Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Білімді безбенге салар күн жақын


16 мая 2018, 09:53 | 1 031 просмотр



Биылғы  мектеп түлектеріне  он бір жыл білім алған  алтын ұямен қоштасар сәт те таяп қалды.  Онымен қоса  мектеп қабырғасында алған білімді саралайтын кез, мемлекеттік сынақ кезеңі тағы бар.  Өткен жылдан бері  ұлттық бірыңғай тестілеу жаңа форматта өтіп жатқандығы баршаға белгілі.  Емтихан екі кезеңде ұйымдастырылады.

Оның біріншісі,қорытынды аттестаттау – бұл мемлекеттік бітіру емтиханы. Оқушылар өз мектебінде сынақ тапсыруға  міндетті.  Үстіміздегі оқу жылында Талдықорған қаласы бойынша  26 мектепті 1327 түлек бітіргелі отыр. Оның 967-сі қазақ, 360-ы орыс тілінде тәмамдайды. 11 сыныпты  бітіруші қорытынды аттестаттау барысында мектепте бес пәннен,оның ішінде 4 міндетті (ана тілі, екінші тіл, алгебра және анализ бастамалары, Қазақстан тарихы) және оқыту бейіні (қоғамдық- гуманитарлық  және жаратылыстану-математикалық бағыт) ескеріле отырып 1 таңдау  пәндерінен сынақ тапсырады.

 Білім беру бөлімінің жауапты мамандарының айтуынша,   қаладағы 5 ауылдық мектепті 214  түлек бітірмекші. Олардың да 197-сі  өз ана тілінде , қалғаны 17-сі орыс тілінде сынақты тапсырады.  ҰБТ-да бақ сынауға 172-сі ниетті.

 Мамандардың айтуынша,  мектепте өтетін  мемлекеттік сынаққа  оқушылар тиянақты дайындалуда.  Бұл жерде  оқушыларды сырттан келіп ешкім бақыламайды.  Ата-аналар да осы қорытынды аттестаудың мектепте өткенін дұрыс санайды. Себебі,  сынақты    бітірушілер   өз мектебі қабырғасында тапсырады.  Олардың білімін бағалайтын да өз  мұғалімдері.

Орта мектепті аяқтау  жөніндегі аттестатты қолға алған бітірушілер  Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағын тапсырады. Бұл- жоғары оқу орындарына түсу емтиханы және мемлекеттік гранттарды бөлу жүйесі.

 ҰБТ форматы бойынша биыл  өзгешелік болмайды -дейді мамандар.   Бес  пән бойынша   120 сұрақтан тұратын  тапсырма беріледі. Оның 3-і міндетті және 2-еуі талапкердің жоғары оқу орнына тапсыратын мамандығына байланысты болады.   Талдықорған қаласы   бойынша ҰБТ-ға тілек білдіргендер саны- 987. Оның 847-сі мемлекеттік тілде және 140-ы орыс тілінде бақ сынайды.
Емтихан ҰБТ  өткізілетін пункттерде өтеді.  Биыл  елімізде  тұңғыш  рет 200-ге жуық түлек ағылшын тілінде сынақ тапсырады. Елбасының «5 әлеуметтік бағдарламасы» аясында  қосымша 20 мың  тегін оқу гранттары бөлінетіндігі туралы   «Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы» РМҚК директоры Р. Әлімқұлов атап көрсетті. Оның 11 мыңдайы   техникалық   мамандықтарға қарай бөлу көзделіп отыр. Ендеше,  бұл түлектер үшін үлкен мүмкіндік.

Ал «Алтын белгі» иегерлері, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық, республикалық олимпиадалардың, ғылыми жобалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҰБТ-ны жалпы негізде тапсырады. Сондай-ақ балл саны бірдей болған жағдайда білім  гранттарын алу басымдығы  беріледі.  (Мысалы, егер бітіруші және «Алтын белгі» иегері де 122 балл алса, грант «Алтын белгі» иегеріне беріледі. Егер бітіруші көбірек балл жинаған жағдайда, ол  басымдыққа ие болады).

Мектеп бітірушілерді алда білім сынақтары күтіп тұр. Барлық талдықорғандық бітірушілерге, әрине, сәттілік серік болсын дегіміз келеді.