Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Жеті жасар жеңімпаз


24 сентября 2010, 02:42 | 5 750 просмотров



Қазақ шахматының келешегі зор! Бұл сөзді нық сеніммен айтуға болады. Гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов бастаған жастар легі халықаралық шахмат бәйгелерінде топ жарып жүр. Қазақ жастары әлемдік шаршы тақта сайысынан жүлдесіз оралмайды. Таяуда ғана әлемнің екі дүркін чемпионы Жансая Әбдімәліктің әдемі жеңісін сүйіншілеп, әлемге жар салған едік, бүгінгі кейіпкерімізге жеті жасар чемпион, алматылық Рамазан Жалмаханов айналып отыр.

Рамазан бүгінде қызу дайындық үстінде. Алда оны Грекияда өтетін әлем чемпионаты күтіп тұр. Намысты қолдан жіберуге болмайды. Рамазан сабақтан бос уақытының бәрін дайындыққа арнаған. Таяуда ғана ол Пекин қаласында өткен Азия чемпионатында жетінші, өткен жылы әлем чемпионатында 11-орын алған болатын. Ендігі биылғы мақсат - тек қана 1-орын болып отыр. Қазірдің өзінде Рамазан - өз жас категориясы бойынша әлемнің үздік 15 ойыншысының қатарына кіреді... Рамазан 8 жасқа дейінгі жас категориясы бойынша екі мәрте республика чемпионы атанды. Оның қоржыныда халықаралық бәйгелерден түскен медальдар да көп. Мәселен, Қырғызстанда өткен «Ыстықкөл - 2009» халықаралық шахмат фестивалінің жеңім-

пазы атанса, Ресейдің Бердск қаласында өткен «Маэстро - 2009» фестивалінің чемпиондық мәртебесін жеңіп алған. Ең бастысы, Рамазан өз-өзіне нық сенімді. Анасы Мәншүктің әңгімелеуінше, балғын шахматшы алғашқы республикалық фестивальдің чемпионы атанғанда, балабақшаға барудан бас тартқан екен. Ал әлем чемпионатына барарда, «чемпион атансам, мектепте оқымаймын» деп өзінің шартын қойған көрінеді. Рамазанның осындай қызықты қылықтары да бар екен. Қазір ол 1-сыныпта оқып жүр. - Әрине, жаңа мектепке барған бала үшін оқу мен шахматты қатар алып жүру өте қиынға соғады. Тіпті кейде ойлау қабілетіне зақым келе ме деп те қорқамын. Бірақ тіл-аузым тасқа, Рамазан әзірге оқуға да, шахматқа да жақсы. Әсіресе, математикадан беретін апайлары есепке жүйріктігін байқап үлгеріпті. Алда әлем чемпионаты келе жатыр. Үнемі жарыста жүрген бала үшін сабаққа тұрақты қатысу мүмкін емес. Мұндайда өз қатарластарын қуып жетуге біз боп, мұғалімдер боп күш салуға дайын отырмыз. Әрине, әрбір жарыс қаражатты, демеушілікті талап етеді. Әзірге демеушілерді өзіміз іздеп жатырмыз. Тәубе, қолы ашық азаматтар бар. Бұған дейінгі чемпионаттарда Жомарт Көшербаев, Қуанышбай Ердіхалықов, Жомарт Райымжанов сынды азаматтар қол ұшын беріп, үлкен демеушілік жасады. Ал Рамазанның Грекияға сапарын «Аралтұз» акционерлік қоғамының президенті Бауыржан Сарқытбаев қаржыландырып отыр. Аталған азаматтарға алғыстарымызды білдіргіміз келеді, - дейді Мәншүк, Рамазанның анасы. Рамазанның сүйікті фигурасы - патшайым (ферзь) екен. «Оның жүрісі көп. Аттың жүрісінен өзгесін қайталай береді, мүмкіндігі мол, қолыма да ыңғайлы» дейді балғын шахматшы. Қазір Рамазанға әке-шешесі ноутбук сатып әперген. Алайда өзге балалар сияқты ол компьютермен «Контр страйк», «Форсаж», «Мортал комбат» ойындарын ойнап отырмайды. Ноутбукта арнайы шахматтың электрондық ойыны енгізілген. Рамазанның қызығушылығы да осы. Үйде ойнайтын қарсылас табылмағанда, ноутбукты серік етеді. Ал ақыл-ой ойыны шаршатқанда, әкесі сыйлаған футбол добын теуіп кетеді. Рамазанның болашағы зор. Бапкері Ирина Буланова әлем чемпионатынан оралған соң оны дәреже көтеру ойындарына қатыстырмақ. Әйтпесе, әзірге шахматтан спорт кандидаттарын ұтып жүрген Рамазанның кандидаттық алуға әбден мүмкіндігі бар. Тек оған да қосымша қаражат қажет. Ал әзірге бар күшті әлем чемпионатының дайындығына салуда. Сәтін салса, Рамазан жеті жасар әлем чемпионы атанады.

Автор:
Нұрболат Аманжол