Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Денсаулыққа апаратын жол


10 сентября 2010, 10:37 | 3 232 просмотра



Еліміздің келешегі - жастардың денсаулығы туралы тақырыптың маңыздылығы жылдан жылға дами түсуде. Өйткені, халықтың соның ішінде жасөспірімдер арасында ауру түрлерінің көрсеткіштері жоғарылауда. Қазіргі кезде балалардың денсаулығына қауіп тудыратын себептер де көп. Қоршаған ортаның зиянды факторлары көп зиян тигізеді, адамның іс-әрекеті нәтижесінде ауа, су, топырақ қабаты ластануда. Дегенмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, халық денсаулығына әсер ететін факторлар 17 пайыз қоршаған орта жағдайына, 20 пайыз тұқымқуалаушылығына, 10 пайыз әртүрлі жағдайларға байланысты болатын болса, ал 53 пайызы салауатты өмір салтын ұстануға байланысты екен. Яғни, әр адам өз денсаулығын күту арқылы оны жоғары деңгейге көтеріп, шынықтырып отырып, денсаулығын нығайта алады.

Шамадан көп тамақ ішу немесе уақытылы тамақтанбау, жасөспірімдердің аз қозғалу нәтижесінде гиподинамияның дамуы, иммунитеттерінің төмен болуынан әртүрлі жұқпалы ауруларды жұқтыру балалардың денсаулығына едәуір зиян келтіріп, қалыпты өмір сүрулеріне кедергі келтіреді.

Сондықтан мұндай жағдайдан шығудың бірден-бір жолы ол валеологиялық білім беру болып табылады. Оқушыларға білім беру барысында тиімді тамақтану, физикалық дайындық ережелерімен , салауатты өмір сүру, сумен, ауамен, күнмен шынығу әдістерімен таныстыру, зиянды әдеттер, соның ішінде нашақорлық пен ішімдік пайдалану, темекі шегудің зияндылығы туралы айтылуы қажет. Қазақ халқымыздың «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағидасын бала санасына енгізе алсақ, болашақта дені сау ұрпақ тәрбиелеп шығамыз.

Осы орайда, мектеп директоры М.А.Бөгенбаев басқаратын мектепке дейінгі шағын орталықты Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінде салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. «Салауатты өмір – салтымыз» денсаулық фестивалін , әр сенбі «Денсаулық күнін» өткізу , «Денім сау болсын десең...» атты тренинг сабақтар, «ЖҚТБ - ғасыр тажалы» ашық сынып сағаттары, «ЖҚТБ ауруымен қалай күресуге болады?» конференция сабақтары, «Шынықсан, шымыр боласын», «Бақытың да, байлығың - денсаулық» ашық тәрбие сағаттарын, әртүрлі қозғалыс ойындарын ұйымдастыру арқылы оқушы балалардың денсаулықтарын нығайтуға көп көңіл бөлінеді. . Сондай-ақ оқушылардың денсаулық туралы білімдерін жетілдіретін «ЖҚТБ ауруымен күрес» айлығы, «Дені саудың - жаны сау» денсаулық апталықтары өткізу дәстүрге айналды. Сонымен қатар, ата-аналармен де салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Әкем, шешем және мен» атты спорттық жарыстар болады. Спорт саласы бойынша да баскетбол, волейбол, футбол, лапта ойындары арасында сыныптар бойынша жарыстар өткізіліледі.

Валеология сабақтары өтіп, оқушыларға денсаулыққа байланысты көптеген мәліметтер беріліп, денсаулық сақтау ережелері мен аурудың алдын алу бойынша білімдерін дамыту жұмыстары жүргізіліп отырылады.

Валеологиялық білім беру, жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау өсіп келе жатқан жеткіншектерге денсаулық-зор байлық екендігін түсіндіру аса маңызды. Салауатты өмір салтын қалыптастыру процесі ұзақ мерзімді және баяу процесс, бірақ та бұл қазіргі таңда денсаулықты сақтаудың ең тиімді әдісі болып табылады.

Дені сау ұрпақ, қоғамның қуаты демекші, қай халықтың болса да болашағы жастардың денсаулығына тікелей байланысты. Сондықтан дені сау, салауатты өмір салтын ұстанатын жас ұрпақ тәрбиелеу өз қолымызда.

Автор:
Ж.Д.КИТАПБАЕВА, валеология пәні мұғалімі Уәлиханов атындағы орта мектебі Ескелді ауданы