Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

М.Ващенко: «…Сіздер, қазақтар әлі көп нәрсеге қол жеткізесіздер!»


8 декабря 2017, 11:31 | 1 166 просмотров



Түріктің дана, кемеңгері  Мұстафа Кемал Ататүрік: «Біздің кез келгеніміз депутат та, президент те болуымыз мүмкін. Бірақ, кез келгеніміз өнер адамы бола алмаймыз. Сондықтан да, өнер адамдары біздің қолымыздан емес, біз өнер адамдарының қолынан сүюіміз керек» дегенді.  Қазақтың қазанында  бірге қайнап, өнер атты ұлы өмірдің ыстығына күйіп, суығына тоңа жүріп, халқымыздың құрметі мен ілтипатына бөленген адамдардың қатарында ресейлік архитектор, мүсінші, суретші  Маргарита Ващенко да бар.  Келер жылы 165 жылдығын тойлағалы отырған ақын Сара Тастанбекқызының бейнесін алғаш рет салып, мүсінін сомдаған  Маргарита Маркиановна 7-желтоқсанда 110 жасқа толар еді.

untitled-300x200.png

Маргарита  Ващенко 1907 жылдың 7 желтоқсанында Ресейдің Петербург қаласында дүниеге келген. Ол өз қолымен жазған өмірбаянында әкесі-қызметкер, анасы-үй шаруасында болғандығын, әкесінің  1918 жылы әскерге алынып, анасының балаларды жетектеп Украин жеріне қоныс аударғанын   айтады.  7 жылдық мектепті Воронцовко қалашығынан аяқтаған Маргарита Мәскеуге жұмыс іздеп, оқуын жалғастыру үшін аттанады. Арманы-жоғары білімді маман атану. Нағашы әпкесінің күйеуі Михаил Христофоров қолдау көрсетіп, жұмысқа тұрып, қосымша жоғары оқу орнына түсуге даярлық курсына барады. Қаршадай қыз тағдырдың сыйынан гөрі тауқыметін көбірек тартты.  Әкесі «Халық жауы» атанып қамауға алынғанда, ол Мәскеудің архитекторлар даярлайтын институтының білімгері еді. Оқуға 1932 жылы қабылданып 1937-ші жылы аяқтағанымен дипломын қолына 1945 жылы ғана алады. Дипломы қолға тигенге дейін қайта Петербургке оралған бойжеткен суретшілік өнерге ден қояды. Үлкен тебіреніспен салынған табиғат көріністері мен басқа да өнер туындыларынан өзі білім алған институт қабырғасында жеке көрмесін өткізуге мүмкіндік туады. Нәтижесінде академик Б.Иофанның жетекшілігімен танымал архитекторлар А. Великанов, П.Абросимов, И.Рожиндермен иық тіресе еңбек етеді.Соғыс өрті тұтанған 1941 жылы эвакуацияға дейін Мәскеудегі жұмысын әрі қарай жалғастырады. Днепропетровск қаласына қоныс аударып, музыка мектебінің жобасын жасауға қатысады. Қазақстанға архитектор М. Мендіқұловтың шақыруымен 1955 жылы келген Ващенко Талдықорғанға  бас архитектор болып тағайындалады. Қазақтың кең даласы, асқар биік таулары, дархан пейілінен шабыттанған орыс қызы жергілікті халықтың ерен тұлғаларына қызығып, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпына ғашық болады. Сөйтіп, облыстағы бірқатар маңызды ғимараттардың жобасымен қатар Ғани Мұратбаев, Шоқан Уәлиханов, Сара Тастанбекқызының мүсіндерін сомдап, ескерткіштерін тұрғызуға тікелей ат салысты.

Қағазға түскен кескінге қарап, балшық илеп, гипс қатырып, бейнені ойдағыдай жасап шығарғанға дейін мүсіншінің тыным таппасы анық. Маргарита    Маркиановна  әзірлеген сұлбалардан уақыт пен заманның тынысы айқын аңғарылады. Тумысынан қарапайым, еңбексүйгіш жан сәл нәрседен: «Жолым болмады» деп қол сілтеуден аулақ еді. «Мен талантпын неге мұны ешкім көрмейді,бағаламайды?» деп те жүгірген жоқ. Бойындағы бары-дарынын жұмсап, тас мүсінге «жан бітіріп» еңбектене берді. Өмірінің соңғы сәтіне дейін өзі көзін тігіп, қарап жатқан  ақын Сара бейнесі кезінде үзеңгілес замандастарының ауызекі айтуымен дүниеге келген еді. Ал, оның мүсін болып өріліп, тас тұғырға қойылуы өз алдына үлкен әңгіме.

1-300x145.png

Қапал — талай тарихи оқиғаларға куә болған, табиғаты да бай өлке. Әріге бармай-ақ, жирмасыншы ғасырдың 50-60-шы жылдарында түгін тартса май шығар өңірдің жан-жақты дамуына  уақытпен есептеспей үлесін қосқан азаматтар қаншама!

3-1-225x300.jpg

Солардың қатарында Абай ауылында ақын Сара ескерткішін тұрғызуға қомақты үлес қосқан Абай атындағы колхоздың партия комитетінің хатшысы Амантай Смағұлов болатын. Ойын өткізіп, сөзін жеткізе алатын азаматтың жазған өтінішін колхоздың басқарма төрағасы Т.Түшкенов, замандасы М.Қоңырбаева мен ауылдастары да қоштаған еді.  1967 жылдың 3-шілдесінде ҚПП аудандық комитетінің секретары Т.Махметов қол қойған Қазақстан КП аудандық комитеті бюро мәжілісінің арнайы қаулысы шығып, онда:

  1. «Ұлы Октябрь революциясына дейінгі бостандық аңсаған қазақ әйелдерін бейнелейтін Ақын-Сара ескерткіші бейнесін орнату Октябрьдің 50 жылдық мерекесіне дейін аяқталсын.
  2. Ескерткішті жобалаған проекті бойынша жасап,орнату үшін тиісті қаржы бөліп, оны орнату жұмыстарын көрсетілген мерзімде аяқтау Абай атындағы колхоздың правления председателі Т.Түшкенов, партком секретары А.Смағұлов жолдастарға міндеттелсін.
  3. Қаулының орындалуын бақылау ҚКП аудандық комитетінің үгіт және насихат бөліміне тапсырылсын» — делінген.

Осы қаулы шығып,тапсырма берілісімен ақын Сараның болашақ ескерткішіне арнап, 1959 жылы тұрғызылған тас тұғырға мүсін орнату ісі басталып кетеді. Қаулының шығуына қосымша «Қазақ әдебиеті» газетінде 1967 жылдың 9-шілдесінде жарық көрген 24-санындағы «Тұғыры тұр, ескерткіші жоқ» деген мақала да түрткі болғанын айтуымыз парыз.

Таңертеңнен  қас қарайғанға дейін еңбек ететін әке үлгісін жадына түйіп, бойына сіңіріп өскен Амантай Смағұловтың қызы — Гүлнар М.М.Ващенкомен кездесуін, ескерткіштің тұрғызылуын былайша еске алады.

2-225x300.pngГүлнәр Амантайқызы

«…Мен М.Ващенкомен 1967-1968 жылдары шамамен 3 сыныпта оқып жүргенде кездестім. Ол кезде Абай атындағы колхоздың (қазіргі «Көшкентал»)  бұрынғы «Школьная» (қазіргі Т.Түшкенов) көшесінде тұратын едік. Мектебіміз бүгіндегі А. Иманов көшесінің аяғындағы үш бөлмелі пәтерде орналасқан. Қазақ мектебінің ішінде орысша 4 сынып бар болатын, мен сол орыс сыныбында оқыдым. Мектепке барып қайтқанда ескерткіш орнатылар тас тұғырдың айналасында ойнап,армандап өстік.

Бірде анам-Нұржәміштен:

— Бұл тұғырға В.И.Лениннің мүсіні қойыла ма? Біз қашан жаңа мектепте оқимыз?-дедім.Сұраулы жүзбен аңтарыла қараған маған анам іле мән-жайды түсіндіріп:

— Қызым, бұл тұғырға сендердің апаларың ақын Сараның мүсіні қойылады. Бұйырса, мектептерің де салынар,әкелерің сол үшін де шапқылап жүр-дегенді.

Совет Одағының ішінде біздің кішкене ғана колхозымызда атақты ақынның ескерткіші бой көтеретініне қатты қуандым.Осыны құрбыларыма айтып,мақтан тұттым.

Көктемнің бір жаймашуақ күнінде әкем Амантай үйге Маргарита Ващенконы ертіп келді.Ол кісі тура біздің анамызға ұқсас,орта бойлы,толықша келген жан екен. Басындағы жібек орамалының астынан қызыл шашы көрініп тұрды.Үстінде күлгін-көйлегі бар.Әкем:-Бұл кісі бізге Москвадан арнайы ақын Сара апамыздың ескерткішін құю үшін келді. Осы үйде тұрады,-деді. Еліміздің қонақжайлылығы,бауырмалдығы маңдайына біткен еншісі. Бір жапырақ нанын бөліп беріп, дастарханға отырарда төрін ұсынатын халықпыз ғой, қонақты қуана қарсы алып,күтуге кірістік. Әкем екеуі ертелетіп жұмыстарына кетіп, кешке кеш келетін.Бір демалыста Маркиановна үйде болды. Анам:

— Гүлнар, сен орысша білесің ғой, ана кісіні ас ішуге шақыр,-деді. Мен ол кісінің қасына қорқа-қорқа жақындап:

— Идемте, кушать-дедім. Маркиановна жылы жымиып,мені өзі әңгімеге тартты. Есімде қалғаны «-Какие маленькие и говорите по русский, вы, казахи многого достигните. А мы, русские ленивые, только знаем один язык»-деді. Мүсінші біздің үйде шамамен жаздай болды. Біз ол кісіні Мәскеуден келген қонақ ретінде сыйлап, артық мазасын алмауға тырыстық. Тек құрмет көрсетіп, жағдайын жасауға ұмтылдық. Ойына алған шаруасы аяқталды ма,білмедім,үйіне қайтып кетті.

IMG-20171121-WA0006-150x150.jpg

Қай жылы екені есімде жоқ, көктемде Маркиановна біздің үйге қайта келді. Қолында өте көлемді, түсі қызыл чемодан. Анам Нұржәміш ол кісіні көре сала құрақ ұшып жанына жетіп барып: «Мен білмедім ғой,сізді күтіп алуға балаларымның бірін жіберер едім»деп жалпаңдап жатты.

Себебі, сонша ауыр чемоданы бола тұра, автобус жүргізушісі ол кісіні «Төске» қалдырып кетіпті. «Төс» деп бас жолдан қазіргі «Көшкентал» ауылына барар жердегі тақтайша орналасқан аумақты атайтын.

Осы жолы Маркиановна чемоданына ақын Сара апамыздың туыстары, замандастарының айтуымен құйылған мүсіндерді толтыра салып алыпты. Жол-жөнекей мүсіндердің біразы бүлініп,сынған. Соларды қайта қалпына келтіру керек болды. Ол үшін гипс алдырды. Бірде Маркиановна:

— «Амантай Смагулович, мне нужна глина» — деді. Содан соң үшеуміз су алатын бұлаққа барып, әкем мүсіншіге әр түрлі батпақтарды көрсетті. Жарата қоймаған ол бір кезде көкжасыл батпақ кездескенде:«Вот-вот эта глина мне нужна!»-деп қуанып кетті. Үшеуміз әлгі батпақты шелекке толтырып салып,үйге қайттық. Әкем маған:

— Егер Маркиановнаға батпақ,су қажет болса,сен қай жерден алатынын көрдің ғой, соларды Маркиановнаға әкеп беріп отыр деді. Маргарита апай анам екеумізден тақтайша сұрап, оны тауып беруге жан-тәнімізбен кіріскен біздер бір жәшікті бұзып тастадық. Әлгі тақтайшаның үстіне  әкелген балшықтарды салып, адамдардың кейпін жасауға кіріскен мүсіншіге тапжылмай қараған мен, оның әрбір қимылын қалт жібермеуге тырыстым. Бір уақытта Маркиановна адамның кейпін жасап шықты.Ол бейненің жарылмай кебуі үшін қайта-қайта су септі.Батпақтан жасалған бейне кепкен соң,парафинді ерітіп,әлгі жасалған батпақ мүсінге жақтық. Сонда өмірімде алғаш рет парафинді көрдім. Үстіне езілген гипсті тездетіп құйып шықтық.Оны да қатқанша тосып отырдық. Егер гипс шала қатса мүсін үгіліп қалады. Ал, қатты қатып қалса, мүлдем алынбайтыны тағы бар екен. Мүсінді жасау барысында әртүрлі жағдайлар болды. Сынды, үгілді, ашылмай қалды. Әйтеуір,бір күні Маркиановна өзіне керекті бейнені ойындағыдай етіп жасап шықты. Мен де ол кісіден көргенімді қайталап,бір қыздың мүсінін сомдап шықтым. Сонда Маркиановна:

— Хочешь,заниматься этим делом? У нас в Москве есть школа-интернат для детей Востока, я помогу тебе туда устроиться,-деді.

Мен суреттерді салуды жақсы көргеніммен, ешбір ұстаз мақтамады. Керісінше, қонақжай шаңырағымызға жиі келетін ақын, жазушылар мен әртістердің әңгімелерінен «Таланты жоқ адам шығармашылықпен айналыспағаны жөн»дегенді естіп, «Менде ондай талант жоқ»деп жауап беріп, Москваға бармай қалдым. Көшкентал орта мектебінде 6 сыныпқа дейін оқып, қалғанын Қарағанды қаласында жалғастырдым. 1972 жылы жазда ауылға келгенде ақын Сараның мүсіні тұғырға орнатылып қойыпты. Маркиановна да біздің үйде екен. Өзімен мүсіннің түсімен бірдей қара бояу әкеліпті. Мен мүсінді қара түспен бояғанына таңғалдым. Біз, қазақтар қара түсті аса ұната бермейміз ғой. «Не үшін мүсінді қара түспен боядыңыз?» деген сауалыма мүсінші:

— Әр ғасырдың өз түстері болады, сонымен археологтар мүсіндердің қай ғасырға жататынын анықтайды. Қазір жирмасыншы ғасырда мүсіндердің түсі-қара болады — деп жауап берді. Бірақ, кейін халықтың өтініші бойынша Сараның мүсіні алтын түске боялды,-дейді.

Әкесі Амантайдың ат салысуымен қойылған ескерткіштің қасына келгенде, Гүлнарды мақтаныш сезімі баурап ала жөнеледі. Мүсіншінің шеберлігіне таңғалмасқа шараң жоқ.Тас мүсін төңірегіне қазақ әйелінің бойындағы қасиетін, заманның тынысын айқын аңғартып тұр. Өн бойынан өмірге құштарлық пен жалынды жастықтың лебі ескендей. Жүзінде өршіл рухтың табы бар.Табиғатынан қорғансыз жаратылған әйелдің бойындағы қайрат,қажыры,тасқын судай тасыған жігері керемет үйлесім тапқан. Ақын Сараға орнатылған ескерткіш барша қазақтың қыздарына орнатылған ескерткіштей көрінеді.

IMG-20171128-WA0015-e1512705909225-150x150.jpg

«1972 жылы Абай колхозында ескерткішті қою жұмыстары аяқталғаннан кейін де Маркиановнамен хат алысып тұрдық. Ол кісіні біз Ақын Сараның мүсінін жасаған адам ретінде сыйладық, құрметтедік. Ал, ол  Ақын Сараны өзінің туған қызындай жақсы көрді,талантын бағалап,жасаған мүсіндерінің қамын ойлап,үнемі хат арқылы сұрап тұрды. Біздің жанұямыз Ақын Сара жөніндегі құжаттар мен хаттарды сақтауды жөн деп таптық. М.М.Ващенко ең соңғы 1988 жылдың 30 қазанындағы хатында менің әкемнің қайтыс болғанына байланысты көңіл айтты. «Сочувствую в утрате Амантай Смагуловича. Он был идейным и передовым человеком нашего времени, добрата его была безгранична,он верил в жизнь, любил людей, приносил огромный вклад в культуру народа, был всегда примером для всех нас. Был беззаветно предан своему народу и делу, которому служил всю жизнь»-дегенді.

IMG-20171125-WA0012-150x150.jpg

Әкемнің қазасынан кейін 1990 жылдары мен Ващенкоға бір-екі рет хат жолдадым. Бірақ,менің хаттарыма жауап келмеді. 2010 жылы интернет арқылы іздестірдім. Москваның  «Қазақ тілі» қоғамының сайтында 2006 жылы Орынгүл Жанайдарованың статьясынан Шоқан Уәлиханов  туралы кітап жазған жазушы Ирина Стрелькова  мен мүсінші Маргарита Ващенконың шаңырағында қонақта болғанын оқыдым.Осы мақаладан М.М.Ващенконың дүние салғанына бір жыл болғанын да білдім. Өкінішке орай, Орынгүл Жанайдарова автокөлік апатынан қаза болыпты. 2011 жылы 6 шілдеде ескі адресі бойынша мен М.М.Ващенкоға хат жолдадым. Каз.почтадан хаттың Москваға жетіп,оны біреудің алғанын білдім. Бірақ, хатыма жауап 2011 жылдың қараша айында М.М.Ващенконың қызы Гелия Алексеевнадан келді. Ол кісінің хатынан анасының қолынан шыққан туындылары мен Ақын Сараның майлы бояумен салынған суреттері бар екенін білдім. Бірақ,менің сол кезде осы жұмыспен айналысуға жағдайым болмады. Ең бастысы қызы Гелия Алексеевна анасының еңбектерін екі көздің қарашығындай сақтап, бізге сыйлауға дайын екендігін және  анасының ескі мекенжайында тұратынын біліп, өте қатты қуандым.

Ақын Сараның 165 жылдық мерей тойын өткізу қарсаңында «Нақ Бірлік» қоғамдық қорының төрайымы  Салтанат Меңлібаева менің  әкем Амантай Смағұловтың  Ақын Сараның бірінші ескерткішін Абай колхозында тұрғызуға  байланысты еңбек еткенін жақсы білетін. Сол себепті, мені осы іс-шараны өткізу дайындығына қатыстыруды ұйғарды. Осы жолы мен оған Ақын Сараның мұраларын толықтыру үшін Гелия Алексеевнаның, Ақын Сараның портреттерін маған сыйға тартатыны туралы хатты көрсеттім. Олар Ақын Сараның портреттерін елге жеткізу жұмыстарын ұйымдастыруға бел шеше кірісіп, алып келді .Сондықтан да,«Нақ Бірлік» қоғамдық қорына Ақын Сара апамыздың Москвадан майлы бояумен салынған суреттері мен Қапал өңірінің табиғатын бейнелеген туындыларын тарихи Отанына, еліне жеткізгеніне алғысымды айтамын,-дейді.

Халқымызда тектілік деген ұғым бар. Ол — үлкен қасиет. Адамгершіліктің көрінісі. Адамның парасаты, ақыл-ойы, мәдениетінен де байқалады. Өсіп-өнген ортасы, мақсат-бағдары, көзқарасы, мінезінің көркемдігі де оны танытып тұрады. Адамға тән жақсы қасиетінің арқасында өз міндетін адал атқарған  ҰОС ардагері, сексеннен аса бақилық болған Амантай аға артына мол мұра қалдырып кетті. Оны қызы Гүлнар жалғастырып, әкесінің тағылымды тәжірибесін ұрпаққа аманат етуді көздейді.

«Қолымдағы құндылықтарды күтіп ұстап, іскерлікпен еңбек етіп, кітап шығарсам» дейді асылдың сынығы. Киелі шаңыраққа арнайы шақырумен барған мен де сол дүниелерді  көзбен көріп, көңілім тасып, кеудемді қуаныш сезімі кернеді.

Иә, бір ғана мақаланың бойына осынау қарапайым мүсіншінің өмір бойы атқарған қажырлы еңбегін сыйғызу еш мүмкін емес екені белгілі. Маргарита Ващенконың көзі тірісінде алған ең жоғары наградасы — 1948 жылдың сәуірінде СССР архитектор әйелдерінің бірінші Бүкілодақтық көрмесіне қатысқанда берілген дипломы мен 1997 жылдың 23 желтоқсанында Мәскеудегі қазақ диаспорасы атынан 9 адам қол қойған «Алғыс хаты» ғана.

Бірақ, ең жоғары марапат — қазақ халқының сәулетшінің өнеріне бас иіп, талантты жоғары  бағалауы, есінде мәңгі қалдыруы  дер едім.


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто