Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

КӨГІЛДІР ЭКРАННЫҢ АРБАУЫНАН САҚТАН!


19 марта 2018, 11:59 | 1 153 просмотра



Бүгінгі таңда теледидар мен ғаламтор желісі өміріміздің ажырамас бөлігі болып кеткені соншалық, оларсыз өз өмірімізді елестету шынымен қиын. Ауыр жұмыс күнінен кейін аз да болса, сергіп алу мақсатында немесе әлем жаңалықтарын танып білу үшін осыдан бірнеше жыл бұрын бәріміз теледидарға асығатынбыз. Жас балалар мультфильм уақытына сай үйде отыратын, тіпті. Ал қазір қолымызда бір-бір смартфон, ноутбук немесе планшет бар. Сондықтан әлемнің кез-келген аймағынан қалаған желіге қосылып, ұнатқан бейнероликтер мен кино көруге мүмкіндігіміз бар. Алайда әр нәрсенің өз шегі болатынын да ұмытпаған жөн.

Шамамен 2000 жылдардың басынан Қазақстан телевизиясының барлық арналарын түрлі мемлекет телехикаялары жаулап алған-ды. Басында бразилия, мексика елдері, артынан түрік сериалдары сұранысқа ие болды. Кейін бәрінің сүйіктісіне айналып кеткен корей хикаялары да көрермен жүрегін тез жаулады. Орыс детективтері мен криминалистикасы туралы айтып та керек емес сияқты бұл жерде. Ол болды, бар және әлі де болады. Ал бірнеше жыл бұрын қазақ отбасыларына үнді сериалдары кіріп келді. Бір ғана емес, талай арналардан сан түрлі кино мен телехикаялары басында қазақстандықтарды қызықтырғанымен, тым ұзақ бөлімдері артынан жалықтырып та жіберді. Содан болар бір жылдары елімізде түрік, корей, үнді сериалдарының трансляциясына шектеу қойылған-ды. Дегенмен ол көпке жалғаспады. Аз уақыт ішінде шетелдік оқиғалар қазақ көрермендерімен қайта қауышты.

Соңғы жылдары қазақ киноиндустриясы да батыл алға жылжып келеді. Әртүрлі жанрдағы кино және телехикая түсіруден мол тәжірибе жинаған отандық кинемотографияның да мақтанарлық хикаялары аз емес. Сондықтан осы күнде теледидарды қосып қалсаңыз, әр арнада әр елдің телесериалдары жарысып көрсетілуде. Яғни телекөрермен үшін «Не көрсем болады?» дегеннен гөрі «Қайсысын көрсем болады?» деген сұрақ көкейіне келетін секілді.

Айналамызда бізді арбайтын, кейде алдайтын да қызықтың көп түрі бар. Бірде теледидардағы қызықты сериалдың арбауына түсіп қалсақ, келесі бір жолы ғаламтордағы белгілі әлеуметтік желінің торынан шыға алмай қалып жатамыз. Дегенмен өмірімздің бар бөлігін виртуалды әлем мен көгілдір экранның бетіне емес, шынайы өмір мен оның қызығын көруге арнағанымыз жөн болар. Кинодағыдай әдемі өмір мен хэппи энд шындықта болмаса да, сіз өз өміріңіздің жақсы режиссері бола аласыз.

Автор:
Тоғжан Нұрайымқызы