Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Әр адам денсаулығын күтуге дағдылануы тиіс


10 апреля 2018, 04:08 | 2 178 просмотров



Қазақстан халқының басым бөлігі жастайынан денсаулығын күтуге дағдыланбаған. Біз денсаулықты күтуді кәдімгі әдетке айналдыруымыз керек. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық күніне орайластырылған баспасөз мәслихатында "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ басқарушы директоры  Серік Тәңірбергенов мәлімдеді.

Айтуынша, Қазақстанда жыл сайын 3 миллионға жуық адам ауруханаға түседі. Соның 68 пайызы немесе 1,9 миллионы - дәрігер көмегіне ауруы әбден асқынғаннан кейін жүгінгендер.

"Бізде жыл сайын 90 мыңға жуық адам белгілі бір ауру салдарынан көз жұмады. Өкінішке орай, соның 40 мыңы еңбекке қабілетті жастағылар. Олардың дені жүрек-қан тамыры ауруларынан немесе қатерлі ісіктен қайтыс болады", - дейді сарапшы.

Маман пікірінше, бұрын бұған диагностика құралдары мен заманауи қондырғылардың жоқтығы қолбайлау болған болса, бүгінде оның бірден-бір себебі адамдардың өз денсаулығына жүрдім-бардым қарайтыны. Әсіресе, біздің азаматтар ауырмса дәрігерге бармайды. Ұлттық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мәліметінше, соңғы 10 жылда Қазақстанда қант диабетіне шалдыққандар саны 2 есе, қатерлі ісікке әкеп соқтыратын сырқаттар мен сүт безі обыры 3 есе артқан. Қант диабеті әсіресе, соңғы 5 жылда жас балалар арасында 2 есе, жасөспірімдер арасында 2,6 есе көбейген. Онкологиялық аурулар арасында сүт безі рагы бірінші орын, ал, жүрек пен қан-тамыр жүйесі аурулары – елдегі өлім-жітімнің басты себепкері. Қайтыс болған науқастардың 85 пайызының өліміне дәрігерге өте кеш қаралуы себеп. Яғни, дер кезінде анықталған жағдайда олардың өмірін сақтап қалуға болар еді. Сондықтан МСҚ алдағы уақытта аурудың алдын алу мәселесіне басымдық беруді жоспарлап отыр, деп атап өтті С.Тәңірбергенов.

Мысалы, жүректің ишемиялық ауруымен ауыратын науқасқа аортокоронарлық шунттау отасын жасау қажет делік. Дәрігерге уақтылы қаралып, жоспарлы түрде ота жасатқан жағдайда 1,5-1,8 млн теңгеге түседі. Ал, ауру асқынып, шұғыл ота жасалатын болса операция құны 2-2,5 есе артады. Бұл денсаулықты күтудің, аурудың алдын алудың қаншалықты маңызды екенін көрсетіп берсе керек. Алайда, жүрегі ауырмайтын адам қол қусырып қарап отырмауы тиіс, дейді маман.

"Тексерудің қарапайым ғана түрлерін жасатса жеткілікті. Оның бәрі мемлекет тарапынан кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне кіреді. Мысалы, қан қысымын өлшеу, электрокардиография, липидтер мен холестерин мөлшерін тексерту сынды. Мұның бәрі ауруды дер кезінде анықтауға және мезгілсіз өлім-жітімнің алдын алуға көмектеседі", - деп қорытты С. Тәңірбергенов.


7 сәуір - Дүниежүзілік денсаулық күні. 1948 жылдан бері атап өтілетін шараның мақсаты - азаматтарды өз денсаулығын күтуге шақыру, денсаулық сақтау саласындағы проблемаларға жұртшылық назарын аудару. 

 

Автор:
Шынар Альжанова