Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Қапшағай туралы ода


23 июля 2010, 10:55 | 2 791 просмотр



Қапшағайым, күн сайын құлпырасың,

Жаңалыққа жан сала ұмтыласың.

Сабырлы қалпыңнан бір жалыққандай,

Арнаңа сыймай кейде бұлқынасың.

Баққа айналып құба жон құмданатын,

Қала орнатқан төсіне құм даланың.

Кіші Алматы сияқты қалам мынау,

Тәкаппарсып теңіз тұр тұлғаланып.

Атқылайды бұрқақтар қуанысып,

Бірі асып бірінен құрақ ұшып.

Аспанға атып шаттығын сүйіншілеп,

Болашаққа жатқандай тым асығып.

Қапшағай, мұнша әдемі болармысың,

Жігіттей қырықтағы толармысың.

Жағаңа жататұғын толқын ұрып,

Ақ шағала-жырларым оралды шын.

Еріне бұйра толқын ырғалытып,

Ал бірде буырқанып, шыңға атылып.

Кей сәтте ару қыздың жанарындай,

Жатады жағалауың сырға тұнып.

Күн шыққанда теңізден көтеріліп,

Сол күнді шағалалар кетеді іліп.

Аспан көк, айдын да көк, көк әлемге,

Бір келіп сауық-сайран етеді жұрт.

Артып жатар күннен-күн жарасымы,

Көгілдір көл – көзімнің қарашығы.

Осылай сұлулыққа сұқтанғанда,

Төгіледі сөздің де бар асылы.

Шығады жан-жаққа жол тармақтанып,

Пойыз да өтер бір әуен арнап қалып.

Бақтарыңды аралап кетсем кейде,

Жетелейді ойларым сан-саққа алып.

Жиырма бес шағын аудан аумағың боп,

Төсіңде жаңа өмір қаулағын тек.

Сағындырса құм кешкен балалығым,

Жағажайға тұрады аунағым кеп.

Көлбеген көк теңіздің төсіндегі,

Қапшағай көп қаладан көш ілгері.

Ойын-бизнес, демалыс аймағы боп,

Жарасар Қапшағайдың көсілгені.

Қол бұлғайды алыстан көгілдір көл,

Жағасында қыз-ғұмыр көңілділер.

Дөңгеленіп көк теңіз көз алдымда,

Мәңгі-кемем сияқты көрінді Жер!

х х х

Тұншықтырып, айырып тынысыңнан,

Дүлей боран қап-қара құм ұшырған.

Сол өлкені игеріп адам күші,

Қала бүгін халқына гүл ұсынған.

Ер қазақ мекен еткен бұл өлкені,

Таңбалытас, Бесшатыр - бір ертегі.

Кім білген бір кездегі құм мекеннің,

Жерұйық болатынын күні ертеңі.

Жақсылықтың алда бір жазы барын,

Ақындардың жырлары ағыларын.

Сездің бе екен, Қапшағай, түбінде бір,

Өзің жайлы тарихта жазыларын.

Ерте деп ойлама ұрпақ білуге әлі,

Тиісті айтылуға бұның бәрі.

Қырық жылдық тарихын қаламыздың,

Керек қой ұрпағының ұғынғаны.

Бұл жерді Жібек жолы басып өткен,

Сол жолмен ұлы Шоқан сапар шеккен.

Сан жорыққа қатерлі белін буып,

Ұрпақ үшін Шығысты зерттеп кеткен.

Құм далада қала орнап таңғажайып,

Көркейіп келе жатыр қанат жайып.

Бір өңірін Түрксиб көктей өтіп,

Бір өңірін көк теңіз жатыр шайып.

Қара дауыл құм борап тайталасқан,

Құлазыған кең дала, шаңдақ аспан.

Демалыс орталығы болды, міне,

Туристерге есігін айқара ашқан.

Жүректерді жырыммен тербеп үнім,

Ақын деген қауымның өрнегімін.

Алтынкүрек секілді жылы леппен,

Ода жаздым қалаға мен де бүгін.

Көрсін әлем, танысын, сенсін ғалам,

Тапсырайын жырымды еншіңе аман.

Аңызақ дала жұмсартып табиғатын,

Оны игерген ұлы күш – сенсің, Адам!

ӘСЕМ ҚАЛАМ -

АСТАНАМ

Астанам – бас қаласы елдігімнің,

Жас қала - алтын зері белдігімнің.

Бұл күнде орда болып, еңсе тіктеп.

Еліне шапағатын, берді нұрын.

Астанам Сарыарқаның кіндігінде,

Көркіне таңдай қағар ел бүгінде.

Керегесін қатайтып, уық тіктеп,

Түзетіп жауып алған түндігін де.

Кең байтақ Евразияның ортасында,

Шалқыған Есіл өзен жағасында.

Әлемді таң қалдырған қала орнады,

Елбасы Нұрекеңнің арқасында.

Жаңашыл, білгірлігі Нұрағамның,

Ел-жұрты қызығады бұған әр күн.

Океанариум – әлемде жоқ ғаламат,

Этнопаркі – тарихы ұлылардың.

Бір кезде тың игерген аймақ еді,

Бірге өскен еңбекпенен қайнап елі.

Бейбітшілік сарайы, «Ақ Ордасы»,

Көз тартар әсемдікпен «Бәйтерегі».

Елім деп бойда күші сарқылмаған,

Сән берер сәулет өнері жарқылдаған.

Көтерген әр тасынан Елбасының,

Құлаққа келеді үні «халқымдаған».

Көшіріп бас қаланы Астанаға,

Мұрындық болған игі бастамаға.

Көркейіп, қанат жайып осы кезде,

Ұқсайды тұлпар мінген жас балаға.

Стадион көркі сұлу көз тартады,

Елбасы гүлдендірді жас қаланы.

Тәуелсіз мемлекеттің туын ұстап,

Ел-жұрты әнге қосар Астананы.

Нұрағам жақсылыққа бастап қадам,

Жеткенше арманына ас батпаған.

Әлемде жоқ керемет қала орнатты,

Парламент үйі анау асқақтаған.

Қиындық жарып өтіп тас қамалын,

Өмірге өзі әкелді Астананы.

Жетелеп, тік көтеріп аялады,

Жастарым болды қанша баспаналы.

Көркіне көз тоймайтын Астананың,

Жетістігі арнадан асқан ағын.

«Әсем қалам – Астанам – бас қалам» - деп,

Айтып, әне, барады жастар әнін.

Тіл – тағдыр

Оймен шолып бай тарихтың парағын,

Өнерімді сабақтайды талабым.

«Нұр Отанды» дәріптейін мен-дағы,

Тіл туралы толғап өтсін қаламым.

«Нұр Отанның» арқасында өрледі,

Жаңару мен жетістіктер елдегі.

Әл-ауқаты артып отыр халықтың,

Бұл партия дүниеге келгелі.

Өз еліне еңбегімен ұнаған,

Партияның кемеңгері – Нұрағам.

«Жол картасын» тосып елдің алдына,

Бес бағытпен жасалмақшы зор қадам.

«Нұр отан» ол – ер қазағым өрлеген,

Ешқашан да қолдан намыс бермеген.

Ол – халықтық демократиялық партия,

Бірге өсіп, бірге жүрер елменен.

«Нұр отаным» - ар-намысым, шапағым,

Көтеретін елдің даңқын, атағын.

Қазағымның келешегі жақсарса,

Көшбасшысы оның да - «Нұр Отаным»

Нұр ағам бар халқына сай жолыққан,

Ел-жұртының тілек-мұңын дәл ұққан.

«Нұр Отанға» он жыл толды,

Жиырма жыл -

Тіл заңына елдігімді танытқан.

Бастан кешкен қиындықты сан ғасыр,

Ғажап әрі бай тіліміз мәңгі асыл.

Бұл заманда асыл мұра тілімді

Үйренбесе азаматтық арға сын.

Сараманды тіл туралы заңымыз,

Тап-таза тіл - ол – тап-таза арымыз.

Көтерейік мәртебесін тілімнің,

Тіл – тағдырым – қадірлейік бәріміз.

Ішкі-сыртқы саясатын қолдаймыз,

Елім үшін атты, міне, бұла таң.

Әр кез оны бір адамдай қорғаймыз,

Сенеріміз – тек бір Отан – «Нұр Отан».

ҚАЗАҚТЫҢ ҚОНАЕВЫ

Аямай терін төккен қазағы үшін,

Тұлғасы тау тұрпатты дара мүсін.

Өмірі өнеге боп жылдан-жылға,

Шоқтығы биіктеп-ақ барады шын.

Дінмұхамед Қонаев - ұлы тұлға,

Мұндай жанды бола ма ұмытуға?!

Алты алаштың баласы ардақ тұтып,

Аңыз қылар әр ісін қосып жырға.

Еш кетпей елге берген шапағаты,

Жаңғырығып күннен-күн жатады аты.

Жастарды шықты алып желтоқсанда,

Халқының оған деген махаббаты.

Қасқалдағын аңсаған айдын-көлі:

«Қайда - деді, - қайыспас қайран ерім».

Шүрегейге бас имей намыс кернеп,

Зығырданы жұртының қайнап еді.

Жүрегінде халқының азап-мұңы,

Өн бойында қазақтың қазақтығы.

Түйіні сол күнменен шешілгендей,

Жылдар бойы аңсаған азаттығы.

Қарапайым араласып дүйім елмен,

Санасатын халқының күйіменен.

Маңдайына қазақтың мұндай жанды,

Тәңірімнің тартқан бір сыйы дер ем.

Дәуірінің сарабдал мұрасы еді,

Димекеңе арналар жыр әсемі.

Қала орнатқан төсіне құм даланың,

Көңілімнен тарқамай жүр әсері.

Бүкіл халық бас иген құдіретіне,

Бөленген өз елінің құрметіне.

Естелік боп қаншама еңбектері,

Жайылып жатыр нұры жер бетіне.

Ұмытылмас өмірден кеткенімен,

Өнеге алып, үлгі алдық өткенінен.

Білім алып саналы, қаншама ұрпақ,

Өркен жайды Қонаев мектебінен.

Ел мұраты кетпеген өзегінен,

Халқының болашағын сезе білген.

Ел тізгінін нық ұстап, халқын сүйген,

Қазақтың Қонаевы дер едім мен.

Ақын рухымен сырласу

Жас қайыңдар биік-биік тал болып,

Жетім көлді таба алмайтын дал болып.

Мұқағали, тірі болсаң, жүрер ме ең,

Өлең жүгін арқалаған нар болып.

Онда өзіңді «ата» дер ме ек, кім дер ек,

Қысылғанға берер ме едің бір көмек?

Жас қайыңдай көрінесің жас болып,

Қарттығыңнан таба алмадым бір дерек.

Жүрер ме едің, ақсақалды абыз боп?

Маңайыңа жинап алып нағыз топ.

«Мынауың – ақ, мынау - қара» дер ме едің?

Қайран, аға, өзіңе айтар арыз көп.

Жүрер ме едің, жырыңды оқып арада,

«Ақын ата» - деп, атар ма ек, жан аға.

Қайың-талмен, тау-таспенен сырласып,

Күле қарап үлкенге де балаға.

Ұлы ақпанда тойлап бірге жер-жерің,

Жырыңменен жүректерді тербедің.

9-ыншы ақпан күні: «Өй, менің,

туған күнім, білесің бе?», - дер ме едің?!

Тамыршылдық жайлап алған жер бетін,

Көрер ме едің бүгінгі күн келбетін.

Қолым қысып қолдарыңмен күректей,

«Құтты болсын бұл кітабың!» дер ме едің?

Демеуші іздеп, келбетімді жүгірген,

Көрсетпей-ақ қояйыншы бүгін мен.

Жайымды айтып жақсылардың алдында,

Сезбей-ақ қой кездерімді жүгінген.

Мына жұртқа жақпай қалды тағы нем?

Жалықтым-ау «көзге» достың бәрінен.

Жақсылардың есіктерін сағалап,

Кімнен жәрдем сұрар екем тағы мен?

Сауға сұрап мына сараң өмірден,

Сұрым мынау сұрамшақ боп көрінген.

Сенсе бірі астындағы тағына,

Енді бірі байлығына семірген.

Ақындар көп, бар ішінде қасқасы,

Бірінің көп кітап жазар ақшасы.

«Ден сау болса, болды, - дейді, кейбіреу,

Сатылады дүкендерде басқасы».

Сатып алған өнер – өнер бола ма?

Оған елдің көңілі әсте тола ма?

«Ақынбыз!» - деп, кеуделерін қағады,

«Ақынмын» - деп, көрген жоқ ең, жан аға!

Зор даусыңмен тамағыңды бір кенеп:

«Поэзияға үлкен талап, сын керек!»

Осыны айтып, қырын қарап отырған,

Өр тұлғаңыз елестейді дүр бөлек.

Сусындап ел поэзияңның нәрінен,

Ақындардың биік тұрсың бәрінен.

Өшпес жырың мәңгілікке тұрады,

Орын алып қазағыңның төрінен.

Шоқанға арнау

Аға сұлтан Шыңғыс керіп кеудесін,

Мұхамед Қанапия деп ұлына берді есім.

Сырымбеттің етегінде ержетті,

Сұлу Көкше сомдап сұлу бейнесін.

Білім қуып, зерек оқып жасынан,

Омбы кадет корпусында оқыған.

Потанин мен Достоевский сияқты,

Жақсылардың табылатын қасынан.

Қазағының зерттеп кеткен ән-жырын,

Салт-дәстүрін, Шығысының тағдырын.

Сан жорықта басын тігіп қатерге,

Қашқар, Қырғыз – аралады барлығын.

Шоқанымен мақтанады қазағым,

Көріп оның сан ісінің ғажабын.

«Қозы көрпеш-Баян сұлу», «Манасты»

Зерттеп кетті, көріп сапар азабын.

Мектеп аты өзім дәріс беретін -

Шоқан жайлы алда әлі жазарым.

Алтыншаш Жұманқызы Жақиянова 1959 жылы 30 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданында дүниеге келген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетінде 1988-1994 жылдары дәріс алды. Семей облысы Ақсуат аудандық «Ақсуат арайы» газетінде қызмет атқарған. 1996 жылы «Жүрегімнің жұлдызы» атты жыр жинағы жарыққа шықты. 1990-ыншы жылдан бері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келеді.

Ұстаздыққа бет бұруына байланысты Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтын 2004 жылы тамамдады. Алматы облысы Қапшағай қаласында Д.А.Қонаев атындағы №1 қазақ орта мектебінде 1996-2008 жылдар аралығында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, бойында таланты бар жас ұрпақты өнерге баулыды.

Қазір ақын-ұстаз Қапшағай қаласындағы №2 Шоқан Уәлиханов атындағы гимназияда дәріс береді.

Ол Қапшағай қаласының 37 жылдығына арналған «Менің қалам» атты қалалық ақындар шығармашылығының байқауында бас жүлдені жеңіп алды. «Тұлпар мініп ту ұстар ел» атты ақындар айтысының жеңімпазы. Іле аудандық «Менің Мұқағалиым» атты жыр бәйгесінің дипломанты. Таяуда «Жанымның нұры» атты жинағы жарық көрді.

Алтыншаш екі ұл, бір қыздың, екі келін мен немерелердің анасы, сүйікті жар, ұлағатты ұстаз.