 жыл деп көрсетілген. Осындай ала-құлалықтар салдарынан оқушылар тест тапсыратын кезде қиналады әрі бұл олардың алатын бағаларына әсер етеді. Сондай-ақ мәтіннің соңында берілетін сұрақтар бойынша жауаптары табылмайтыны бар. Соның салдарынан тест жауаптарын ғаламтордан іздеуге тура келеді.

Оқулық тілі неге ауыр?

Мұғалімдер 8 сынып оқулығының тілі тым ауыр, күрделі екенін айтады. «Қасаң ғылыми тілмен жазылған мәтінді оқушылар қабылдай алмайды» дейді олар (оқулық авторлары – Ж.Қасымбаев, Т.Омарбеков. «Мектеп», 2016 ж.). Оқулыққа зер сал­ғанымызда, көрнекті тарихшыларымыз жазған бұл еңбек шынымен де 14 жастағы бала ұғымына ауыр екені анық байқалды. Әсіресе әрбір мәтіннің соңында берілген тарихи құжаттар мен материалдардың көшірмелері 8 сынып оқушысы үшін артық ақпарат екені сөзсіз. Мысалы, 11-беттегі «Крафт И.И. Принятие киргизами русского подданства. Документы о внутреннем положении Казахского ханства в начале XVIII века», 66-беттегі «Семенов Г.И. Проблемы истории племен и народов в период феодализма (на материалах Казахстана)» атты еңбектерден берілген мәліметтер осының дәлелі.Histori.jpg

Соңғы жылдары мектеп оқулықтары бірнеше нұсқамен шығатын болған. Олар балама оқулықтар деп аталады. Мысалы 8 сынып бойынша жоғарыда аталған оқулықтан бөлек «Атамұра» баспасынан шыққан «Қазақстан тарихы» кітабы бар (З.Қабылдинов, А.Қайыпбаева). Бірақ мұғалімдердің көпшілігі нақты бір оқулықпен оқытқанды дұрыс санайды. Өйткені кейде субъективті себептерге байланысты балама оқу құралдарының деректерінде алшақтықтар кездеседі немесе маңызды оқиғалар толық қамтылмай қалады.«Атамұра» оқулығында да сол ғылыми баяндау стилі сақталған. Мысалы, «фактор внезапности» (14-бет), «ликвидация государственности» (30-бет), «централизация государственной власти» (41-бет), «военное продвижение» (111-бет), «фискальные функции» (162-бет) және т.с.с. Жоғары оқу орны студентінің танымына лайық мұндай саяси, тарихи, экономикалық терминдерге толы сөйлемдерді 8 сынып оқушысы қалай қабылдамақ? Оқулықты дайындауға қатысқан ғалымдар С.Аққұлы, С.Негимов және басқа тарихшылар мен мұғалімдердің осындай олқылыққа көз жұма қарағаны түсініксіз.

Ғылыми мәтіндер  оқушыға қажет пе?

Тарих оқулығы сыныптан сыныпқа көшкен сайын тіпті күрделене түседі. 10 сынып оқулығына да жоғарыда айтылған кемшіліктер тән. А.Төлеубаев, Ж.Қасымбаев, М.Қойгелдиев құрас­тырған бұл оқу құралы «Мектеп» ­баспа­сынан шыққан (2014 ж.). Айта кетерлігі, кезінде қазақтың отбасылық ғұрыптарына байланысты келемеж нысанына айналған кемшіліктер мұнда түзетіліпті (Жолдасбаев С. 10 сыныпқа арналған Қазақстан тарихы. 2011 ж. 145-бет).Дегенмен, бұл оқулық та балалардың жас ерек­шелігін ескермей, ғылыми тілде жазылған. ЖОО-ның бірінші курс студенттеріне арналған тарихи әдебиеттен айырмасы жоқ. Оқушының қабылдауына ауыр келетін терминдер жеткілікті. Мысалы, антропоцентризм, маргинальная зона, этнодемография, историография, дифференциация, военно-административная экспансия және т.б.Оқу құралында әрбір тақырыптың соңында тарихнамалық материалдар көп берілген. 15-16 жастағы бала түсінігіне тым ауыр келетін мұндай ғылыми мәтіннің қажеті жоқ дейді мұғалімдер.Тарих мұғалімдерінің айтуынша, тапсырмалар беруде де бірізділік жоқ, кейбір мәтінге тым көп, кейбіріне аз беріледі. Осыдан келіп оқушылар ҰБТ-да Қазақстан тарихынан келетін сұрақтардың жауабын оқулықтан емес, ғаламтордан табады.11 сыныпқа арналған тарих оқулы­ғында мәтін тым ұзақ берілген дейді пән мұғалімдері (авторлары – М.Қойгелдиев, Ж.Қасымбаев, А.Төлеубаев және басқалар. «Мектеп», 2015 ж.). Кітапты парақтай отырып, тақырыптың шұбалаңқы екенін көрдік. Мұндай ұзақ баяндауларды оқушылар өз бетімен түсіне алмайды. Содан барып сабақ барысында оқулық жайына қалып, мұғалімдер тығырықтан шығудың жолын өздері іздестіруге мәжбүр.Әрбір тақырып бойынша дереккөз ретінде тарихнамалық материалдар ұсынылған. Оның ішінде тарихи құжаттардан үзінділер әрбір сабақ сайын беріледі. Мысалы, 140-беттегі ІІ бүкілқазақ съезінің қаулысы арнайы мамандарға арналған мәліметке жататыны анық. Мазмұны да тым күрделі. 228-беттегі «Из отчета академического центра Наркомпроса КазССР за период с 1 октября 1921 г. по 1 сентября 1922 г.» деген мәтін де оқушылар үшін артық ақпарат.Бұрынғы оқулықта аз қамтылған «Алаш» қозғалысына жаңа құралда ауқымды орын берілген. Бұл оқулықты құрастыруға М.Қойгелдиев сынды алаштанушы ғалымның атсалысуынан деп түйдік. Дегенмен, тапсырмалар беруде тағы да сол оқушының жас ерекшелігін ескермеушілік алдымыздан шықты. Мысалы, 139-беттегі «Дайте оценку программе партии «Алаш» с позиции того времени» деген сұраққа бала түгілі ғылыми қызметкерлердің өзі ойланып қалары сөзсіз.Аталған оқулықта 1986 жылғы Жел­тоқ­сан бірде «көтеріліс» деп берілсе (282 бетте), 286 бетте «оқиға» делінген. Сондай-ақ аполитичность, парадигма, субъективизм, евроцентризм және т.б. күрделі терминдер оқулық тілін ауырлата түскен.Сонымен, орыс мектебінде оқы­тыла­тын оқулықтардағы кемшілік­тер Қазақстан тарихы пәнін оқыту педагогикалық әдістеменің кемшін­дігін, оқулық жазу ісінің әлі де жүйеленіп, бір ізге түспегенін көрсетеді. Тақырыптың баяндалу стилі мен оқушылардың таным-түсінік деңгейі сәйкес келе бермейді. Оқушыларды қызықтырудың орнына керісінше қашықтата түсетін тұстары жетерлік. Осы ретте ізденімпаз, білікті мұғалімдер балалардың тіліне лайық дұрыс түсіндіріп, қосымша мағлұматтар беру арқылы тығырықтан шығатындарын айтады. Ал баланың да, мектептің де бағы саналатын мұндай ұстаздар көп емес қой. Оқу орнын жаңа бітіріп келген, тәжірибесі толыспаған жас мамандарды немесе сабаққа дайындықты тек оқулықпен шектейтін, оны дайын шпаргалка есебінде пайдаланатын мұғалімдерді қайтеміз?

Қаражаттың   қайтарымы қайда?

Оқулық туралы айтқанда қаржы мәселесін айналып өте алмаймыз. Елімізде оқу құралда­рын әзірлеп, басып шығаруға жыл сайын ­мил­лиардтаған қаржы бөлінеді. ­Ай­талық, бір ғана Алматы қаласының мек­тептері үшін бір жылда 3-4 ­миллиард теңге жұмсалады екен. Оның ішінде бір мектептің өзіне 12-13 миллион бөлінеді. Бұл аз қаражат емес. Ал осы қаржы қаншалықты тиімді жұм­салып келеді? Сапасыз оқулықтың сұрауы бар ма? Балама оқулықтар қаншалықты қажет? Міне, білім саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға жауапты министрлікке қойылатын сұрақ көп. Қазіргі білім саласында жүргізіліп жатқан реформалар аясында осы мәселеге жете көңіл бөлініп, алдағы уақытта бағдарламаға сәйкес жаңартылатын оқулықтарда аталған кемшіліктер ескерілсе дейміз. Өйткені оқулық сапасы мен білім сапасы тікелей байланысты. Мектеп оқулықтарын қатал сүзгіден өткізуге құзырлы органдардың жіті қадағалауынсыз бұл іс өрге баспайды.Осы ретте Қазақстанда оқулықтану ғылымының негізін қалаған ғалым, академик А.Құсайынов «заман талабына сай мектеп оқулығы оқушылардың жас және басқа да ерекшеліктерін ескеріп, үйлестірушілік, жүйелеушілік, ақпараттық, жинақтау, өзін-өзі бақылау дағдыларын қалыптастыру, дамыту және тәрбиелеу қызметтерін атқарады. Бұл қызметтерді оқулыққа ендіріп, оларды қажетті, қалыпты мөлшерде жүзеге асыру қажет» дейді.Бұл талаптардың толық орындалмауы оқу үдерісін ғана емес, тұлға тәрбиелеу ісін де қиындата түседі. Қай кезде де өскелең ұрпақтың мемлекетшіл, отаншыл болып өсуінде оқулықтардың атқаратын рөлі зор. Әсіресе тарих ғылымы мен елдің экономикалық, мәдени өмірінің даму деңгейі арасында тікелей байланыс бар дейді ғалымдар. Бұған өз тарихын мызғымастай қуатты ғылыми мектепке айналдырған еуропалық мемлекеттердің өсіп-өркендеуі дәлел. Өткенмен байланыс тетігі мықты болған сайын халықтың сана-сезім деңгейі де жоғары болмақ. Ортақ тарих біріктірген қоғам да ұйыса түседі.Бұл үшін мектептегі оқулық­тарға қатысты мәселелер пән мұғалімдерінің, ата-аналардың, ғалымдардың тікелей қатысуымен ше­шімін табуы тиіс. Оқу құрал­дарын ғылыми сипаттан арылтып, балалардың қабылдауына ың­ғай­ластыру қажет. Сондай-ақ мектеп оқулықтарын әзірлеуге балалар жазушыларын да тарту артық етпес еді. Өйткені Отан тарихы пәнінің, отаншылдықтың негізі орта мектепте қаланады. Ұлтымыздың мерейі үстем болуы үшін, өзімізді өзгелерге сыйлата білу үшін оқулықтарды дайындауға мұқият көзқарас қалыптасуы тиіс.