Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

МЕНІҢ СТУДЕНТТІК ӨМІРІМ


19 марта 2018, 12:01 | 1 204 просмотра



Мектеп қабырғасында 11 жыл оқып, жаңа өмір жолын бастаған әрбір жас студент үшін университет мекемесі үлкен бір қамалдай көрінеді. Балалықтың бал дәмін бірге татып өскен достарымен айырылысып, жат жерге танымайтын адамдар ортасына келу кез келген жас түлектің жүрегінде қорқыныш туғызары анық. Дәл солай мен де осыдан 4 жыл бұрын Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік университетіне келген едім.

Туған жерімді, отбасымды, жақын достарымды атамекенде тастап, жалғыз өзім танымайтын қалаға, мүлде білмейтін білім ордасына аяқ бастым. Басында үлкен қорқынышқа бой алдырғанмен, жаңа түскен тобымдағы балалар да өзім сияқты болып шықты. Бірден достасып кетіп, осы 4 жылда бір отбасының балаларындай болып кеттік. Қазіргі күнде соңғы курсқа келіп, артыма қарасам, өз тобымызбен талай оқиғаның куәсі болдық.

Әлі есімде, ЖМУ табалдырығын аттаған кездегі толқынысым, алғашқы сабаққа кіргенде ұстаз алдындағы қорқыныш, болашаққа бастау, мамандықты игерудегі жауапкершілік пен түрлі-түрлі сезімдер бойымды билеп алған еді. Алайда жоғарғы білім ордасының ұстаздар қауымы осы орайда маған көп қолдау көрсетті. Жанымдағы достарым да, группаластарым да әрқашан қасымнан табылып, қол ұшын беріп жүрді. Сол үшін де ризамын.

Жалпы адамның өмірінің ең қызықты шағы – жастық шақ дейді. Соның ішінде студенттік жылдарға тұспа-тұс келген шақ болса керек. Неге? Себебі адамның өмірлік кәсібін, өз мамандығын меңгеріп, арманына жол бастайтын, кейбір жастардың махаббатын не шын досын тауып жататын уақыт емес пе бұл? Дәл солай мен де өзімнің осы 4 жылдағы уақытымда көп нәрсеге ие болдым деп ойлаймын. Сонымен қатар Талдықорған қаласына келгенде мені бірден өзіне тартып тұратын бір мекеменің болары анық. Ол – университет. Менің жалынды жастығымның куәсі болған қара шаңырақ ордасы.

 

Автор:
Тоғжан ЫБЫРАЙЫМ