Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Қыз өссе елдің көркі


23 июля 2010, 10:51 | 2 767 просмотров



Мектеп өмірінде өнегелі істер мен сыпайылық қарым- қатынасқа тәрбиеленген қыздар, болашақта да ертең еңбек еткенде де жақсы жақтарымен көпшілік құрметіне бөленуі сөзсіз. Қыздардың бірі - жаңа буырқанған бұлақтың бастауы болса, екіншілері - ағысы қатты арналы өзен сияқты, бірі момын да, жуас, енді бірі өткір де өжет.

Қыз баланың физиологиялық, психологиялық даму кезеңдерін басшылыққа ала отырып жүргізілетін тәрбие жұмыстары өз нәтижесін бермей қоймайды.

Бастауыш сыныптағы қыз бала ұқыптылыққа, тазалыққа, үлкенді және достарын сыйлауға, мектепте өзін-өзі ұстауға тәрбиеленсе, 5-8 сыныптар аралығындағы қыз балалар тәрбиесі алғашқы кезеңдегі тәрбиені жалғастырады. Қыздардың мінез тұрақтылығын қалыптастыра отырып инабаттылыққа, әдептілікке, ізет пен мәдениеттілікке тәрбиелеу қажеттілігі тууда.

9-11 сыныптар арасындағы қыз баланының қоғамның белсенді мүшесі екенін ұғынуға, адал достықты, таза махаббатты түсінуге тәрбиелеу. Өнерге, мәдениеттке, өткен тарихқа, отаншылдыққа өз көзқарастарын тәрбиелей отырып, отбасының алтын арқауы - негізі болуға үйрету. Мейірімділік пен қамқорлық қасиеттерін, ізеттіліктерін қалыптастыру. Өйткені қыз бала алдында қоғамның, елдің, ұлттық тыныс-тіршілігі барысындағы үлкен жауапкершіліктің тұрғанын олардың санасына жасынан құйып, әдеп пен сыпайылық, тазалық пен адамгершілік нәрімен сусындатып, білікті, білімді, жан-жақты жетілген қыз баланы тәрбиелеуіміз керек.

Қазақ халқының әдет-ғұрып, салт- дәстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып, қыз балаға келешекте ана, ақ босағаның аруы, шаңырақтың құт-берекесі екенін ұғындырып, әдептілікке, сыпайылыққа инабаттылыққа, мол мейірімділікке, төзімділікке, шыншылдыққа баулып, ар тазалығын жоғары ұстайтын қылықты қыз тәрбиелеу мектептен бастау алғаны нұр үстіне нұр болып отыр. Біз ата-ананы пір тұтқан, тегімізді атадан, тілімізді анадан санаған халықпыз. «Атасыз ұл ақылға жарымас, анасыз қыз жасауға жарымас», «Қыз ақылды ескермес, ана үлгісін көрмесе, ұл жарылқап ас бермес, әке үлгісін көрмесе». Ұлттық салт- дәстүрімізді білу,оның астарын түсініп, атадан балаға мирас ету қазіргі таңда, әсіресе, қазақ қыздары үшін ауадай қажет. «Қыз тәрбиелей отырып - ұлтты тәрбиелейміз» деген қанатты сөздің өзі қыз бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін білдіреді.

«Қызым үйде, қылығы түзде» дейді екен бұрынғылар. Қыз баланың бойына асыл қасиеттерді дарыту тек құлаққа құюмен, ақыл айтумен не болмаса «Қызды қырық үйден тыюмен» шектелмейді, мәселе қай кезде, қандай жағдайда орынды ақыл ұсынып,үлгі -өнеге көрсету қажет.

Ізеттілік, көргенділік нәресте кезінен ана сүтімен бойға сіңеді. Қатты күлмеу, айқайлап сөйлемеу, үлкеннің жолын кеспеу, ыдыс аяқты салдырлатпау, алдымен кіріп, артымен шығу, есікті теуіп ашпау, босағаны кермеу, ұсынған кесені төмен қарап беру, үлкендерден жоғары отырмау тәрізді тіпті қыз баланың отырысына, жүрісіне, аяқ басқанына, киім киісіне, қимыл- қозғалысына, дауыс ырғағына дейін мән берудің өзі қыз бала тәрбиесіне аса зор мән беріп, көңіл қоюдың жауапкершілігін сездіреді.

Жазушы Ә.Нұршайықовтың мына бір сөздерін әрбір қыз баланың бойына сіңірсек құба-құп.

– Қыздар!Өздеріңді алақанға салып әлпештеп отырған осынау бір елімізге адал перзент, асыл азамат боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар! Еңбекшіл адам ең ардақты адам.

- Әдемі болыңдар, әсем болыңдар! Сонымен бірге ақылды болыңдар!

- Сұлу болыңдар, сымбатты болыңдар! Сонымен бірге саналы болыңдар!

- Қыздар ұйқышыл болмаңдар, ұмытшақ болмаңдар, ұрысқақ болмаңдар.

- Инабатты болыңдар, ілтипатты болыңдар, ұйымшыл болып өсіңдер!

Қыз бала тәрбиесі қай кезде де назардан тыс қалып көрген жоқ.

Бірақ бүгінгідей қоғамның аласапыран кезеңінде қыз балаларды жан-жақты тәрбиелеу уақыт күттірмейтін мәселе.

Тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңгі тұтқасы- болашақ ұрпақтың дені сау,жаны таза болуы, бойларына жалқаулық, құнсыздық- жауапсыздықты дарытпау,өздерін сергек ұстауы- бұл да тәрбиенің бірден бір міндеті.

Ежелгі Греция жерінде бір жартасқа: «Егер күшті болам десең - жүгір, ақылды болам десең - жүгір»,- деген сөздерді жазып қойыпты.

Осында үлкен мән бар.

Автор:
Абай атындағы мектеп-гимназиясының психолог маманы, Абдрахманова Мадина, Сарқан қаласы