Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Мәулен Мамыров: Спортпен шұғылданған адамның рухы күшті болады.


22 января 2018, 12:46 | 1 187 просмотров



IMG_0429-696x464.jpg

Бүгін қалалық дене  шынықтыру және спорт бөлімінің ұйытқы болуымен Абай атындағы №1 орта мектепте «Чемпионмен шеберлік сыныбы» атты тәрбие сағаты өтті. Аталмыш шараға еркін күрестен Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Мәулен Мамыров пен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дәурен Жұмағазиев келді.

IMG_0081-300x200.jpg

Қалалық спорт бөлімінің басшысы Әділет Рымтаевтың сөзіне сүйенсек, аталмыш шара ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында ұйымдастырылып отыр. «Чемпионмен шеберлік сыныбы» жыл аяғына дейін қаламыздың барлық мектебінде өткізілмек. Мұдағы мақсат – салауатты өмір салтын насихаттай отырып, үлкен ареналарда ел намысын қорғап жүрген спортшыларды оқушыларға үлгі ету. Ұйымдастырушылар бұл бастаманы былтырғы жылдың қазан айында қолға алған. Содан бері төрт шеберлік сағаты өткен.

IMG_0120-300x200.jpg

Атап айтсақ, алғашқы сабақты №9 мектепте каратэдан 2015 жылғы Әлем Чемпионы Мерей Сүйінов жүргізсе, одан кейін Пекин Олимпиадасының грек-рим күресі бойынша күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев №2 мектептің оқушыларға шеберлік сағатын өткізген болатын. Сондай-ақ, джиу-джитсудан Әлем және Азия чемпионы Елдос Қабденов Назарбаев зияткерлік мектебінде қонақта болып қайтса, садақ атудан Әлем чемпионы атанған Санжар Мұсаев №7 мектептің білімгерлеріне оқу жаттығу жүргізген еді.

IMG_0214-300x200.jpg

Ал, бүгінгі сабақты еркін күрестен Әлем чемпионатының қола жүлдегері Дәурен Жұмағазиев жүргізді. Жас спортшы дене шынықтырудан дәріс беріп, сабақ барысында оқушыларға түрлі жаттығу түрлерін үйретті. Сонымен қатар күрестің бірнеше әдіс тәсілдерін көрсеткен Дәурен әсіресе ұлдарға осы спортпен шұғылдануға кеңес берді.

IMG_0378-300x200.jpg

Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Мәулен Мамыров болса білімгерлерге оқуда әрдайым озат болу керектігін айтып, мүмкіндігінше спорт пен де жүйелі түрде айналысуға шақырды. Айтуынша, дені сау, спортпен шұғылданған адамның рухы күшті болады. Осылайша білім мен спортты қатар алып жүруге кеңес берген танымал спортшы оқушыларға сәттілік тілеп, жылы лебізін ақтарды.

IMG_0354-300x200.jpg

Тағылымды һәм мәні зор дүниелерді тыңдағанына оқушылар да дән риза. Олар сабақ соңында қонақтармен суретке түсіп, естелікке спортшылардың қолтаңбасын алды. Мектеп директоры Самғат Садырбайұлы аталмыш шараның маңызына тоқталып, артынша арнайы уақыт тауып келген меймандарға шынайы ризашылығын білдірді.