Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Темекі жыл сайын 7 миллионнан астам адамның өмірін қияды


1 июня 2018, 11:07 | 1 043 просмотра



31-мамыр - Дүниежүзілік темекіге қарсы күрес күні.

Бүгінгі таңда дүние жүзінде бір миллиардтан астам адам тұрақты түрде темекі шегеді. Статистикаға сүйенсек, 2013 жылы әлемде шамамен 7,5 миллион тонна темекі өнімі өндірілген, ал 2014 жылы адамдар 5 триллион қорап темекі тұтынған. Қазір әлемдегі әрбір төртінші еркек никотинге тәуелді. Ал, әр тоғызыншы әйел шылымды серік еткен. 

ДДСҰ мәліметінше, жыл сайын шылым салдарынан 7 миллионнан астам адам көз жұмады. Оның 900 мыңға жуығы өзгелер тартқан темекінің түтінінен уланады екен. Кейбірі тері арқылы өтіп, ағзаны улаған никотиннің құрбаны болады. Олардың арасында темекі плантацияларында еңбек етіп, нәпақа табатын тұратын балалар да бар.  

Темекі түтініндегі 4 мыңнан астам химиялық заттың кем дегенде 250-і денсаулыққа зиянды деп танылса, 50-ден астамы қатерлі ісік жасушаларын қалыптастырады. Сол себепті шылымқор ғана емес, оның түтінін жұтқан адамға да жүрек ауруына, өкпе, өңеш, асқазан т.б. обырына шалдығу қаупі төнеді.

Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, бұл мәселенің экономикалық жағы да бар. Темекі адамзатты орасан зор шығынға ұрындырып отыр. Мысалы, жыл сайын тұрғындар оған 1,4 триллион доллар жұмсайды. Бұл дүниежүзінің ІЖӨ-нің 1,8 пайызы. Ал, шылымқорлықтан туындайтын проблемаларға қарсы күреске жылына 422 миллион доллар бөлінеді. Ұрпақ денсаулығына орасан залал келтіретін әдетке қарсы күресте әлем елдері түрлі шаралар қолданып келеді. Жастар мен ересектер арасындағы шылымқорлық деңгейін анықтау мақсатында әр 5 жыл сайын өткізілетін түрлі мониторингтер, темекіні жарнамалауға тыйым салу, өндірушілерді қораптың сыртына шылымның зиянын ескертетін суреттер басуға міндеттеу сынды шаралар осының айқын дәлелі. Бүгінде әлем бойынша 37 мемлекет темекіні жарнамалауға рұқсат етпейді. Тағы 32 ел өндірушілерге салынатын салықты еселеп арттырған.  

Қолжетімді профилактика 

Қазақстанда қан тамырлары аурулары өлім-жітім көрсеткіші жағынан көш бастап тұр. 2017 жылы одан 32 мың отандасымыз көз жұмған. Екінші орынды тыныс жолдарының аурулары иеленсе, үшінші орында - қатерлік ісік тұр. Бұлардың үшеуі де темекі шегу салдарынан пайда болатын аурулар.  

Дегенмен, мұның да алдын алуға болады, дейді мамандар. Ол үшін жыл сайын ішкі ағзаларды тексертіп отырса жеткілікті. Шылымқорлар үшін жүрек пен өкпені бақылауда ұстаудың маңызы зор. Мемлекет те азаматтарға көмек ретінде кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемін ұсынып отыр. Аталған пакетке жалпы практика дәрігерінің қабылдауы мен кеңесі, көздің көру қабілеті мен қысымын тексеру, қандағы холестерин мен глюкоза мөлшерін тексеру, электрокардиограмма, флюорография мен спирография жасатуға болады. Осы процедуралардың қай-қайсысы да шылым салдарынан ағзада болған өзгерістерді аықтауға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Серік Тәңірбергеновтің айтуынша, әр адам организмдегі өзгерістерді байқау үшін ауырсын-ауырмасын медициналық тексеруден өтіп отыруы тиіс. "ТМККК пакетінде тексеруден өтуге қажетті қызметтердің бәрі жинақталған. Егер қандай да бір ауытқу бары анықталса мемлекет есебінен емделуге болады", — дейді ол. 

Мемлекет тарапынан берілетін тегін медициналық көмекті Қазақстанның кез-келген азаматы пайдалана алады. Бюджет қаржысы есебінен көрсетілетін бұл көмекке профилактикалық, диагностикалық және емдік мақсаттағы қызметтер кіреді. 

«Халықтың басым көпшілігі профилактика диета ұстау, спортпен шұғылдану немесе тамақтанар алдында қолды жуумен шектеледі деп ойлайды. Шын мәнінде профилактика — адамның мәдени деңгейіне қатысты проблема. Оны шешу үшін денсаулыққа деген көзқарасты өзгерту қажет. Әр адам уақыт тауып, жылына бір рет тегін медициналық тексеруден өтіп тұрса ұлт саулығы жақсара түсер еді", — деді С.Тәңірбергенов.

Өзгерістерден жақсылық күту керек 

Қазақстандықтардың жыл сайын денсаулыққа жұмсайтын жеке шығыны 678 миллиард теңгеге жетті. Яғни, денсаулық саласына жұмсалатын жалпы соманың 41 пайызы қарапайым халықтың қалтасынан шығады деген сөз. Оның үстіне, бұл цифрлар отандық денсаулық сақтау жүйесінің орнықсыздығынан хабар берсе керек. Ал, әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу үшін азаматтардың медицинаға жұмсайтын жеке шығындары 20 пайыздан аспауы тиіс. Сол себепті үкімет денсаулық саласын қайта реттеу бағдарламасын іске қосқан болатын. Ол жеке меншік бизнестің мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Соның арқасында мемлекеттік тапсырысты орындауға ниет білдірген жеке меншік клиникалар қарасы көбейді. Нәтижесінде қазір Қазақстан бойынша 1463 емдеу мекемесі халыққа тегін қызмет көрсетіп жатыр. Көмекті тіркелген мекен-жайға қарасты емханада ғана емес, жеке меншік клиникаларда да алуға болады. Тағы бір айта кетерлігі, тегін қызмет көрсететін жеке меншік клиникалар тек Астана мен Алматы сынды ірі қалаларда ғана емес, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында да көбейіп отыр.  

Сақтандыру шаралары мен ерте диагностика қатерлі ісік пен жүрек-қан тамыры ауруларының алдын алуға көмектесіп қана қоймай, республикалық бюджеттен жұмсалатын шығынды да қысқартуға көмектеседі. Себебі жоспарлы ем шұғыл медициналық көмектен әлдеқайда арзан. Мәселен, жүректегі қан тамырларын шунттау операциясы жоспарлы түрде жасалғанда 1,8 миллион теңгеге түседі. Ал, дәрігерге уақтылы қаралмаған науқасқа шұғыл көмек қажет болғанда ота құны 2 есеге артады.

Сондықтан зиянды әдеттермен күресіп, өз денсаулығын күту әркімнің өз қолында. Бүгінде шылымқорлыққа қарсы күрестің түр-түрі бар. Біреу тәуелділіктен арылу үшін никотин жолақшаларын тақса, енді біреу мотивациялық кітаптар оқиды. Мамандар пікірінше, адам темекіге тәуелділіктен қанша ерте арылса, оның өмірі де соншалықты ұзақ болмақ. 

Автор:
Шынар Әлжанова, "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ баспасөз қызметі