Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Біз топырлап әр топта жүреміз бе?! немесе жетімдерді жебеу


10 сентября 2010, 10:32 | 1 794 просмотра


«Жетім» деген сөздің өзі қандай ауыр болса, тастандылардың да өмірі қайғы мен мұңға, өзекті өртер өкінішке толы... Иә солай. Олардың қай-қайсысының болмасын қандай жазығы бар еді? Өмірде ананың аялы алақаны мен емшек сүтіне зар болғаннан кейін мынау жарық дүниені көрудің қандай рахаты бар?. Жетімді қанша жерден жебесең де өз туған ата-анасындай бола алмайсың! Осыдан кейін қазақ, «Өз балаңды өзекке тепсең де кетпейді, кісі баласын кісендесең де тұрмайды» деген екен ғой.

Біз осы аптада Талдықорған қаласындағы «Бөбектер» үйі мен «Айналайын» балалар үйіне бардық. Ал ондағы балалардың тағдыры мен өмірі көз алдымнан біршама уақыт өтсе де кетер емес. Әсіресе, «Бөбектер» үйіне барғанымызда осы мекеменің дәрігері Орынбасар Нұрдәулетқызының нұсқауымен тастанды балалар мен ақыл есі кемтар, денсаулығында ақау бар балалардың бөлмелерін аралағандағы көрініс өте ауыр еді. Біз топырлап әр топтағы балалар бөлмесіне жақындағанымызда-ақ балалардың шулап жылаған дауыстары естілді. Кейбіреулерінің жылағаны мәңгілікке құлағыңда қалып кетердей өте аянышты және ашты шыңғырыс еді.Орынбасар Нұрдәулетқызы балалар ұйқыдан тұрған сәтте осылай бір мезетте жамырай жылайтындығын айтты. Ондағы балалар өте кішкентай, тіпті әлсіз, тым нәзік еді... Жаңа туған сәбилерден баланың иісі аңқып тұр! Бөлмеге кіргенімізде жылаған балалардың қайсысына жүгірерімізді білмей, бір сәтке аңтарылып тұрып қалдық. Бөлменің терезе жағына қарай орналасқан бесікте төрт бірдей бала шыңғыра жылап жатты. Тіпті жылаған балаларға қосыла жылап, біздің де көзіміздің жасы тарам-тарам болды. Мен дереу біреуін қолыма алғаным сол еді, кәдімгідей жылауын қоя қойды. Мүмкін анасының жылылығы сияқты бір мейірімділікті сезінді ме, жоқ әлде бесіктен көтеріп алғандағы қозғалыс қимылдары әсер етті ме, әйтеуір, бала жүзінен бір шаттық байқалды.

Осыған қарап отырып, қалай, «әй, өмір-ай» демеске, айтыңызшы... Мұндай тағдырлар кімнің де болмасын жанын сыздататынын қайтейін. Бастысы бұл өкінішті тағдырлардың көпшілігі тікелей адамның ықпалымен болатын іс әрекет қой. Өйткені балаларды тастап кеткен ата-аналар жалған намысты желеу етіп, жауакершіліктен қашады. Алғашында-ақ бассыздыққа жол беріп, нәтижесінде бақытсыз балалардың тууына себепкер болады. Қандай жағдай болмасын, замандастарымыз баланы тастанды етіп, оның өмірінен бас тартқаннан гөрі ауру болсын, сау болсын бауырына басып, балапандай қорудан неге ғана бас тартады екен... Басқа шаруаға басы жеткенде бала тағдырына неге алаңдамайды? Иә, бұл ретте сұрақтар тізімі өте көп...

«Талдықорған қаласындағы бөбектер үйінің» бас дәрігері Төлеубаева Орынбасар Нұрдәулетқызымен арамыздағы азғантай әңгіменің мән жайы былайша болатын.

- Сіздің ойыңызша айтыңызшы, баланы тастап немесе оның тағдырынан бас тарту қаншалықты дұрыс? Мұнда түскен балалар жайлы азырақ әңгіме қозғаңызшы...

- Алла тағала бәрімізге мынау жарық дүниені еншілеп бергеннен кейін, сол өмірден кім де болса өз сыбағасын, еншісін алуға құқылы. Бірақ мұндағы балаларға бақыттың бір түйір дәні де бұйырмаған. Сөз жоқ, оларға уақытында тамақ беріліп, асты-үсті ауыстырылып, дәрігерлер денсаулықтарын қадағалауда ұстайды. Мұнда тәрбиеленіп өскеннен кейін басқа балалар үйіне ауыстырылып, онда білім алып, мектепке барып, тіпті жетістікке жетіп, төбелері көкке бір елі жетпей жатады. Дегенмен жетімнің аты – жетім. Олар қашанда қамқорлыққа мұқтаж. Біз олардан мейірімімізді аяп қалып жатқан жоқпыз.

- Мұндағы балалардың денсаулығы қандай, оларды жүз пайыз дені сау деп айта алмаймыз ғой...?

- Балалардың көпшілігі ата-ана тарапынан күтілмеген, олардың өмірі жоспарланбаған болғандықтан, олардың денсаулықтары әртүрлі келеңсіздікке ұшыраған. Қазір жастардан шатасып, опық жеп жатқандары аз емес қой. Сондықтан бұл балалардың анасы, бойға біткен баладан құтылу үшін түрлі дәрілерді қолдануы мүмкін немесе оның материалдық жағдайы болмағандықтан күтінбей, суық немесе күн көзі өтуі мүмкін. Кейде ата-анасы ауру баланы өздері әкеліп тастап кетіп жатады. Себебі ауру бала олардың басқа тіршіліктеріне кедергі туғызады. Сол себепті олар ауру баладан бас тартуға мәжбүр болады.

- Қазіргі таңда мұнда қанша бала түсті. Қай жастан қай жасқа дейінгі аралықтағы балалар қабылданады?

- Бүгінгі күнге дейін мұнда тәрбиеленіп жатқан балалардың жалпы саны 85. Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, туылғаннан кейінгі он күндік сәбилер мен төрт жасқа дейінгі аралықтағы балалар алып келген күннен бастап осында тәрбиеленеді. Біз көбінесе дені сау балаларды асырап алатын адамдарға беріп жіберуге тырысамыз. Балаларды төрт жастан кейін «айналайын» балалар үйі сияқты жерлердің қамқорлығына жіберіледі. Жақын уақытта, биылғы жылдың жаз айларында мекемеге төрт сәби түсті. Мұнда сегіз топ бар. Әр топтың атауы, тәрбиешілері мен күтушілері бар.Бір топқа төрт тәрбиешіден бөлінген. Жалпы мекемеде 117 қызметкер қызмет етеді.

- Сәбилерді «Бөбектер үйінің» алдына тастап жөніне жүре беретін немесе өз қызметкерлеріңіз оларды есік алдынан тауып алатын жағдайлар болып тұра ма?

- Мұнда бөбектерді бауырға басып, оларға жағдай жасайтын жер болғандықтан есіктің алдына немесе осы үйдің айналасына баланы тастап кететін жағдайлар болып тұрады... Осыдан біраз уақыт бұрын бір тазалықшымыз қоқыс төгуге шығып, шыңғырып жылап жатқан сәбиді көріп, көтеріп келді. Сол сияқты күзетші де қоршаудың түбіне тастап кеткен сәбиді алып келген. Баланы тастап жүре беру қазіргі кезде аса бір таңсық жағдай емес...

- Кейбір балалардың ата-жөні белгісіз болып түсуі мүмкін. Ондай жағдайда өздеріңіз ат қоясыздар ма?

- Негізінен перзентханадан сәбиге ат қойылып келеді. Сәбидің аты жоқ болса, оны кім алып келді, жылдың қай мезгілі еді, сәбиді алып келгендегі кейбір оқиғаларға байланыстырып ат қойып жатамыз...

Сейсенбаева Жадыра Еркінбекқызы, «Айналайын» балалар үйінің оқу ісі жөніндегі орынбасары (сұхбат)

- «Айналайын» балалар үйі Талдықорғанда қай жылы ашылып еді?

- 1996 жылы 2 қыркүйекте Сара Назарбаева келіп ашқан болатын. Сол жылдардан бері бұл балалар үйі түлектерді тәрбиелеп, балапандарды баулуда. Қазіргі таңда мұнда 131 бала тәрбиеленуде. Оларды мұнда 3 жастан 18 жасқа дейін тәрбиелейміз. Ол балалардан 81 ұл бала, 50 қыз бала және олардың 73-і орыс, 52-сі қазақ, 6-уы басқа ұлт өкілдерінен. 100 баланың ата-анасы белгілі, бірақ олар ата-ана құқынан айырылған, 5-6 баланың ата-аналары іздеуде. Қалған балалардың ешкімі жоқ тұл жетім, олардың 9-ы мектеп алды даярлықтан өткізілуде. Балалар Талдықорған қаласындағы №16 мектеп гимназиясында оқиды. Сабақтан кейін «үйге» келіп тамақтарын ішіп, жуынып-шайынып, қосымша үйірмелерге қатысады. Олар бірінші және екінші ауысым бағдарламасы бойынша оқиды.

- Балаларға үкімет тарапынан басқа қандай көмектер көрсетіледі?

- Жетім және жартылай жетім, тастанды балардың өмірі, оларға қолдау көрсету, бауырға басу сияқты қамқорлықтарға бюджеттен қаржы бөлініп тұрады. Оларға жатын орын мен киім-кешек, оқуға керекті құрал-жабдықтар тегін беріледі. Балалардың әр түрлі жағдайларына қарай жәрдем-ақылар тағайындалған. Тұл жетімдерге 13 мың теңге көлемінде жартылай жетімдерге 7500 теңге көлемінде ай сайын жәрдемақы төленеді. Біз бұл сумманы «Тұрғын үй жинақ банкімен» келісім шартқа отырып, сонда аударып тұрамыз. Әрине, бұл қаржылар баланың болашағына, болашақта тұрғын үй алуына жаратылады. Сонымен қатар балаларға бес уақыт тамақ беріледі. Сонда бір баланың тамағына күніне 600 теңге жұмсалады. Әр айда бір балаға мемлекеттік бюджеттен 60 мың теңге қаржы бөлінсе, жылына 700 мың теңге көлемінде қаржы аударылады. Бұл қаржы балалардың күнделікті тіршілігі үшін (коммуналдық шығындар: газ, жарық, жылу, су сияқты т.б) жұмсалады.

Автор:
Майра КЕНЖЕБЕКОВА