Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Қазақстан қоғамы қайырымды...


10 сентября 2010, 10:09 | 1 899 просмотров



Парламентке келіп, баяндама жасаған Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков Қазақстандағы «балалар үйлерінде тұрып жатқан жетімдердің саны жыл өткен сайын төмендеп келе жатқанын», өйткені оларды асырап алуды қалайтын қазақстандықтардың саны өскенін мәлім етті. Ол сенаторларға «бүгінгі таңда бір мың сегіз жүз қазақстандық отбасының бала асырап алу кезегінде тұрғандығын» хабарлады.

Сондықтан жарымкөңіл балаларға жүрегінің шуағын шашып, қамқорлыққа бөлейтін жандардың қатарының молаюына мемлекет ел қазынасынан төленетін арнайы қомақты төлемақыны енгізу арқылы түрткі болмақ. Бір бала асырап алған отбасыларға Үкімет 42 мың теңгеден астам қаржы төлеуі мүмкін. Қазақстан отбасы үлгісіндегі балалар ауылдары мен жасөспірімдер үйлері мәселелері бойынша ұлттық заңнаманы жаңартуда. Мәжілістегілер «мақұл!» деген тиісті заңжобаны кеше Сенат депутаттары Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында қарады.

- Қазір біз, жетім балаларды қамқорлыққа алған ата-аналарға мемлекеттің қосымша жалақы төлеуі туралы мәселені Республикалық бюджеттік комиссияның қарауына енгізіп отырмыз,-деді вице-министр М.Сарыбеков. - Біздің есептеуіміз бойынша ол жалақы 30 айлық есептік көрсеткішті құрауы керек. Егер бұл бастама қабылданып, тәжірибеде жүзеге асатын болса, онда жетім балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілердің саны күрт өзгереді. Жансейіт Түймебаевтың орынбасары бұл ұсыныстың шенеуніктер басында, министрлік қабырғасында тумағанын, идеяның артында автор ретінде бала асырап алған ата-аналар тұрғанын қосты. Бүгінде мемлекеттік органдарға қымбатшылық қысқан заманда, мемлекет тарапынан қосымша ақша төленсе деген өтінішпен 6,5 мың осындай ата-ана жүгініпті. Жалпы, министрліктің дерегінше, Қазақстанда жетімдерге пана болған ата-аналар саны 25 мың екен

«Жетімдерді асырап алған ата-аналарға қосымша жалақы төлеу үшін жыл сайын республикалық бюджеттен 11 миллиард теңге қаржы талап етілмек» деді Білім және ғылым вице-министрі. Махметқали Сарыбеков заң жобасына тоқтала келе, бұл саладағы ұлттық заңнама 2000 жылы қалыптасқанын, осы он жылда республикада жетім балалардың отбасыдағы өмірге мейлінше жақындатылған жағдайларда тұру құқығын қамтамасыз ететін отбасылық үлгідегі балалар ауылдарының қанат жайғанын әңгімеледі.

Министрлік мәліметінше, қазір Қазақстанда осындай 10 ауыл бар, оларда 610 бала өмір сүруде. Бұған қоса 27 жасөспірімдер үйлері бар көрінеді, оларда балалар үйлерінің 1300-ден астам түлегі тұруда. Министрлік ұсынып отырған өзгерістерді қалаулылар қабыл алса, бұдан былай жасына және педагогтық білімінің бар-жоқтығына қарамастан, кез келген нәзік болмыс иесі балалар ауылдарында тұрып, тәрбиеші-ана болудан үміттене алады. Тағы бір жаңалық: заң жобасы жетім балаларға арналған мектеп-интернаттар жанынан да жасөспірімдер үйлерін ашу қарастырылған.

Автор:
Елдос Сенбай