Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КЕНІШІ


10 сентября 2010, 10:31 | 1 942 просмотра



Жаңа оқу жылының басталуына орай, жалпы республикалық «Мектепке жол» акциясы биыл үшінші жыл қатарынан жүргізіліп келеді. Талдықорған қаласы бойынша 31 шілдеден бастап, әр сенбі күндері комуналдық базарда және күн сайын «Арбатта» мектеп жәрмеңкелері өтіп тұрады. Аталмыш акция төңірегінде 4 пункт, атап айтқанда, Еркін ауылдық округі, Өтенай ауылдық округі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама бөлімі, қалалық білім бөлімінің балалардың құқығын қорғау секторы, бекітіліп, қала ұйымдары азаматтарының оқушыларға көмек ретінде өткізілген заттардың тізімдері арнайы дәптерге енгізіліп, мұқтаж балаларға таратылуда. Мысалы, қалалық білім бөлімінің бөлімшесінен Лаферова Лидияның қос баласына және баласы Үштөбенің интернатында оқитын Несіпбаева Т. Т-ға мектеп формасын, ақ жейде, свитер және т.б. берілді. №25 орта мектепте «Қайырымдылық» акция аясында мектеп ұстазы Сүлейменова С. тұрмыс жағдайы төмен жанұяда тәрбиеленіп отырған 3 «Г» сынып оқушысына шалбар, жейде берсе, Ақжолова Ш, Салтакова Л. аяқ киім, мектеп психологы Ибраимова Мөлдір оқу құралдарын алып берді.

Акция төңірегінде өткен рейд кестесі бойынша 3 «Г» сынып оқушысы Көпжасар Самғар сынды оқушылардың үйіне барып, әлеуметтік жағдайын анықтады. Нәтиже-

сінде аз қамтылған отбасыларына жейде, көйлек, оқу құралдары сияқты тартулар жасалды. Сонымен қатар, бірнеше жаны жайсаң, жомарт азаматтарымыз әлеуметтік жағдайы нашар оқушы, студенттерге қомақты сома тұратын заттарды сыйға тартып, көмек қолдарын соза білді.

«Мектепке жол» акциясы аясында оқушыларға қайырымдылық көмек беру және жалпыға міндетті білім берумен қамтамасыз ету бойынша тексеру комиссиясы құрылып, жұмыс кестесі бекітілген. Жоспар бойынша, бірінші отырыстан кейін әрбір комиссия мүшесі өздеріне тиесілі міндеттерін бөлісіп алды. №25, 8, 10, 6, 15 орта мектептерде 28. 08. 2010 ж. рейдке құрамында мектеп әкімшілігі, мұғалімдер және ата-аналар бар 17 адам шықты. Мақсаты: саяжайларда, шағын ауданда мектепке тартылмай жүрген бала болмауын қадағалау және аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың бар-жоғын анықтау. Осы рейд бойынша Жақыпов Марат деген оқушының үйі тексерілді де, жанұя жағдайы туралы акт жасалынды.

Жалпы, Талдықорған қаласында тамыздың бірінен отыз біріне дейін 134 балаға бюджеттен тыс 990600 теңгеге тегін көмек көрсетіліп, мектепке жөнелтілді. «Мектепке жол» акциясы аясындағы игі шара әлі де өз жалғасын табады деген зор сенімдеміз.

Автор:
Мерей Мұратханқызы