Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Үш тұғырлы тіл


19 марта 2018, 05:27 | 2 568 просмотров



«Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға, тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Сен оның тілін білсең көкірек көзің ашылады»,- деп Абай атамыз ХІХ ғасырда өзінің жиырма бесінші қара сөзінде айтып кеткен. Бүгінгі күннің халық басына туып, заман талабы үш тілді меңгеру халық қажеттілігіне айналарын ұлы ғалым осыдан бір жарым ғасыр бұрын сезсе керек. 

ХХІ ғасыр жаңа технологиялар мен шегі жоқ ақпараттар, білім мен біліктіліктің ғарыштап дамып тұрған кезеңінде үштілді білім беру жүйесін меңгеріп, барға алданбай, қолдағыға малданбай адамзат көшінің төріне ұмтылу бізге мұрат болды. Елбасының «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты  Жолдауында: “Тілдердің үш тұғырлығы мәдени жобасын кезеңдеп жүзеге асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемге халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс.

Бұлар – қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі»,– деген болатын. Шынында, күллі әлемге ортақ тіл – ағылшын тілі. Ағылшын тілін жат санап жасқаншақтыққа салынсақ, көш соңынан шаңға көміліп қаларымыз анық. 2007 жылдан бері тәжірибе ретінде енгізілген үш тілділік, бүгінде ойдағыдай нәтижесін беріп, 2015-2016 жылдары бастауыш сыныптарға ағылшын тілін үйрету, 2017-2019 жылдары 5-9 сынып аралығында жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытса, 2019-2020 жылдары 10-11 сыныптарға ағылшын тілін толық игерту жолға қойылып отыр.

Талдықорған қаласында жұмыс жасап жатқан «CASPIAN TRAINING GROUP» білім беру орталығы қыркүйек айынан бастап әр аудананның жаратылыстану пәнінің мұғалімдерін ағылшын тілінде білім беруге дайындауда. Облысымыздың алты аймағында жұмыс жасайтын бұл орталықта тек өз ісінің майталмандары, шетелдің беделді білім ордаларын тәмамдаған мамандар, керек десеңіз тіпті сол ағылшын тілімен шырылдай тілі шыққан шетел азаматтары да дәріс оқиды. Оқудың жүру процесін Алматы облыстық білім беру  басқармасына қатысты, облыстық әдістемелік кабинеттің шет тілі пәні бойынша әдіскері Немеребаев Ермек Сүйелбекұлынан білуді жөн көрдік.  

-Үш тілде білім берудің мақсаты қандай?

 «Жеті жұрттың тілін біл» деген бағзы бабаларымыз бұл сөзбен араласуды, көп қатарлы болуды айтқан. Сол аталар ақылы дәл қазіргі уақытта айрықша көкейкесті. Әлемнің жаңалығының мол қоры ағылшын тілінде болғандықтан біз де осы тілді білуге, ұрпағымызға үйретуге күш салғанымыз жөн. Үш тілде оқыту – заман талабы. Негізгі мақсаты: бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік қабілетті мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Көптілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең қажеттілік. Ғылым техниканың ұшқан құстай дамуы, адамдардың практикалық және кәсіби тұрғыда көп тілді меңгеру қажеттілігін тудыруда. Бүгінгі таңда жасөспірімдер мектеп қабырғасынан шыққаннан кейін, білім іздеп шетелдерге шығып, өз біліктілігін арттырып, жартысы сол жақта қалып, қалғаны қайта оралып жатады. Біз сол білімді шетел аспай өзімізде білім алуға жағдай жасап жатырмыз. Бір сөзбен айтқанда үш тілде білім берудің мақсаты заман ағымына сәйкес қазақстандықтардың халықаралық стандартқа сәйкес білім алуы деп білеміз.

Үш тілде білім беруге даярлау процесі...

Үш тілде білім беру  2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарға жаратылыстану пәндірі толықтай ағылшын тілінде оқытылатыны баршамызға мәлім. Химия, биология, физика, информатика пәндері бойынша «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы, Назарбаев университеті, «Ұстаз» білім беру орталықтарының ұйымдас- тыруымен, өндірістен қол үзіп немесе қол үзбей жергілікті жерлерде тілдік біліктілікті арттыру курстары өтуде. Бұл курстардың басты мақсаты облысымыздың мұғалімдері жаратылыстану бағытындағы пәндерді толықтай үш тілде білім беруге даярлау болып табылады. Пәндерді ағылшын тілінде оқыту курстарының ұзақтығы екі жарым аймен он айға дейін. Осы ұзақтықта тіл меңгеру деңгейімен  оқытудың қарқындылығына байланысты курс аяқталғаннан кейін, әрбір тыңдаушы ағылшын тілін меңгеру деңгейін және кәсіби құзіреттілігін бағалайтын халықаралық сертификаттаудан өтеді. 2016-2017 жылдар аралығында, Назарбаев университетінің ұйымдастыруымен орта білім беру саласында үш тілді білім беру бағдарламасын енгізу мақсатында, осы аталған курстан Алматы облысы бойынша 602 жаратылыстану бағытындағы пән мұғалімдері A1, A2 халық аралық тілді меңгеру сертификатын алды. Ұстаздардың үш тілділігін B1, B2 деңгейіне  жеткізу үшін 2018 жылы тағы да курстан өткізу көзделуде. 

Ұстаздарға қандай жағдай жасалуда?

Ұстаздардың негізгі жұмыс орны сақталады. Әр ауданнан жиналған ұстаздарға жергілікті жерден жатақханадан орын және белгілі мөлшерде ай сайын шәкіртақы беріледі. 

Осы уақытқа дейінгі білім көрсеткіші?(Оң нәтиже бар ма?)

Облыс бойынша 1203 мұғалім қамтылды. Негізінде B1, B2 деңгейін 135, C1 деңгейін 162 , A1, A2 деңгейін 687 мұғалім алып отыр. Соның ішінде A1, A2 деңгейін оқыған мұғалімдер 2018 жылдың 19 ақпанынан бастап B1, B2 деңгейін жалғастырады. 

«Керімағаш-Арасан ауылындағы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Ағымова Жаннұр Әмірақынқызы химия пәнінің мұғалімі:                            «Мен осы курсқа химия пәнін үш тілде толық меңгеріп, мектептегі оқушылардың білімін одан әрі жетілдіру үшін келіп отырмын. «CASPIAN TRAINING GROUP» білім беру орталығы жоғарғы деңгейде білім беріп жатыр. Біз  университетте ғана ағылшын тілін үйренсек, осы жерге келіп ағылшын тілін тереңдей игерудеміз. Осы мүмкіндіктің пайда болғанына және білімімізді  одан әрі жетілдіруге жағдай жасап отырған ең алдымен елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа одан кейін ұйымдастырушыларға алғысым шексіз!» 

«Ел болудың бірінші тірегі-білім» Сұлтанмахмұт Торайғыров,  ел болудың шырағы білім екенін тек Торайғыров емес,  пешенесіне «қазақ» деп жазған қазақтың баласы-бабамыз мұра қылып қалдырған, қара топырақты қара табанымен басқан  әрбір қазақ баласын бір тудың астына жинап, қазақтың көкірегі ояу, еңсесі биік болуды, ешкімнің айдауына ермей, ана бесіктегі баласын тыныш тербеткенін арман еткен,  ХІХ –ХХ ғасырдың батыр жазушылары бір қолына қару алып, бір қолына қалам алып жазған-ды.Сол кездегі білімнің шырағы Ресейден көрінсе, бүгінде білім мен ғылымның құжынаған қақ ортасы Еуропа Америка және т.б елдер болып отыр. Осы алпауыт елдермен тереземіз тең болсын десек, оның білгенін бізде білген жөн.Үш тілділік жарқын жасампаздық пен жарық болашақтың бастамасы. Ағылшын тілін үйрену, ол өзіңді ұмытып өзгенің меншігіне жармасу емес, жаһанданудың жаңа жолы деп білейік.

Автор:
Меруерт Махмұтжан, Марал Қуатқызы.