Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ит – жеті қазынаның бірі


8 января 2018, 12:46 | 1 181 просмотр



Ит – алғаш қолға үйретілген жануар болғандықтан, адам баласына ежелден қалтқысыз қызмет етіп келеді. Сондықтан да қазақ итті жеті қазынаның біріне балаған. Табалдырығымызды аттаған ит жылында адамның сенімді серігі, айнымас досына айналған осы бір үй жануары жайында аз-кем қызықты мағлұматтармен бөліспекбіз.

Иттер шамамен б.з.б 15 – 10 мың жыл бұрын қолға үйретілген деседі. Қазір дүние жүзіде иттердің 400-дей тұқымы белгілі, кейбір деректерде 700-ден астам түрі кездеседі делінген. Олардың әу бастағы міндеті адамдардың қоныс-мекенін күзету болса, уақыт өте келе иттер аң аулауға жәрдемдесетін болған. Мәселен, мал өсірудің күрт дамуымен қойшы, бақташы иттер тұқымы пайда болған. Ал, Солтүстікке жақын жұрттар шанаға жегетін иттерді баптаса, таптық қоғам кезеңінде сарайларды күзететін қызметші иттер қажет болған.

Қазіргі кезде иттерді тұрмыста, әрі тұқымына қарай аңшы иттер, күзет иті және үйде ұсталатын декоративті (сән үшін) иттер деп үш топқа бөледі. Қолға үйретілген иттерде болатын әр түрлі жұқпалы аурулар (құтыру, саркоптоза, трихофития, т.б.) адамдарға кері әсерін тигізеді. Сол үшін оларды үнемі ветеринарға көрсетіп, жыл сайын құтыруға қарсы, ал күшіктерді обаға қарсы ектіріп отыру қажет.

Иттер 10 – 12 жылдай тіршілік етеді. Есту, көру, иіс сезу мүшелері өте жақсы жетілген. Сондықтан қолға үйретуге бейім келеді. Айталық, олар 250 сөз бен қимылды есте сақтай алады. Адамға қарағанда дауысты 10 есе жақсы естиді, ал иісті 100 мың есе жақсы сезеді екен. Тіпті беске дейін санап, қосу-алу секілді қарапайым есепті шеше  алады. Оның зеректілік деңгейі екі жасар баламен бірдей. Бір қызығы иттер өзін құшақтағанды ұнатпайды, оны адамның өзін басынуы деп түсінеді. Олар да адам сияқты шынайы күле алады. Тек, «ха-ха» деудің орнына «х-х-х» деген дыбыс шығарады. Күшіктердің көзі туғаннан бір ай өткеннен кейін ғана дұрыс көре бастайды. Күшіктерде 28, иттерде 42 тіс болады.

Айта кетейік, итіңізді шоколад беріп еркелетпей-ақ қойыңыз, оның құрамында жануардың орталық жүйке жүйесіне у болып  тиетін зиянды заттар бар. Жаңбыр жауғанда иттердің көбінесе тасалайтын жер іздеп жүгіріп жүргенін көреміз. Олар су болып қалудан қорықпайды. Жаңбырдың дауысы сезімтал құлағына кері әсерін тигізуі ықтимал. Олар біздің эмоциямызды түсінетін бірден-бір жануар. Оған көз жүгірте бір қарағанның өзінде қуанып тұрғаныңызды, мұңайғаныңызды, ашуланғаныңызды, ұялғаныңызды бірден сезе қояды.

Ер адамның жеті қазынасы түгел бола, бақытты өмір сүреді дейді дана халқымыз. Олай болса жаңа жылда жеті қазыналарыңыз түгенделіп, сенімді күзетшілеріңіз адалынан болсын.


Комментарии


Комментариев нет.

Контент устарел, комментирование закрыто