Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Сәлем - сөздің анасы


23 июля 2010, 10:59 | 11 268 просмотров


Мақсаты: Халқымыздың салт дәстүрін білуге, сақтауға, рухани байлығын арттыра отырып, ізеттілікке баулу

- сәлемдесу түрлерімен таныстырып, үйрету

- «сәлем- сөздің басы» екенін ескерте отырып, сәлемдесіп жүруге тәрбиелеу.

Көрнекілік: Нақыл сөздер «Сәлем – сөздің анасы»

«Әдептілік белгісі иіліп сәлем бергені»

Барысы: Ұйымдастыру. Оқушылармен сәлемдесу

Мұғалімнің кіріспе сөзі: Елбасының 2010 жылғы 29 қаңтардағы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында өскелең ұрпақтың тәрбиесіне де көптеп көңіл бөлінген. Ел ағаларының: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе...» дегеніндей, тәрбиенің негізі отбасы мен бастауыш сыныпта беріледі. Жолдауға сәйкес бүгінгі тәрбие сағатымыздың тақырыбы «Амандасу салты». Сәлем - әдептілік белгісі. Сәлемнің сәлемдесу, сәлем беру, сәлем қылу сияқты түрлері бар. Сәлемдесу – кездескен адамдардың бір – бірінің амандығын біліп, қуанышқа бөленуі, бір – біріне аман – саулық тілеп, тілектестігін, ниеттестігін білдіруі, яғни ізеттілік пен әдептілік нышанын көрсетіп, амандыққа ақ жарқынданып, жақсылыққа жадырауы. Амандасу адамгершіліктің, әдептіліктің бір белгісі болып табылады.

Оқушылар амандасу салты туралы түсінік береді.

Сәлем – арабтың «тыныштық», «бейбітшілік» мағынасындағы «ассалам» сөзінен шыққан.

Тегінде, әдеп, адамшылық амандасудан басталады. Сәлемдесудің мәні – ең алдымен бетпе – бет ұшырасқан сәттегі үнсіздікті жою, өздерінің аман – есен дидарласып тұрғанына қуану, ниеттерінің ақ, адал, таза екенін білдіру.

Мұсылман халқында амандасу «Ассалаумағалейкум» деген сөзден басталады. Ол «Сізге Алланың нұры жаусын» деген сөз екен. Жасы кіші адам жасы үлкен адамға қос қолын ұсынып, алдымен сәлем береді. Ал сәлем алушы «Уағалейкумассалам» деп оң қолын береді. Ол «Алланың нұры сізге де жаусын» дегені екен. Осылай қол беріп амандасқаннан кейін амандасушылар мына сияқты хал – жағдай сұрасқан:

- Денсаулығыңыз жақсы ма?

- Үй іші, мал жаныңыз аман ба?

Ал екіншісі:

- «Деніміз сау».

«Құдайға шүкір» немесе «Мал басы аман», - деп жауап қатқан.

Сыртта жүрген қария адам не жасы үлкен кісі өтіп бара жатса, жасы кіші адам оған әдейі бұрылып барып амандасуға тиіс.Амандасып болғаннан соң жасыы кіші адам «Жолыңыз болсын,қария!» деп жауап береді. Ал қария: «Сенің де жолың болсын!» - деп жауап береді.

Көріспегеніне біраз уақыт болған жолдас, құрдас, ағайын-туыстар қауышып амандасады. Олар әуелі қос қолдап амандасып, содан соң құшақтарын жайып барып бір-бірімен төс қағыстырып, оңға бір, солға бір кеуде түйістіріп амандасқан. Осылай қауышып амандасу ер азаматтар үшін ұлттық амандасудың ең құрметті түріне жатады.

Ауыл адамдарында алыстан келген ағайынға жиналып барып амандасу немесе алыс сапарға жүргелі жатқан адамға «Жол болсын!» - деп тілек айту дәстүр болған. «Алыстан келген алты жасар балаға алпыстағы шал барып сәлем береді» деген халық сөзі соның дәлелі болса керек.

Ауыл аралап жүрген жастар жолы үлкен қарияның үйіне кірмей кетсе, оларды «Амандасуға да жарамады» деп сөккен. Бұл тәрбие негізі амандасудан басталады дегенді білдіреді.

Екі оқушы шығып қол алып, кеуде түйістіру арқылы амандасуды көрсетеді.

Кімді көрсең дағы,

Сәлем бермей өтпе.

Сәлем - тілек шыңы,

Сөзімнің бұл шыны.

Ұлттың салтын сақтау,

Кісіліктің құны.

1-оқушы: Сәлем бере келдің

Үлкендерге «Сіз» дедің-

Асыл сөзді тердің -

Үлгіліні іздедің

2-оқушы: Сырттан келген мейманға,

Сәлем беріп, қол алсаң -

Бірінші еткен құрметің.

Түсіңіз деп түс беріп,

Шылбырына оралған-

Екінші еткен қызметің.

3-оқушы: Есік ашып енгізіп,

Көрпе төсеп құп алсаң-

Үшінші еткен құрметің.

Мейман риза болмағы-

Құрметпен үйге қонғаны,

Қонақжайлылық сол дағы.

4-оқушы: Атам маған әманда Әдепті жан бол деген. Ата сөзі санамда- Жасы үлкенге жол берем.

5-оқушы: Алдын орап кісінің,Кесіп өтпей көлденең. Ізетімен кішініңСәлемдесіп, қол берем.

6-оқушы: Атам маған әманда Кішіпейіл бол деген. Ата сөзі санамда- Мақтанбауды жөн көрем.

7-оқушы: Өзгелерден өзімдіСанамаймын жоғары. Артық айтып сөзімді, Желпінгенім жоқ әлі.

8-оқушы: Атам маған әманда Әділетті бол деген. Ата сөзі санамда- Жүрем тура жолменен.

9-оқушы: Қалдыратын ұятқа- Жалған сөзге төзбеймін. Жеткізеді мұратқа- Тек шындықты көздеймін.

10-оқушы: Әдепті бала ата- анасын мақтатар,

Әдепсіз бала ата- анасын қақсатар.

11- оқушы: Сыйлап сәлем беремін,

Көршілерді көргенде.

Ізетті де білемін,

Үйге қонақ келгенде.

12- оқушы: Мектепке бара жатқанда,

Жолыққан бар адамға.

Ертемен ақ пейілмен

«Қайырлы таң !» - деймін мен.

13- оқушы: Күндіз де елді елеймін

«Қайырлы күн»- тілеймін.

Үйге кешке келемін

Не дерімді білемін,

«Кеш жарық!»- деп кіремін.

14- оқушы: Алдымыздан кезіккен

Көп танысты көреміз.

Бәріне де ізетпен

Біздер сәлем береміз.

Барлық оқушылар хормен:

Үлкенге- құрмет, Кішіге- ізет.

15-оқушы: - Сәлеметсіз бе ағай! – деп

- Сәлеметсіз бе апай! – деп

- Есенсіз бе әжей! –деп

- Амансыз ба ағай! – деп

Ұл-қыз сәлем береміз,

Өнегелі өренбіз.

16-оқушы: Ұл балалар үйге кіргенде, сәлем берумен қатар бас киімдерін шешіп, қолына алғаны жөн.

Жасы кішілер үлкендерге сәлем береді, ал ұл балалар қыздарға амандасады.

17-оқушы: Кітапханада, емханада немесе көшеде әлдекімнен жөн сұрасаң немесе өтініш жасасаң, еппен басыңды иіп сөйлес- бұл сәлемдесу белгісі.Осы кезде «Өтінемін» деген жылы сөзді есіңе ал.

18- оқушы: Отырса егер қарсы алда

Жасы келген қарт адам:

- Ассалаумағалейкум!

- Деп, ұсынып қос қолын,

Ұлдар жасар өз жолын.

19-оқушы: «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді халық.

Әрқашан жүргей соны есіңе алып.

Амандасу кезінде негізгі сөзді дауыс ырғағы инабаттылықпен, имандылықпен ерекше құбылып, құрметеу белгісін, сыйласым нышанын білдіру керек. Өйткені амандасудың өзі мәдениеттілікті көрсетеді.Екі оқушы шығып көрініс көрсетеді.

Балтабек атай немересі Батаймен көшеде өтіп бара жатып, Өтен құрдасымен кездесіп қалады.

- Ассалаумағалейкум!- деп, ол Өтеннің қолын алды.

- Сәлем!- деп, Батай күлімдеп, иек қақты.

Былай шыға бере, немересіне қарап, ашуын төкті:

- Балам, мимырт болма!...

- Неге мимырт боламын, ата?

- Өтекеңмен жөндеп амандаспайсың ба? Иек қағып, танау көтере салатын кісі емес ол.

- Сәлем! – дедім. Сәлемімді қабылдап, күле сөйлеп еді ғой.

- Кісінің қадір- қасиетін білмей барасың ... Кесірленіп, кердең қағып, кейкие сәлем беру анайылық екнін білесің бе, сірә?

- Ол кісі жайраңдап, жақсы амандасып кетті ғой... Мен кесірленгем жоқ..

- Балам, ондай үлкен кісіге «сәлем»деп, иек қаға салмай, адамша амандасу қажет. Амандасу адамның адамдығына қуанып, ақ ниетін білдіру.Амандасудың да мән- мағыналары болады. Жәй «сәлем» дей салу - өз қатарыңа асығыскезінде айта салатын сөз.

- Онда тұрған не бар? Сіз де қызық екенсіз, ата.

- Өтекеңдей үлкен кісіге- «ассалаумағалейкум» деп немесе «амансыз ба?» «сау- сәлеметсіз бе», «аман- есенсіз бе?» деген сөздердің бірі аузыңа түспеді ме?

- Сол сөздің бәрі де «сәлем» деген бір сөзбен мәндес емес пе?

- Олай емес «Сәлем» деген- жай ғана амандасу. «Амансыз ба?» деп, амандасушы сәлем берген адамның амандығына қуанышын, тілектес екендігін білдіреді.

- Ал аман-есенсіз бе? деген сөздің не қажеті бар?

- «Сау-сәлеметсіз бе?», «Аман- есенсіз бе?»- деп, амандасушы тілектестік қуанышын кеңейте айтып, жақындық жақсы ниетін жария етеді.

- Мен де ол кісімен жақсы ниетпен амандастым ғой, ата.

- Жетесіздей, жеңіл- желпі жай бас изей салдың... Ал бұл дегенің - әдепсіздік. Сәлем бергенде де инабаттылық пен әдептілік, сыпайылық пен сыйласым керек. Қария кісілерге «Ассалаумағалейкум» деп амандасады.

- Сөзіңіздің төркініне түсіндік, ата.

Есіңде болсын:

Жүріп келе жатқан адам отырған адамға, атты адам жаяуға, аз адам көпке сәлем беругн тиіс.

Көршілеріңмен жылы сәлемдес.

Көп адам жиналған жерге сәлемдеспей өтпе.

Барлық оқушылар хормен:

Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді..

Көшеде екі қыз бала келе жатады. Қарсы алдынан жасы үлкен апай кездесті. Сәния әдеппен

- Сәлеметсіз бе?- деп амандасты. Қасындағы қыз үндемеді.

- Сәлеметсіңдер ме!

- Сен неге сәлемдеспедің?

- Мен ол кісіні танымаймын ғой.

- Танымасаңда жасы үлкен кісіге сәлемдесу керек, - деді Сәния. Әлима үялып, төмен қарады.

Жүргізуші: Біздің Қазақстан көп ұлтты мемлекет болғандықтан түрлі ұлт өкілдерімен кездесіп қаламыз. Өзіңізге таныс ұлттар бір-бірімен қалай амандасатындығын көрсетейік. Кезекпен екі- екіден шығып сәлемдеседі. Орыс халқы, корей халқы, татар халқы, ағылшын халқы, қытай халықтарының амандасуын көрсетеді.

- Балалар амандасу туралы қандай мақал- мәтел білесіңдер? Оқушылар кезекпен өздері білетін мақал-мәтелдерін айтады.

Сәлем беру де парыз,

Сәлем алу да парыз.

Әдепті елдің баласы

Алыстан сәлем береді.

Адам сөйлескенше,

Жылқы кісінескенше.

Әдептілік сөзден білінер.

Кішіден ізет, үлкенге парасат.

Жақсы сөз - жарым ырыс.

Білер қазақ баласы:

«Сәлем - сөздің анасы»

Мұғалімнің қорытынды сөзі:

Тегінде, әдеп, адамшылық - амандасудан басталады. Адам баласының рухани тарижында қолы жеткен зор игілігі – сәлемдесу. Оның шарапаты мен кереметі сонда - адамзат әдебінің қалыптасуында, жұмыр басты пенделердің бір- біріне жылы мейір мен кең пейіл көрсетуінде, достықты, өзара жақындықты бейнелеуге аса зор маңызға ие. Адам баласы қашанда тыныш - бейбіт, басы аман, бауыры бүтін, бір-бірімен тату-тәтті, сыйласып өмір сүруді аңсап армандаған. Сәлемдесу о заманнан құдайшылық, имандылық, кісілік нышаны ретінде түсініліп, қабылданған.Сәлем беру- өткінші міндет емес, өмірлік міндет. Бұдан былай кездескендердің бәрімен сәлемдесіп жүрейік.

Оқушылар қолдарына шарларын алады. Шарды ретімен ұстайды, сол кезде «Сәлем - сөздің анасы».

1960 жылы Көсу ауданы, Мұсабек ауылында дүниеге келген. 1981 жылы Жезқазған педагогикалық институтын (физика мамандығын) І.Жансүгіров атындағы Жетісумемлекеттік университетін (бастауыш сынып мұғалімі) аяқтаған. 1995 жылдан бері Өтенай ауылында қызмет атқарып келеді.

Автор:
Бейсембетова Замзагул Айтқалиқызы, 2«б» сынып жетекшісі, Талдықорған қаласы, Өтенай ауылы №21 орта мектеп.