Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Бауыржан Момышұлының келіні бақытты қазақ отбасының құпиясымен бөлісті


3 октября 2017, 03:49 | 3 503 просмотра



Салт-дәстүрді насихаттаушы, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова ене мен келін арасындағы сыйластық, тойдағы кейбір салт-дәстүрлер мен олардың дұрыс-бұрыстығы жөнінде сыр шертті деп хабарлайды zhasorken.kz.Ене мен келіннің қарым-қатынасы:Әсілі, келін кім? Бүгінгі келін ертең ене болады. Мен ылғи айтам, тағы қайталайын, ененің мектебінен өтпеген келін өзі ене болып жарытпайды. Өкінішке қарай, қазір көп жағдайда келіндер де, енелер де бөлек тұрғысы келеді. Заман, қоғам, тұрмыс – бәрі осыған итермелеп алып келді. Бұрындары кедейдің кедейі үйінің оң жағына кішкентай жаппадан болса да отау тіккен. Бұл – «келіннің үйі» деген сөз. Оның «оңаша үй» деген екінші атауы болған. Қазақтың тектілігі сонша, отау үйге арнайы шақырмаса бөтен адам кірмеген. Тіпті, енесінің өзі есіктің алдында тұрып, «келін-ау» деп шақыратын болған. Келін ертеңгілікте ерте тұрып келеді, үлкен үйдің түндігін ашып, отын жағып, тірлігін жасап, қонағын күтіп, есесіне, кешке жақын өз отау үйінде емін-еркін жүретін болған.Отау үйде жарына еркелей ме, сырласа ма, құшақтаса ма, өздері біледі. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін қаладағы қазақтар пәтерлерге тығылды. Осы кезде қазақ әйелдері көп нәрседен ұтылды деуге болады. Неге десең, «ойбай, үйдегілер естіп қалмасын», «ешкім көріп қоймасын» деп күйеуіне емін-еркін еркелей алмай, сөйлей алмай, қозғала алмай, тіпті, әрі-беріден соң күйеуімен емін-еркін жақындаса да алмайтын жағдайға жетті. Сөйтіп жүріп, қазақ әйелдері бұйығы болып қалды. Содан кейін күйеулері басқа жақтан «көзайым» іздей бастады. Осының өзі екеуінің ортасына кәдімгідей жүк түсіреді. Қанша дегенмен, бір үйде жатып-тұрғанда ертеңгілік келіннің ербиіп тұрғанын енесі көрмегені, енесінің сексиіп тұрғанын келіні көрмегені дұрыс. Көп енелердің қателігі«келін келді, енді бәрін сол істеуі керек» деп ойлайды. Олай болмайды! Алдымен оған үйрету керек.Енесін жамандайтын келіндерге айтарым:Кез келген әйелдің қолынан ене болу келеді, ана болуға тырысу керек. Әрине, өзінің туған анасындай болмайсың. Бірақ, сен солай болуға тырыс. Өйткені, ол енді сенің әулетіңді көбейтеді, ары қарай сенің ісіңді жалғастырады, сенің отыңды жағады, сенің қазаныңды ұстайды. Олай болса, бұл жерде келіннің рөлі деген өте үлкен. Ертеректе келін от жаққан. Мұның өзінде үлкен мән бар. Неге отты келінге тапсырды? Ол жай ғана қарапайым жұмыс емес. «От бар жерде – өмір бар» дейді. Енесін жамандайтын келіндерге айтарым: «Енелерің аяғы жерге, басы елге сыймайтын сұмырай болса да, оның бір артықшылығы бар. Ол – сен басыңды жастыққа бірге қойған, сен жақсы көрген жігітті өмірге әкелген адам». Сен енеңді сол үшін сыйлауың керек.Бүгінгі қыз – ертеңгі келін, болашақ анаКелін тек қана күйеуге ие болмайды. Ол қайын ата, қайын ене, қайны, қайынсіңлі, қайнаға мен абысын, тағы да басқа толып жатқан туыстарына, бүкіл әулетіне ие болуға барады. Ал, «бір-бірін жақсы көрсе болды» деген жай сөз. Одан бір шикілік шықпай қоймайды. «Қайтып келген қыз жаман» демекші, қайтып келген қыз ата-анасының бетіне де, ауыл-аймағына да көлеңке. Мысалы, «Қызға қырық үйден тыю, қала берді қара күңнен тыю» деген бар. Бұл қырық үйден үлгі-өнеге көру, қала берсе қара күңнен де бір жақсылықты үйрену деген сөз.Қазір, ең жаманы, ажыраса салуды сөкет көрмейді. Сондай-ақ, тұрмысқа шықпай, некеге тұрмай жатып бірге тұратындар көбейді. Бұл біздің мұсылмандығымызға да, қазақшылығымызға да жат нәрсе. Айналып келгенде, «қызы тәрбиесіз елдің іргесінен ырыс кетеді», тұнығы лайланады. Өйткені, бүгінгі қыз – ертеңгі келін, болашақ ана, болашақ ене. Олай болатын болса, қыздардың мойнындағы міндет, парыз ұшан-теңіз.Ұзату тойын қалай өткіземіз? Ал үлкен тойда не істейміз?..Қазақтың ғұрпында күйеубаланың енеге қарсы келуі, сөз қайтаруы деген болмаған. Ондайды ауылдың өзі оңдырмайды. Мысалы, қызды ұзатқан кезде қыздың көшіне шешесі ілеседі. Шешесінен басқа, бауыры, жеңгесі ереді. Бірақ, көшті шешесі бастайды. Келін түсіріп, той болғаннан соң өзгелер қайтады да, құда-құдағилары қыздың шешесін «кішкене үйренгенше келініміздің қасына болыңыз» деген ниетпен өтініп алып қалады. Шынында да, шешесі қасында қалып, келіндік өмірге үйретеді екен. Мұнан соң құдағиды шығарып салу міндеті өзгеге емес, күйеубалаға жүктеледі. Ол кезде атпен жүретін заман. Бір қонып бара ма, екі күн қонып бара ма, бірақ тек қана күйеубала серік болады. Сонда жол-жөнекей бір-біріне сыр айтып, енесі қызын табыстайды, сенім артады. Сөйтіп, енесінің ақылын тыңдап, күйеубала да енесіне жақын бола бастайды. Ауылға келгеннен соң күйеубалаға арнап мал сойылады. Күйеубала аттанарда міндетті түрде ат жетектетіп немесе алдына бұзаулы сиыр салып береді, құр жібермейді. Содан кейін күйеубала атасының үйіне тәжім жасап кіреді, «Пайғамбар да күйеуін сыйлаған» деп жатамыз, шаңырақ салар кезде де алыстан кәрі күйеуді шақыртқан.

Автор:
bakittiotbasi.kz