9 октября 2017, 10:45 | 1 207 просмотров
Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің өзекті мәселелері» атты республикалық конференция өткізді.
Аталмыш іс-шараға А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, Латын әліпбиіне көшу жөніндегі Ұлттық комиссияға қарасты жұмыс тобының жетекшісі Ерден Қажыбек, филология ғылымының докторлары – Фаузия Оразбаева, Байынқол Қалиев, Зейнеп Базарбаева және өзге де тілші-ғылымдар қатысты. Тілші-ғалымдар, білім, ғылым мекемелерінің мамандары бас қосқан жиынды Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахетов кіріспе сөзімен ашты. Ол өз сөзінде: «Туу туралы куәліктен бастап, біздің әрбір ісіміз әріп, жазумен тікелей байланысты. Бүгінгі таңда жазумен, әріппен ұлттық дүниетанымның қалыптасатыны белгілі» дей келе, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру жайын тілге тиек етті.Тіл білімі институтының директоры, профессор Ерден Қажыбек бұл жиында қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің өзекті мәселелеріне тоқталды.– Бүгінгі таңда рухани жаңғыру ең өзекті міндеттердің алдыңғы қатарына шығып отыр. Бұл орайда, ең әуелі – жалпы ұлттық құндылықтарды насихаттауымыз керек. Елбасы белгілеп берген үлкен бағыттардың бірі – тіл реформасы. Ал тілдік реформа – рухани жаңғырудың өзегі. Өкінішке орай, біздің елімізде тіл мәселесі қазіргі таңда өткір болып тұр. Рухани жаңғырудың басы – әліпби ауыстыру, негізгі жұмыстар сонан соң басталады. Латын қарпінің белгілі бір нұсқасын бекіткенде ондағы тіліміздің заңдылықтарын ұмытпай, оқуға да, жазуға да ыңғайлы түрін қарастырған жөн, – деді Ерден Қажыбек.Жиын барысында сөз алған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Қазақ тілі теориясы мен әдістемесі кафедрасының профессоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымының докторы Фаузия Оразбаева латын графикасына негізделген әліпбидің сапасы жайында сөз қозғады. Парламентте ұсынылған латын әліпбиінің жаңа нұсқасы мен Тіл білімі институты құрастырған нұсқаларға тоқтала келе, олардың кемшіліктері мен пайдалы тұстарын келтірді. «Парламентте талқыланған жоба – интернет жоба деп аталады. Бұл жобадан басқа Тіл білімі институты ұсынған тілтанымдық жобасы бар. Сонымен қатар бұл екі жобаның біріктірілген нұсқасы да біршама талқыланып жатыр. Менің ойымша, қандай жоба болмасын, латын әліпбиіне негізделген ұлттық жоба болғанда ғана ұтымды болады» деді. Баяндама барысында ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтқан әліпби түзудің 4 параметріне назар аудартты. Сонымен қатар әр жобаның тиімді тұстарын тілге тиек етті.Қорыта айтқанда, «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің өзекті мәселелері» атты конференцияда қазақ әліпбиін біртіндеп латын қарпіне көшіру мәселелері, әліпбидің жобасы және т.б маңызды мәселелер жан-жақты талқыланды.
Контент устарел, комментирование закрыто
Комментариев нет.