Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҚҰРБЫЛАРЫМА АЙТАРЫМ ...


16 июля 2010, 11:10 | 2 820 просмотров



Айтарым бар

XXI ғасыр озық технологияның, жаһанданудың ғасыры. Әр заманның өзіне деген талабы болып жатады. Адам баласы болған соң заман талабына сай өмір сүру әрине дұрыс. Тек, заман талабы деп, өз дәстүрімізді ұмытуға, аяқ асты етуге болмайды ғой. Осыған орай, өзімнің қара көз құрбыларыма көкейімде жүрген ойларымды айтқым келеді. Қазақ қыздарына сұлулық, сымбаттылық, инабаттылық тән екені бәрімізге белгілі. Сол қасиеттерді аналарымыз, апа-әжелеріміз бойымызға сіңіруге, ұлтымыздың, халқымыздың көз қуанышы етіп өсіруге қаншама тырысқанымен, ұзын жеңді, ұзын етекті қазақтың бүрмелі етек көйлегі кіндіктің үстіне дейін қысқарғанын байқамай да қалған сияқтымыз.

Әу баста қазақтың басына нәубет боп енген Кеңес одағының ұлтсыздандыру, рухсыздандыру саясатының салдарынан ұлттық менталитетімізден айырылғанымыз баршамызға аян. Қазақ қыздарына тән жоғарыдағы қасиеттерді жоққа шығарып, осы қоғамның жаңалығы, мәдениеті деген желеумен көйлегіміздің етек-жеңі қысқарғаны рас. Қысқарғаны былай тұрсын, тәнімізді саудалап ар-ұяттан безгеніміз де бар емес пе?!. Бұл қылығымызды таза өз ұлтымызды өзіміз менсінбеушілік деп айтар едім. Әрине, басқа халықтың жақсы салт-дәстүрін, жағымды қасиеттерін үйренген де дұрыс. Дегенмен өзіңнің ата-анаңды қалай жақсы көрсең, ұлтыңды да солай құрметтеп, сыйлауды бірінші міндетім деп әрдайым жадыңда ұстаған да ерсі болмау керек қой.

«Адам көркі шүберек» деген. Соңғы кезде сол шүберекке де жарымай қалдық па деп ойлайсың. Өз басым ашық-шашық киініп, бір қолына темекісін, бір қолына ішімдігін ұстаған құрбыларымды көргенде, солар үшін үлкендердің алдында қатты ұяламын. Дінімізде де осы әурет жерлерімізді жабу айтылған ғой. Дінімізге қарсы шығу, үлкендердің алдында жалаңаш көрінуіміз халқымызға тән емес қасиеттер саналмай ма?! Қыз қылығымен сүйкімді демекші, әйтеуір қазақ болып дүниеде жаратылғаннан кейін, сол ұлтымыздың асыл да қымбат салт-дәстүр, ұстанымдарына қылығымыз сай болса екен деп айтқым келеді құрбыларыма. Халқымыздың салт-дәстүрін жоғалтпауға, қастерлеуге тырысса екен деймін.

Мен бұл жерде барлық қара көз құрбыларыма топырақ шашудан аулақпын. Әрине, «өзім де осындай болсам ғой» деп тамсанардай әдемі де әсем, тәрбиелі құрбыларыңды көргенде еріксіз мақтанатын кездер де болады. Бірақ... Бірақ жоғарыда айтылған қысқа етекті қыздарымыздың қоғамымызда көрініс беріп жатқаны өтірік емес қой.

Қыз деген атымызға сай болайық, қара көз құрбыларым! Аналарымыздың бойымызға сіңірген асыл қасиеттерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге тырысайық! Өйткені өзіміз де болашақ ана, ұрпақ жалғастыруға жаралғанбыз!

Автор:
Жүкел ДАНА