Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Латын графикасындағы қазақ әліпбиі туралы арнайы заң керек — Ерден Қажыбек


5 декабря 2017, 10:51 | 1 157 просмотров



Жуырда Үкімет Үйінде Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның бірінші отырысы өтті. Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен комиссия құрамына төрағаның орынбасары – ҚР Премьер-министрінің орынбасары Е.Досаев, сонымен қатар ҚР Президенті Әкімшілігінің, «Нұр Отан» партиясының, ҚР Парламентінің, жоғары оқу орындарының, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық ұйымдардың белді өкілдері, белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері енді. Ұлттық комиссия Үкіметтің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады, оның негізгі мақсаты – қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ұсыныстар әзірлеп бекіту, жұмыс барысын үйлестіру және оның сапалы орындалуына бақылау жасау.

Жиынды ашқан Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев: «Латын әліпбиіне көшу – еліміз үшін айрықша мәні бар тарихи оқиға. Елбасы айтқандай, халқымыз сан мыңжылдық тарихында ешқандай сыртқы ықпалсыз, өз еркімен, жалпыхалықтық талқылаумен, тұңғыш рет әліпбиін ауыстырып отыр. Оны жүзеге асыру – біз үшін зор мәртебе, әрі үлкен жауапкершілік» деп атап өтті.Қазақ әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін біртіндеп көшіру көзделген. Бірінші кезең: 2018-2020 жылдарды, екінші кезең: 2021-2023 жылдарды, үшінші кезең: 2024-2025 жылдарды қамтиды. Сонымен қатар апробациялық кезең, ұстаздар корпусын дайын­дау барысы, нормативтік-құқықтық базаны жасау және жалпы жаңа әліпбиді қолданысқа енгізу үрдісі Ұлттық комиссияның жіті назарында болады.Отырыс барысында қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін төрт арнайы жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Біріншісі -орфографиялық (қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруде орфография мен орфоэпия ережелерін дайындау үшін). Екіншісі – әдістемелік (латын әліпбиін үйрету және оқыту әдістемесін жасап, оны білім беру жүйесіне біртіндеп енгізу үшін). Үшіншісі – терминжасам (латын графикасының негізінде қазақ тілінің терминологиялық базасын жүйелеу үшін). Төртіншісі – сараптамалық-техникалық (латын графикасын ІТ-технология талаптарына сәйкес келтіру үшін). Жұмыс топтарына тіл білімі саласының кәсіби мамандары да тартылатын болады. Осы орайда аталған жұмыс топтарының мән-маңызы мен атқарылатын іс-шаралар төңірегінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбекпен әңгімелескен едік.– Ерден Задаұлы, Ұлттық комиссияның бірінші отырысы өткен екен. Отырыс аясында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын жүзеге асыратын төрт жұмысы тобы құрылғаны белгілі болды. Бұл топтар қандай іс-шараларды жүзеге асырады? Осы туралы кеңірек айтып берсеңіз.– Бұл Үкімет жанынан тілдік реформаны іске асыратын арнайы құрылған Ұлттық комиссия. Комиссия құрамына министрлер, агенттіктер мен комитеттер төрағалары, ғалымдар мен қайраткерлер енді. Негізгі мақсат – келесі жылдың басынан бастап жоспарлы түрде барша министрліктер, уәкілетті органдармен бірлесе отырып іске асыру жұмыстарын жүргізу. Латын әліпбиі бойынша тілдік реформа жекелеген ғылыми-зерттеу институттарының немесе белгілі бір министрліктердің ғана атқаратын жұмысы емес, бұл бүкіл ел болып, жұмыла көтеретін үлкен жүк. Бұл жерде ең негізгі мәселе тек қана механикалық түрде, формалды түрде әріптерді ауыстыру, бір әліпбидің орнына екінші әліпбиді қондырып, емлелерді жасай салу емес. Ол тек қана бергі жағы, сыртқы көрінісі. Негізгі мәселе – санамызды жаңғырту. Түптеп келгенде тілдік жаңғыртуға бағытталған реформамыздың негізгі мақсаты рухани, идеологиялық, саяси-мәдени тұрғыдан бетбұрыс жасау. Рухани жаңғырудың тірегі мен өзегі – тіл болғандықтан бұл мәселе бірінші тілден басталатыны белгілі.Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруді жүзеге асыратын төрт жұмыс тобы құрылды. Соның бірі – терминологиялық топ, аты айтып тұрғандай терминологиялық қорды жетілдірумен айналысады. Біз терминдерді бұл уақытқа дейін өзгертпей қабылдап келдік. Негізі дүниежүзілік тәжірибеде бұл қате. Өйткені кез келген кірме сөз қабылдап отырған тілдің заңдылықтарына бағынуы керек. Жасыратыны жоқ, тіліміз екі тілдің заңдарына бағынып келді. Тіліміздің дамуына, қолдалынуына сәйкес келмейтін ережелер қолданылды. Өкінішке орай, ондай ережелерге бойымыз үйреніп кетті. Енді латын әліпбиіне көшуімізге байланысты осы мәселелерді бір тілдің негізіне қайтадан оралтуымыз керек.Одан кейін латын әліпбиіне байланыс­ты тіл ережелерін, емлелерді жаңадан түзіп шығуға байланысты орфографиялық жұмыс тобы құрылды. Бұл жердегі ең басты мәселе – кирилл қарпімен жазып үйренген, әдетке айналған тәсілдерден арылу. Өйткені түркі тілдердің ішінде қазақ тілі ең көне, ең таза тілдердің бірі болып есептеледі. Тіліміздің негізгі принципі бойынша, жазылу-айтылу нормалары бір-бірінен алшақ болмауы керек. Өйткені қазақ тілінде түбір, әрбір жұрнақ, жалғаулар анық көрініп тұрады. Сондықтан жазылуы, естілуі бәрі айқын болуы керек. Сингармонизм заңы ол тек қана дауысты-дауыссыз дыбыстардың үйлесімділігі емес, бұл сөзжасамның граммати­калық, негізгі принициптері, бүкіл мәтінді реттейтін, бір жүйеге бағындыратын үлкен тәсіл. Өз заңдылықтарымызға түбегейлі оралған кезде кейбір әріптерді, кейбір дыбыстарды таңбалаудың да қажеті болмайды. Өйткені фонетикалық контекст бойынша ол жерде қандай дыбыстың тұрғаны айдай анық болады.Үшінші – әдістемелік жұмыс тобы. Аталған жұмыс тобы білім беру жүйесіне, сондай-ақ жалпы орта білім беретін мектептерге, жоғары оқу орындарына қатысты әдістемелік жұмыстарды атқарумен шұғылданады. Әдістемелік жұмыстар ғылыми негізге сүйеніп қолға алынады. Мұндағы маңызды мәселе тілімізді әрі қарай тереңдетіп зерттеу, жетілдіру. Тек қана өзіміз үшін емес, өзге ұлт өкілдерінің үйренуіне де сай келетін әдістемелік мәселелерді шешу. Өйткені кез келген Қазақстан азаматы қазақша еркін сөйлеуге ресми түрде құқығы бар.Төртінші топ – сараптамалық-техникалық жұмыс тобы. Қазір интернеттің дамыған заманы ғой. Компьютерлік, IT-технологиялар өмірімізге дендеп кірді. Сондықтан латын әліпбиінің компьютерлік, ақпараттық-технологиялық салалардағы қолданысын іске асыру бойынша нақты жұмыстар осы топ негізінде жүзеге асырылмақ. Жаһандану заманында тіліміз жұтылып кетпейтіндей әрі әлемдік мәдениет, білім мен инновация кеңістіктеріне енуіміз керек. Сонымен қоса төл табиғатымызды да жоғалтпауымыз керек. Осындай мәселелердің барлығын аталған жұмыс тобы арқылы шешу көзделіп отыр.– Ұлттық комиссия отырысында өзге де ұсыныстар айтылды ма?– Біз бұл төрт топқа қоса, бесінші жұмыс тобы керек деген ұсыныс жасадық. Ол жұмыс заңнама және ұйымдастырушылық мәселелермен шұғылданатын болуы керек. Өйткені алдымызда заңнаманы жетілдіру деген үлкен бір бағыт тұр. Оны да ескермесе болмайды. Латын әліпбиіне көшу бойынша Елбасының Жарлығы шықты,саяси шешім қабылданды. Бұдан кейін халықаралық практика бойынша, осындай үлкен бастаманы қолға алу үшін арнайы заң қабылдануы керек. Және бір ғана заң емес. Мемлекеттік тіл туралы да міндетті түрде бір заң керек. Оның мәртебесі, функциялары, қызметі, тағы басқа мәселелер сол заңда көрініс табуы қажет. Жарнамаға, ономастикаға қатысты заңдар да керек. Өйткені мұндай мәселелер бір заңның, сонымен қатар өзге де заңдардың ішінде бап тармақтары ретінде көрініс тауып келгені белгілі.Ұйымдастырушылық шаралары туралы айтатын болсам, тілдік реформа тек филологтар жасайтын реформа емес, бұл кез келген азаматқа тікелей қатысы бар мәселе. Сол себепті құзыретті органдар, министрліктер, агенттіктер, облыстық, қалалық әкімдіктер, мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдардың барлығы, жеке меншік ұйымдар, жалпы айтқанда ел болып, қоғам болып осы мәселені қолға алуымыз керек. Бұл болашағымыз үшін жасалып жатқан нақты қадам, үлкен бетбұрыс. Тілімізді тұғырына қондыруға бағытталған ең үлкен бас­тама дер едім.– Ұлттық комиссияның келесі отырысы қай кезге жоспарланып отыр?– Алдағы 7-желтоқсан күні екінші отырыс өтеді. Басында жарты жылда бір жиналсақ деген ұсыныстар айтылған, бірақ атқарылуы тиіс жұмыстар қыруар болғандықтан Премьер-Министр бір айдың ішінде екінші рет жиналу туралы тапсырма берді. Бұл жұмыстарды біз науқаншылыққа бой алдырмай, жүйелі түрде, асықпай, барлық мәселелерді сараптай отырып, жүргізуіміз қажет. Ең бастысы – жалпы тақырыптар анықталды. Әр топтың жоспары, нақты тізімдері қарастырылып, келесі отырыс­та бекітілуі тиіс. Елбасы айтқандай, әліпби апробация кезеңінен жақсылап өтуі керек. Сондықтан апробация кезінде туындаған мәселелер пысықталып, тиісті іс-шаралар атқарылады.– Әңгімеңізге рақмет!


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто