Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Елбасы биылғы жолдауында да денсаулық сақтау саласының мәселелеріне ерекше тоқталып кетті


26 октября 2018, 06:50 | 2 322 просмотра



Елбасы биылғы жолдауында да денсаулық сақтау саласының мәселелеріне ерекше тоқталды. Дәрігерлер жалақысын өсіру, ауыл медицинасының деңгейін көтеру сынды бүгінгі күннің өзекті тақырыптарының жолдауға арқау болғаны қуантады. Президенттің тапсырмасымен келер жылы Астанада Халықаралық ғылыми онкологиялық орталық салынатын болды. Біздің онколог мамандар қазірден бастап орталық жұмысына қажетті алғышарттарды дайындап жатыр десе де болады. Олар Америка, Түркия, Корея мен Еуропаның бірқатар елдерінде тәжірибе жинақтады. Яғни, біздің мамандарымыз болашақта аталған орталықта енгізілетін сәулелі, лазерлі, протонды терапия, иммундық емдеу, диагностиканың ең озық үлгілерін енгізуге дайындық жасап жатыр. Мәселен, әлемнің 57 елінде ғана пайдаланылатын протонды терапия посткеңестік кеңістікте мүлдем жоқ. Мамандардың айтуынша, бұл әдіс көз обыры, сүйек кемігі обыры, балалардың миындағы қатерлі ісік сынды сирек кездесетін ауруға шалдыққан 1600 пациентті емдеп жазуға, омыртқа мен ми обыры метастаз берген науқастарға көмектесуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жаңа онкологиялық орталықта иммунды терапия әдісі енгізіледі деген жоспар бар. Өкінішке орай, Қазақстанда бүгінде тек өкпе обырына шалдыққандарды ғана аталған әдіспен емдеуге мүмкіндік бар. Ал, әлем елдері қатерлі ісіктің тері обыры, меланома, мойын мен бас обыры сынды түрлерін иммундау арқылы емдеуді әлдеқашан жолға қойған. Жоспар бойынша, жаңа орталық жыл сайын 8000 пациентті қабылдай алады және мұның бәрі қазақстандықтар үшін тегін жүргізілетіні қуантады. Оған қоса, 2019 жылдан бастап онкологиялық диспансерлердегіқондырғылар паркін жаңартып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға қосымша 35 млрд теңге бөлінбек. Мұның мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға көмектесері хақ.

Қазіргі таңда елімізде онкологиялық ауруларды емдеу жақсы жолға қойылған. Жыл сайын қатерлі ісік тырнағына іліккен пациенттерді емдеуге бюджеттен 36 млрд теңге бөлінеді. Ал, онкологиялық ауруларды анықтауға бағытталған тегін скринингтік тексерулерге 4 млрд теңге қарастырылған.

20-қазанда сүт безі обырына қарсы күрес күні өтті. Осыған орай, еліміздегі барлық онкодиспансерлер ашық есік күндерін өткізді. Мақсат – аталған індетке жұртшылықтың назарын аудару, қатерлі ісіктің алдын алу. Өйткені, обыр – өлім-жітім көрсеткіші жағынан жүрек-қан тамыры ауруларынан кейін екінші орында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2020 жылға қарай аталған дерт тырнағына іліккендер саны 2 миллионға жетіп жығылуы мүмкін. Ал, Қазақстанда 163 мыңдай адам осы диагнозбен тіркелген. Өкінішке орай, олардың қатары жыл сайын 35-36 мың науқаспен толығып отырады. Жылына 15-16 мың адам обырдан көз жұмады. Онкология және радиология институтының мәліметінше, науқастардың 23 пайызы ғана аурудың бастапқы сатысында онкологтардың көмегіне жүгінеді екен. Алдын алса қатерлі ісікті емдеуге әбден болады. Сондықтан мамандар 30 жастан асқан әйелдерге 4 жылда бір рет жатыр мойны обырына, 40 жастан асқаннан кейін 2 жылда бір рет сүт безі ісігіне тексеріліп тұруға кеңес береді.

Әр әйел өзі тіркелген емханаға барып, маммографиялық тексеруден тегін өте алады. Егер қандай да бір ақаулар анықталып жатса екінші рет маммография жасатуға, ультрадыбыстық зерттеуден өтуге және биопсия тапсыруға жолдама беріледі. Бүгінде көптеген диагностикалық процедуралар тегін жасалады. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек бар, үкіметтен қосымша қаражат бөлінетін арнайы скринингтерге де бар. Егер ультрадыбыстық зерттеу нәтижесінде күмәнді белгілер анықталса, КТ, МРТ жасатып, нақтылау қажет болады. Өкінішке орай, жұртшылық мұның бәрін жылына бір рет тегін жасатуға болатынын біле бермейді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік».

 

Автор:
Тілеухан Әбілдаев «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры