19 марта 2018, 05:47 | 2 871 просмотр
«Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс» деген екен Ы.Алтынсарин атамыз. Кейінгі кездері әлеуметтік проблемаға айналған ұстаз бен шәкірт арасындағы түсініспеушілік даулар өршіп келеді. Тәрбие қазақ халқының басты құндылығы. Ұстазыдық – ұлық емес, ұлы қызмет. Ендеше сол қасиетті ұғымға нұқсан келтіріп жүрген «бірен – саран» ұстаздарымызды қалай жөнге келтіреміз? Олардың балаларды ұру мен балағаттаудағы мақсаты не? Ата - ана тәрбиесі қайда?
Бұл мақаланы бұлайша тістелеп тақырып қойып, қоғамды дүрліктірген оқиға туралы жазбас та едім. Егер де дәл осы ахуал еліміздегі бірінші және қайталанбас оқиға болса. Кейінгі кездері елімізде келеңсіз жағдайлар орын алуда. Атап айтсақ оқушының ұстазына қол көтергені немесе ұстаздың шәкіртінің намысына тиетін сөздер айтып соққыға жығуы. Бұл ұстаздың немесе оқушының ғана емес, қоғамның басты дерті. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деп халқымыз дөп айтса керек. Көпке топырақ шашқаннан да аулақ, дегенмен жоққа да шығара алмаймыз. Әбу Насыр әл – Фараби атамыздың мынадай сөзі бар: «Ұстаздық мінез-құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауы керек, тым ырыққа да жығыла бермеу ікерек. Өйткені, аса қаталдық – шәкіртті өзіне қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру – қадірін кетіреді, берген білімі мен ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады». Білім туралы заңның 51-бабында Педагог қызметкердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігінің негізі көрсетілген. 2002 жылы тамызда Қазақстанда «Бала құқығы туралы заң» қабылданды. Бұл заң 9 тарау, 53 баптан тұрады. Әркімге өзінің құқығын білу парыз, нормасын сақтау міндет. Оқушы сабақ үстіндегі міндеті мен құқығы білуге тиісті. Шәкірт мектеп табалдырығын аттаған сәттен жауапкершілік мектеп директеры мен ұстаздарға артылады. Бір қайтарым сөздің арты төбелеске ушығып кетерін кім білген.Ұстазға салсаң оқушы кінәлі, оқушадан сұрасаң ұстазына кінә тағады. Екі жақ тарапынан да жөнді жауап ала алмадық деп мәселенің түп төркініне жетпей жабылған қазан жабулы күйде қала береді. Артық мәселеге бас қатырмайтын бүгінгі күнмен өмір сүретін пенде емеспіз бе?! Бала жанының бағбаны әп сәтте көгілдір экран бетіндегі жаңалықта жайраңдап кетті.
Не себеп?
Атам қазақ ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің деген екен. Біріншіден, үйдегі ата - ана бала тәрбиесіне бей жай қарағандықтан да, ұстаз бен шәкірт арасында мәселе тууы әбден мүмкін. Бүгінгінің ата - аналары жұмыс басты. Баласының сабағы мен тәрбиесіне жетік көңіл аудармайды. Жасөспірімнің бос уақытындағы әлеуметтік желі мен ғаламторды пайдалануда шектеу қойылмаған. Қатарынан қалмасын деп ұялы телефон мен компьютер алып берген қамқоршының ақ тілегі мен шын ықыласын олар қайдан түсінсін. Теледидарда көрсетілетін үнді, түрік телехикаларын үй ішімен көретін және өзге елдің дініне табынып, ойынға айналдырған балапандарымыз да аз емес. Алдыңғы буын аға – апаларымызда қазақылық жоғалып бара жатқанда, заманы техникадан жасалған жастардан не қайыр... Отбасындағы осындай келеңсіз жағдайдан оқушының психикасы бұзылады ма , әлде, қағаздан бас алмайтын, жұмыс пен жанұя мәселесін қатар алып жүретін ұстаздыңда әсері бар ма? Сауал көп, жауап біреу. Айналып келіп қоғамға кінә артамыз. Қоғамды да құрайтын сіз бен біз. Бала түгілі ұстаздың ғаламторға тәуелділігі бүгінгі күні үрей туғызады. «Тәрбие тал бесіктен» дейді, бала ана құрсағына біткен кезде қасиет дари бастайды. Баланың тәрбиесі ең алдымен ата ана мойнында. Өзіңнен жасы үлкенге сөз қайтарма, қол көтерме деп ақыл айту кез келген ата - ана міндеті.
Жаңалықтарға сүйенсек...
Еліміздің бір емес бірнеше облыстарында болған осы жағдайлар көңіл қынжылтады. Алматы облысы, Панфилов ауданы, Үлкен Шыған ауылы мектебінде мұғалімнің 9-сынып оқушысын соққыға жыққаны да қоғамда біраз дау тудырған болатын. Ақтөбе қаласындағы №13 мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі сабақ уақытында 6-сынып оқушысын ұрып, нәтижесінде баланың миы шайқалып, бас жарақатын алған. Тағы да Ақтөбедегі №51 мектеп-гимназиясының география пәнінің мұғалімі парта үшін 12 жасар оқушысына қол көтергеннің кесірінен баланың миы шайқалып, ауруханадан бір-ақ шыққан. Әуесқойлықпен ұялы телефонға түсірілген жазбалардың бірінде Шымкент қаласындағы №24 мектептің математика пәнінің мұғалімі оқушысының намысына тиіп айғайлап, сыныптастарының көзінше ұрып жатқаны бейнеленген. Неге ұрды дейсіз ғой? Себебі, оқушы есеп шығара алмағаны үшін ашуланыпты – мыс. Бұл іске де жергілікті полиция араласып, ұстаздың үстінен қылмыстық іс қаралған.
Мәселен, 2017 жылғы оқу жылында Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Бауман орта мектебінің математика пәні мұғалімі 7-сынып оқушысының кекілін қиып, «2» деген бағаны маңдайына жазып, оқушыны күлкіге айналдырған болатын. 2018 жылға аяқ басқанымыз сол еді, жыл басында тағы бір даудың куәсі болдық. Алматы облысындағы мектептердің бірінде үш жыл бойы оқушыларына балағат сөз айтып, келемеждеп, сабақ барысында өзінің жеке бас мәселелерін айтып, балалардың ығырына тиіп келген. Ақыр соңы шыдамы таусылған оқушылардың жан айқайы дүйім жұртқа мәлім болды. Балағаттықтан басталған кикілжің түбі «сен жетімсің» деген қиянат сөздермен аяқталып тынса керек. Ұстаздық еткенде жалығады екен ғой . . .
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні
Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын екенін көпшілігімізге мәлім. Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүру кез келгеннің қолынан келеді. Әрине, бес саусақ бірдей емес, дегенмен бірнеше ұстаздардың кеселінен таба болып таусылғандар саны қаншама. Қытығына тиген жасөспірімнің сөзіне сыну, ұстаздар қауымына жараспасы анық. Қаншама жылдық мектептегі еңбек жолын ұстаздық етуге арнағандардың абыройы айрандай төгілді. Менің мақсатым біреуге кінә тағу емес, қоғамдағы мәселелердің шешу жолдарын қарастырып, құлаққағыс ету. «Балаға байқап сөйлесең,
ақылыңа көнер, байқамай шайқап сөйлесең, көрсетер бір өнер» деген мақал осы жерде өз орнын тапқандай. Әр адам өзін тәрбиелеуді қолға алса, күніге болып жатқан осындай келеңсіз жағдайлар саны азая түсер еді. Қазіргі таңда «айтпаса естімейтіндер, ашпаса көрмейтіндер» заманы болды ғой. Ақыл–ой таразысына салайық. . .