Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Биыл ұстаздардың жалақысы өседі ме?


16 января 2018, 13:52 | 1 180 просмотров



Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев жылдың басында «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауын халыққа ұсынған болатын. Онда Елбасы мұғалімдердің жалақысын өсіруді тапсырған еді. Осыған орай ҚР білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова алдағы жылдары ұстаздардың жалақысы қалай өсетінін мәлімдеді.

Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, мұғалімдердің жалақысын өсіру білім бағдарламаларының жаңартылған мазмұнына көшуге байланысты жүзеге аспақ. Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, биылғы жылдың қаңтарынан бастап 1, 2, 5 және 7 сынып мұғалімдерінің, қыркүйектен бастап 3, 6 және 8 сынып мұғалімдерінің жалақысы артатын болады. Ал, одан кейін бекітілген кестеге сәйкес 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап 4, 9, 10 сынып, 2020 жылы 11 сынып ұстаздарының еңбекақысын көтеру жоспарда бар. Елбасы жолдауында атап өткендей, қосылатын жалақы лауазымдық еңбекақының 30 пайызын құрайды. Мәселен, қалаларда 15 жыл еңбек өтілі бар бірінші санаттағы ұстаздардың жалақысы 24 мың теңгеге өссе, дәл осындай еңбек өтілі бар ауыл мұғалімінікі 25 860 теңгеге артпақ.

Сонымен қатар Бибігүл Асылова мұғалімдерге қосымша ақы төлеу жүйесі енгізілетінін де айтып отыр. Яғни, мұнда ұстаздардың біліктілік деңгейі ескеріледі.  Категория ұлттық біліктілік тесті арқылы беріледі. Расталған біліктілік деңгейіне байланысты жалақы 20 пайыздан 50 пайызға дейін өседі. Мысалы, егер 15 жыл еңбек өтілі бар бірінші санаттағы қала мұғалімі тест арқылы бір саты жоғары деңгейге өтсе, онда қосымша ақы 28 мың теңге, ал ауыл мұғалімі үшін 36 мың теңгені құрамақ.