Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Оқушыларға кәсіптік бағдар берудегі Гете институтының ықпалы


24 сентября 2010, 02:41 | 1 145 просмотров


Бүгінгі таңда өз отандастарымыздың, сондай-ақ шетел авторларының кең тараған білім беру технологияларын оқып үйреніп, оны өз сабақтарына қолданбай сауатты педагог маман болу мүмкін емес.

Осы мақсатта мен 2004-2005 оқу жылынан бері Алматы қаласындағы Гете институтымен тығыз байланыс жасап, неміс тілі мұғалімдеріне арналған семинарларға үзбей қатысып келемін.

Гете институты дүние жүзінің барлық елдерінде орын тепкен Германия Федеративтік Республикасының Мәдениет институты. Сабақты іскер, жоғары дәрежелі мұғалімдер жүргізеді.

Айына бір рет өтетін семинарларда, жылына тоғыз рет, неміс тілі пән мұғалімдеріне сабақтарды әр түрлі әдіс-тәсілдермен өткізуге әдістемелік көмек, сабақта қолданатын қосымша материалдар, сондай-ақ іс жүзінде интерактивті әдістерді қолдануды үйретеді. Әр оқу жылына арнап Германиядан екі жүз евро мөлшерінде, бізге тегін, мұғалімдерге көмек ретінде әдістемелік құралдар мен оқушыларға арнал-ған көрнекі құралдар мен оқулықтар жаздырып береді. Сонымен қатар, неміс мәдениетін насихаттау мен мәдениет аралық тәжірибе алмасу мақсатымен алуан түрлі мәдени шаралар ұйымдастырып тұрады. Осындай мәдени шараларға мектеп оқушыларын қатыстырып отырамын. Мәдени шараларға қатысқан оқушылар неміс тіл ортасына еніп, таза неміс тілінде сөйлескен адамдарды тыңдай отырып, бір-бірімен сөйлесу дағдыларын дамытып, сабақта алған білімдерін шыңдайды. Осындай шаралардан кейін оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артып, Германия мемлекеті туралы деректерді интернет арқылы іздеуге, өз беттерінше шығармашылық жұмыс істеуге, ізденуге ынталанады. Неміс халқының салт дәстүр, мәдениетін, өнері мен өнеркәсібін білуге, спортшылары туралы мағлұмат алуға құштарлықтары артады.

Гете институтымен тығыз байланыстың нәтижесінде оқушылар кәсіби бағдар алып 2 оқушы Қайырлапов Шыңғыс және Алтынбек Гүлмамад, бүгінгі күні Абылай хан атындағы Қазақ Мемлекеттік Халықаралық қатынастар мен әлем тілдер университетінің неміс тілі факультетінде білім алып жатыр.

Жыл сайын немісі тілі мұғалімдерінің республикалық съезіне делегат ретінде қатысып отырамын. Бұл съезде республиканың түкпір-түкпірінен келген мұғалімдермен кездесіп, тәжірибе алмасамыз, семинар сабақтар өткіземіз. Бұл шаралар да мұғалім дәрежесінің кәсіби өсуіне зор ықпал етеді. Семинарларға қатысқанның нәтижесі ретінде оқу жылының соңында сертификат беріледі. Бұл сертификат сатыларға бөлінген. Осылай жылдан жылға өз білімімді тереңдетіп отырамын. Келешекте институт есебінен Германия мемлекетіне тәжірибе алмасу семинарына қатысу мүмкіндігім бар.

Сабақтарын қазіргі заман талабына сай өткізгісі келетін, өз білімін жетілдіргісі келетін және өз жұмысының нәтижесін көргісі келетін неміс тілі пәні мұғалімдеріне Гете институтымен байланыс жасап, мұғалімдерге арналған семинарларға қатысуына кеңес беремін.

Автор:
К.М.ЕРШІМАНОВА, №13 М.Мақатаев атындағы орта мектептің жоғары санатты неміс тілі пәнінің мұғалімі Іле ауданы, Алматы облысы